• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 04:29:14
Алматы
+35°

16 Қаңтар, 2018 Әдебиет

«Мен кәркісімін, бірақ азат Отаны бар кісімін»

Секе, Тәуелсіз еліңізде еңбек еттіңіз, «кәркісі» болдыңыз, «бірақ азат Отаны бар кісі» болдыңыз жəне оған канағат еттiңiз...

Бұл – ақын Серік Қапшықпайұлының сексеннің сеңгірінде тұрып оқыған өлеңі болатын. Төрт жыл бұрын Алматыда – Жазушылар одағының сахнасында заңғарға шыққан серкедей мүйізі әйтіктеніп, қасқайып тұрып оқып еді осы өлеңін. Жұрт дүр сілкінген.

"Киім түрін таңдасаң, қоңырынан деуші едің,

Соныңды енді ойласам, жаның екен ол сенің.

Етік түрін таңдасаң, берігінен деуші едің,

Соның енді ойласам, жаның екен ол сенің".

Осылай желкілдетіп, желпілдетіп басталатын ұзақ дастанды Секең досы Тоқтарқан Жекібайға арнаған болатын. Шын мәнінде Серік Қапшықпайдың өзi осындай көркем мінезді, еркi берік, қайсар, төзімді жан еді.

"Менікі ме құбыла?!

Менікі ме құба таң?!

Менікі ғой күн мына,

Менікі ғой бұл Отан", – деп тебiренетiн ақын.

Жоғалтып алған бақытын, айрылып қалған қымбатын бір сәтке тауып алып, кеудесіне батыра құшақтап, тағаты таусыла айғайлаған куанышты жанның дауысы келеді құлағыңа. Ол – айрылып қалған азаттығын, көз жазып қалған Отанын қайта тапқан, құшағына қапсыра құшқан жанның – ақынның даусы еді.

Иә, Секе, мынау атқан азаттықтың құба таңы да, қазақтың азат ұлы Отаны да сіздікі: ешкімнің таласы жоқ, Секе!

Шыңжаңның Шәуешегінен шыққан Омарғазы Айтан, Задақан Мыңбай, Серік Қапшықпай деген кісілер Шыңжаң қазақ поэзиясының мектебін қалыптастырған, бір дәуірін жасаған құбылыс еді. Бұрынырақ та Омарғазы Айтан, өткен жылы Задақан Мыңбай қайтты өмірден. Енді бүгін Серік Қапшықпайдың да ақын жүрегі соғуын тоқтатты.

"Уытын жайып ісікше,

Біреудің асса атағы.

Атағым менің күшікше.

Үйшігінде жатады",

- дегені бар еді Секеңнің. Тынбай өз жүрегімен сырласып, тынбай өлең өрумен ғана өмір сүрді Секең. Сексеннің сеңгіріне келгенше атағын алдыға сүйреп, арпалысқан жан емес еді ол. Көркем мінезді Секең жасаған поэзия қазақ тілінің сұлу құбылысы – мінсіз өлеңдер  Серік Қапшықпай атағын үйшікте қалдырмас. Тәуелсіздік нығаяр, "Халық ағарар",  Казақтың көркем тілі үстемдік құрар. Сол кезде Серік Қапшықпай жасаған көркем мұра да, жалауын желбіретіп тұғырында тұрар.

Секе, Тәуелсіз еліңізде еңбек еттіңіз, "кәркісі" болдыңыз, " бірақ азат Отаны бар кісі" болдыңыз жəне оған канағат еттiңiз... Жаныңыз жәннатта болсын! Сіз сүйген Отан мәңгі болсын!

Жаназаңызда сапта тұрып, Шəкiртiңiз, ініңіз: Алмас Ахметбекұлы.

(Суретте "Тарбағатай" журналының редакторлары: Серік Қапшықбай, Құмар Демесін, Алмас Ахметбекұлы)

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір