• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 20:38:51
Алматы
+35°

13 Қараша, 2017 Аймақтар

Мейірімге толы шаңырақ

Орал қаласының Зашаған кентінде орналасқан балалар ауылында  үш жарым жастан 18 жасқа дейінгі 73 бала тәрбиеленуде

 

«Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» партиялық жобасы аясында құрылған Батыс Қазақстан облысындағы  сарапшылар тобы отбасылық үлгідегі балалар ауылына барып, бүлдіршіндердің жағдайларымен танысты.

 Орал қаласының Зашаған кентінде орналасқан балалар ауылында  үш жарым жастан 18 жасқа дейінгі 73 бала тәрбиеленуде.  Оның 16-сы жетім бүлдіршіндер болса, қалғаны – ата-ананың  қамқорлығынан айырылғандар.  Он шақты зәулім үйдің әрбіреуінде  7-8 баладан тұрады. Мұндағы балалар жалпы орта білім беретін  қалалық  №20, №30 және  №13 мектептерде білім алуда. Сондай-ақ өткен жылы балалар ауылының 18-23 жастағы түлектері үшін арнайы Жасөспірімдер үйі ашылған болатын. Аталмыш үйде балалар үйінің түлектері немесе   арнаулы, жоғарғы  оқу орнын бітіріп, жұмысқа кіріскенше тұра алады. Бүгінгі таңда бұл үйде 11 жасөспірім  орналасқан. 

- Бұл мекемеде екі жылдан бері қызмет атқарып келемін.  Балаларға отбасылық жылу мен тәрбие  беріп, қоғамда өз ісіне жауап бере алатын тұлға ретінде қалыптастыру үшін еңбектеніп келеміз. Балалар ауылында  ұстаздармен бірге   психолог, логопед, дефектолог, диетолог  мамандары да қызмет етеді.  Мемлекет тарапынан балалардың күнделікті тамағы  мен маусымдық  киімі қамтамасыз етіледі. Мұнда балалардың  басты тәрбиесімен ана тәрбиеші айналысады.  Ана тәрбиеші  аптасына бір күн ғана  демалыс ала алады. Талап бойынша олардың жеке өмірі мазаламауы керек  және он сегіз жасқа дейінгі балалары болмауы қажет. Тәулік бойы өзіне сеніп тапсырылған бүлдіршіндердің ішер тамағын, киер киімін қадағалайды. Ана тәрбиеші демалысқа кеткенде орнын апа тәрбиеші алмастырады. Мұндағы балалардың барлығы дерлік үйірмелерге қатысады.  Кітапхана, акт залы,  медициналық  кабинет, шағын спорттық жаттығу бөлмесі, шығармашылық бөлме, релаксациялық бөлме үздіксіз балаларға қызмет атқарып тұрады. Алайда бір өкініштісі, балалар ауылында спорттық алаң жоқ. Балалар жазда сыртта жүгіріп жаттықса, қыста  шаңғы, коньки тебеді. Волейбол, баскетбол, футбол секілді спорттық ойындарды ойнауға мүмкіндік жоқ, - дейді  аталмыш мекеменің  директоры Сағыныш  Өтебалиева.

Зәулім үйдің қай-қайсысына кірсең де, тап-тұйнақтай  жиналған сөрелер мен қыры шығып тегістелген  төсек орнына куә боласыз. Балаларға бауырсақ пісіріп жүрген Шынар есімді ана тәрбиешіні сөзге тарттық. Ол  бұл мекемеде 2003 жылдан бері  қызмет атқарады екен. 

-Қазір бұл үйде сегіз жан тұрамыз. Жуырда кішкентай қыз баланы жанұяға  асырауға алып кетті. Мүмкіндігімше  балаларымды өмірге икемдеп шығарғым келеді.  Әсіресе, қыздарым  кір жуғанда, тамақ пісіргенде қасымда көмектесіп жүреді. Сондай-ақ іс тігу, қолөнер секілді түрлі үйірмелерге қатысады. Балалар үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Олар  бес мезгіл тамағын ішеді. Оқу  бітіріп кеткен түлектерім Қазақстанның  әр қаласында білім алуда. Айта кетсек, өткен жылы жалпы орта білім алған  Алмас есімді түлегім Алматы қаласында оқып жүр.  Қысқы демалыста келіп кетті. Оқу бітіріп кеткен түлектерім мұндағы балаларға  хабарласып, конкурстарға қатысса, ағалық, әпкелік  көмектерін беріп жатады. Тұрмысқа шыққан қыздар бір-біріне қонаққа барады.  Мені де  мейрам күндері «Анашым» деп  хабарласып, құттықтап жатады. Балаларымның оқу үлгерімдері  жақсы, - дейді Шынар Саматқызы.

Сол сәтте ана тәрбиешісімен бірге тамақ дайындап  жүрген бойжеткен қызға көзіміз түсті. Ақжарқын қыздың есімі Гүлжанель екен. Екінші сынып оқып жүрген кезінде  анасы қайтыс болған. Содан  осы мекемені жағалаған.

- Әкеме бізді өсіріп бағу қиынға соқты. Ана тәрбиешіміз бізге кір жууды, тамақ пісіруді, киім тігуді, үтіктеуді, банка жабуды үйретті. Үлкен әпкем Алматы қаласында магистратурада оқып жүр. Ал ағам М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін қызыл дипломмен бітірмекші. Оқу бітірген соң әпкем мені Алматыға алып кетеді. Болашақта тілші болғым келеді, - дейді Гүлжанель.

Кездесу соңында  облыстық маслихаттың депутаты Ляна Тұрсынова аталмыш мекеменің директоры Сағыныш Жамбылқызына  балаларға берілетін тағамдардың  бекітілген мәзірге сай дайындалуын жіті қадағалауды тапсырды. 

Гүлім АҚАП,

Батыс Қазақстан облысы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір