• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 04:39:47
+35°

21 Сәуір, 2018 Аймақтар

«Mercury Propertіes» ЖШС-нің директоры «Жас­тар үйіне» демеушілік етті

Алматыдағы «Mercury Propertіes» ЖШС-нің бас директоры Р.Қасы­мов «Жас­тар үйіндегі» тәрбиеленуші жас­тарға жаттығу залын қымбат құрыл­ғылармен жабдықтап берді

Алматыдағы «Mercury Propertіes» ЖШС-нің бас директоры Р.Қасы­мов Наурыз мерекесіне орай «Жас­тар үйіндегі» тәрбиеленуші жас­тарға жаттығу залын қымбат құрыл­ғылармен жабдықтап берді.

Әлеуметтік мекемелердің түлектерін бейімдеу және қолдау орталығы 2006 жылдан бері «Жастар үйі» деп атауын өзгерткен болатын. Мекемеде тағдырдың түрлі тауқыметімен жетім, ата-ана қам­қорлығынсыз қалған балалар үйлерінің түлектері тәрбиеленуде. 16-17 жастағы балалар мұнда баспанамен, біліммен қамтамасыз етіліп, кәсіби бағдарын анықтауға, өмірден өз орнын табуға жол салады.

Олар Наурызды биыл да дүбірлете тойлады. Ырыстың, береке мен бірліктің, жаңғырудың мерекесі саналатын Наурыз мейрамына Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясының дирек­торы Д.Уәш, Қазақстан Республи­касының Халық әртісі Н.Нүсіпжанов, «Қоғамдық ке­лісім» мемлекеттік мекемесінің дирек­торы Ж.Мұрынова, Әуезов аудандық Тілдерді дамыту және мәдениет басқар­масының басшысы Б.Қуанышев және тағы да басқа қонақтар келіп, ақ тілек, оң баталарын берді.

Дүбірлі той  «Mercury Propertіes» ЖШС-нің бас директоры Р.Қасымовтың демеушілігімен жабдықталған жаттығу залының салтанатты ашылуымен бас­талды. Наурыз-думанға келген қонақтар мекеме жастарының сан қырлы өнерлерін тамашалап, қазақтың салт-дәстүрлерінің бірі – тұсау кесу рәсіміне куә болды. Түтінін будақтатып, қазан-ошақтың астына от жаққан мекеме жастары далада құрылған алтыбақанға да уақыт тауып жатты. Келген қонақтар киіз үйдің дастарханындағы ұлттық тағамнан ауыз тиіп, наурыз көжеден дәм татты.

Аталған мекеменің басшылығына өткен жылы Ләззат Шайкенованың келуімен көптеген игі іс жаңаша қарқын алған. Жетім көрсе, жебеп жүретін қанымыздағы салтқа берік атымтай жомарттар бұл мекемеге жиі бас сұғып, тәрбиеленуші жастарға компьютер, теледидар алып беріп, олардың жұмысқа орналасуына көмектесе бастаған.

Жаңа басшы өзімен бірге жаңа леп ала келді деген мекеме қызметкерлері мұндағы тәрбиеленушілердің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында ай­тылған «Жалпыұлттық қасиетті орын­дарды» аралағанын да айтты.

– Балалар орталықта 29 жасқа дейін болады. Бұл жерден олар толық білім алып, белгілі бір мамандыққа бейімделіп, жұмысқа орналасады. Соңғы 4 жылда Үкімет пәтермен қамтамасыз етуде. Енді жетім балалар да белгілі бір жеңілдікпен үй ала алады. Балалар үйінде кәмелеттік жасқа толмай тұрып, егер әке-шешесінің қалдырған үйі болмаса, Алматы қаласы Тұрғын үй басқармасында кезекке қойылады. Ол кезекті әлеуметтік педагогтар ай сайын бақылап отырады.  Егер бір отбасының үш баласы осы мекемеге түсіп, әке-шешесінен үй қалмаса, мемлекет үш балаға да жеке-жеке үй береді, – деді «Жастар үйінің» директоры Ләззат Шайкенова.

Бүгінде «Жастар үйінде» барлығы 213 тәрбиеленуші мен тұрғын бар. Оқу орын­дарында оқитын 17–23 жас аралығындағы түлектер «Жасөспірімдер үйіне», ал жұмыс істейтін 20–29 жасқа дейінгі түлектер «Жастар үйіне» қоныстан­дырылған. Оның ішіндегі 72-сі студенттер. Жоғары оқу орындарында – 26, колледжде – 46 тәрбиеленуші оқып білім алуда.

Мұндағы тәрбиеленуші жастар өмірде өздеріне ғана сеніп өмір сүреді. Кейде оларды Үкіметтің балалары деп те жатады. Өйткені, олардың 29 жасқа дейінгі қолдаушылары – Үкімет. Яғни мемлекет тарапынан жетім балаларға ай сайын стипендия беріледі, жылдың төрт мезгіліне қажет киім-кешекке ақша бөлінеді.

Дегенмен, осындағы тәрбиелену­шілерге қарап, өмірдегі нағыз бақыт – кейде өзіміз қадіріне жете бермейтін ата-анамыздың ыстық алақаны мен жылу­лығында, алыс-жақын туған-туысқанымыз бар отбасылық өмірде екенін анық түсінесіз.

– Мұндағы балалар үлкен отбасым, туысқаным көп болса деп армандайды. Топ болып өмір сүргенімен, олардың әрқайсысы қайдан шыққанын біліп отыр ғой, сондықтан ата-әжем болса екен дейді. Өйткені, адам өмірде жалғыздықтан жалығады, – дейді «Жастар үйінде» он жеті жылдан бері қызмет істеп келе жатқан аға тәрбиеші Маржан Таутенбаева.

Бұл балалар адамға бетің бар, жүзің бар демей, ойындағысын ашық айтады. Сізді ұната ма, ұнатпай ма, оны да көзіңізге тура қарап тұрып тарс еткізеді. «Ұят-ау» деп қымсынып, жан-дүние­сіндегіні жасырып қалу оларға тән емес. Егер сізді жақсы көрсе, үлкен армандарын да сізбен бөлісуге дайын.

«Жастар үйінен» түлеп ұшқан жастар­дың жеке кәсіптерін ашып, өз еңбек­терімен пәтер сатып алғандары да бар. Үш тілді жақсы меңгерген жастар әуежайда жұмыс істейді, Америкаға кеткендері де бар. Тіпті, мұндағы Вова есімді орыс баласы исламды қабылдаған.

Соңғы кездері интернеттің жақсы дамуына байланысты ата-аналарын іздеп тауып жатқан балалар да көп көрінеді. Сондағы мақсаттары – олар өздерінің қайдан шыққанын, тегін білу. Әке-шеше­сін тапқандары қонаққа барып келуден ары аспай қалатын көрінеді. «Сынған шыны бірікпейтіні» секілді, олардың да ата-аналарымен арадағы қарым-қатынас біріксе де, сызық қалып қалған…

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір