• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 23:50:03
Алматы
+35°

02 Сәуір, 2018 Ғылым-білім

Мынау – менің білгенім (латын жайлы)

Латыннан артық қалған 7 әріптің кейбірі қазақтың таңбасыз қалған немесе көптаңбалы болып тұрған тоғыз дыбысының мазмұнын ашпайды.

Қазақтың жаңа әліпбиіне негіз болатын сипырлы төрт нұсқаның (Қазақ – 28, Ағылшын – 26, Кириллица – 42, Түркі – 34) ішінен төл 28-ді таңдап, оны пернетақтадағы 26-ға қалай сыйдыру бүгінгі күннің басты мәселесі. 28 төл дыбысты бейнелеуге лайық латынның 19 таңбасын жоба ұсынғандардың барлығы қолдайды. Мына 9 дыбысқа келгенде ұстаным әр түрлі Ә, Ө, Ұ, Ү, І, Ғ, Ш, Ң, У. Мәселен, «Ә» дыбысын А, Ä, Аһ, A', Ә – деп бес түрлі белгілейді. Ал «Ң» дыбысын Ń, Hh, Ň, Ņ ŋ – деп төрт түрлі белгілейді. «Ш» дыбысын С, Ş, W, Ś, Sh – деп бес түрлі белгілейді және т.б. Тоғызының да төрт-бестен таңбасы бар.

Әріп пен дыбыстың арасы шартты десек те, латыннан артық қалған 7 әріптің кейбірі қазақтың таңбасыз қалған немесе көптаңбалы болып тұрған тоғыз дыбысының мазмұнын ашпайды. Оның үстіне, бізге жаһанды жалпағынан басу үшін жасанды таңбасы жоқ, жал-құйрығы күзелген, бас-аяғы түртілмеген таза әліпби керек – деппін (фейсбукте 02.05.2017 жылы).

Ал бүгінгі күні сол тоғыз дыбыстың әрқайсысын жеке-жеке тереңірек қарастыруымыз керек. Мәселен, «у» дыбысын алайық. Бұл дыбыс тіл білімі ғылымында жасалу орны, тілдегі қызметі, қолданылу жиілігі, шығу төркіні жағынан жан-жақты қарастырылған. Енді оның қазақ жазу тарихындағы таңбалануы, өзге түркідегі жайы, сөз ішіндегі тіркесімділігі, орны, латын  қарпіндегі елдердің бұл дыбысты таңбалау тәжірибесі деген сияқты мәселелерді зерттей түсу қажет. Бұндай зерттеуді қалған ғ, ш, ң дауыссыздарына да жүргізу қажет.

Меніңше, ә, ө, ү, і дыбыстарына пернетақтадан орын іздеп керегі жоқ, таппайсыз. Олардың басын әрі түртіп, бері түртіп (А', Ä) немесе қосақтап (АЕ) әуре болдық. Одан да тарихқа, тәжірибеге жүгінейік. А.Байтұрсынұлы қазақ жазуының тарихында «төте жазу» деген атпен 1929 жылға шейін қолданылған өз әліпбиінде дауыстылардың сөз ішінде бірыңғай жуан немесе бірыңғай жіңішке айтылу заңдылығына сүйеніп, олардың жуан-жіңішке түрлерін бір-ақ таңбамен беріп, сөз алдына дәйекше қойып отырғаны белгілі. Қазір бізге пернетақтада тек жуан дыбыстарды ғана белгілеп, бірақ мониторға немесе принтерден қағазға олардың жіңішке нормаға сай дұрыс жазылу нұсқасын шығарып беретін сингармонизм заңына сүйенген электрон бағдарлама керек. Мәселен, Alypbi деп тереміз. Ал ол бағдарлама арқасында бір нүктені басу арқылы немесе автоматты түрде мониторға Әlÿpbi немесе Аlÿpbi болып шығады, қағазға да солай басылады. Сонда төрт жіңішке дауысты дыбысқа пернетақтадағы 26 таңбаның ішінен жеке таңба іздеп жатпаймыз. Олар жуан дауыстылардың таңбасымен теріледі, бірақ көзге сингармонизм заңына негізделген бағдарлама арқылы өзгертілген жеке таңба ретінде көрінеді. Қолмен жазғанда, қағазда, әліппеге басқанда, әліпби тізбесінде жеке таңба ретінде тұрады. Тіпті оларды жаңа әліпбиде көз үйренген Ө,Ә күйінде қалдыра берсе де болады, өйткені пернетақтада олар жуан нұсқасымен ғана теріледі. Қазіргі  жастар бір-бірімен хат алмасқанда амалсыз солай қолданып та жүр. Қазір ХХІ ғасыр. Ақаңның кезіндегідей әріптерді қорғасын қалыпқа құятын кез емес, қазір компьютерге жақындап сөйлеп берсеңіз, сөзіңізді термей-ақ өзі басып шығаратын бағдарламалар жасалады. Желінің арғы басынан жіберілген жобаны өзіңнен дайын зат күйінде шығарып алатын 3Д принтерлердің заманы келді. Енді сипырлы Қазақстанға айналамыз деп қыруар қаржы жұмсағалы жатқанда, өткен ғасырдағыдай әріптерді қосақтап немесе қолмен екі басып таңбалап, механикаға бет қоюымыз естіген елден ұят болар. Сондықтан Іt мамандардың бүгінгі міндеті – қазақ тілінің үндестік заңына арнап бағдарлама жасау. Яғни, Ақаңның кешегі дәйекшесінің қызметін бүгінгі электрон бағдарламаға жүктеуге кірісу.

Енді бір қызық жайт, ұсынылып жатқан ресми жобалардың барлығында да өзге тілдің жүйесіндегі таңбалар жүр. Әр ұлттың ұлттық әліпбиінде төл дыбыстары ғана таңбаланады емес пе?! Бұрынғы зорлықпен танылған қырық екі таңбалы әліпби біздікі емес еді ғой. (42-28=14). Әліпби ұсынушылар Он төрт таңбаның ішінен біресе анаусын, біресе мынаусын қимай жүр. Бірін алып, бірін қалдыруда еш ғылыми принцип жоқ. Олардың он төрті де өзге тілдің жүйесіндегі әріптер.

Сонда өзге тілден енген сөздерді қалай жазамыз дер біреулер. Алатын сөз солардың бірінің сөзі болған соң, ағылшын мен орыс қалай жазса, солай жазамыз. Оған несіне басымыз ауырады. Біз орыстың бар дыбысын әліпбиімізге кіргізіп алып, солардың болашақ емлесін қоса жасап бермейтін шығармыз. Олар да шетелге шыққанда аты-жөндерден немесе жер-суының атауларын халықаралық стандарттармен латынның 26 қарпімен-ақ транслитера́циялап отыр ғой. Басында соны пайдаланармыз, сосын Москваны-Мәскеу, Россияны-Ресей, Пекинді-Бейжің деген сияқты өз дыбыстық жүйемізге біртіндеп ыңғайлай береміз. Шама жеткенін аударамыз, қазақша жаңа сөз тудырамыз. Бұның бәрі әліпби бекітілгеннен кейінде ұзақ мерзімге тоқтаусыз өмір бақи жалғаса беретін жұмыстар емес пе?

Ал қазақ әліпбиінде қазақтың төл дыбыстарына ғана орын берілуі керек.

 

кирилше

латынша

1.                   

А

A

2.                   

Ә

                 Ә немесе À

3.                   

О

O

4.                   

Ө

Ө немесе Ò

5.                   

Ұ

-

6.                   

Ү

Жуаны белгілі болғанда

7.                   

Ы

Y

8.                   

І

Ь немесе ý

9.                   

Е

E

10.                

Қ

Q

11.                

К

K

12.                

Ғ

13.                

Г

G

14.                

Д

D

15.                

Т

T

16.                

С

S

17.                

З

Z

18.                

Ш

19.                

Ж

J

20.                

Л

L

21.                

М

M

22.                

Н

N

23.                

Ң

24.                

Р

R

25.                

И

I

26.                

У

27.                

Б

B

28.                

П

P

 

Өзі 300 жоба деп далбитып жүргеніміз осы 4-5 таңбаның төңірегіндегі әңгіме емес пе? Сондықтан әркім реформатор болуға ұмтылмай, жан-жаққа тартып «аққу, шортан һәм шаян» болмай, бәріміз жұмылып, кестедегі ашық тұрған 5 дыбысқа (ұ, ғ, ш, ң, у) мына қалған латын таңбаларының ішінен әріп белгілейік. (W, F, H, X, V, C, U)

Қазір біз http://latyn.mtdi.kz сайтында У дыбысын талқылап жатырмыз. Соған ат салысайық!

Бижомарт Қапалбек,

тіл маманы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір