• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 21:21:35
Алматы
+35°

07 Қазан, 2017

Мемлекет және қоғам қайраткері Ләйлә Ғалиқызы өмірден озды

Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің мәдениет бөлі­мінің меңгерушісі (1959-1977)

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, мемлекет және қоғам қайраткері  Ләйлә Ғалиқызы дүниеден озды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Мәдниет және спорт министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол еңбек жолын актрисалықтан бастап, сценарист, телевидение режиссері, Қаз ССР кинематография жөніндегі Мемлекеттік комитеттің төрайымы, Мәдениет министрінің орынбасары, (1977-1981) Министр лауазымдарын абыроймен атқарды.

Ләйлә Ғалиқызы Ғалымжанованы ақтық сапарға шығарып салу шарасы Алматыдағы Жамбыл атындағы филармонияда дүйсенбі күні сағат 10:00-да өтеді.  

Ләйлә Ғалиқызы Ғалымжанова - Қазақстан актрисасы, сценарийші, телевидение режиссері.

1924 жылы Петропавл маңында туған, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, мемлекет және қоғам қайраткері.

Әкесі репрессияға ұшырап, анасы сырқаттан ерте қайтыс болды. Ләйлә Ғалиқызы туыстарының үйінде тәрбиеленген.

Мәскеуде БМКИ-де (Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты) білім алған. Оқу бітірген соң Алматыда Жас көрермендер театрына қабылданады. Алайда театрда көп тұрақтай алған жоқ. Ол Әдебиет және өнер институтына аспирантураға оқуға түсіп, Мұхтар Әуезовтен тәлім алады. Алайда бұл оқу орнынан да түрлі себептермен шығып қалады.

Кинодағы дебюті "Алтын мүйіз" фильмінен басталады. Осы фильмге түсіп жүрген кезінде лейтенант-артиллерист Зия Абдоллаұлы Қарауловқа күйеуге шығады. Екеуі ұзақ жылдар бойы – 2001 жылға дейін бақытты отбасы сүріп келді. Бір ұл, бір қыз өсірді.

Алғашқы рөлден кейін актрисаны киностудияның сценарлық бөліміне редактор етіп шақырады. Қызмет ат­қара жүріп жазған «Жоғары дәрежелі қызмет» деген сценарийі жабық байқауға түсіп, екінші жүлдені жеңіп алады. Коллективтегі қарым-қатынастарда келеңсіз жағдайлар (интрига) болмасын деп автор өз туындысын «Тәжікфильм» киностудиясына қоюға береді. Қайта осыдан кейін бұл шешімді сатқындық деп есептегендер де табылып, әрі қарай жұмыс істеуге мүмкін болмай қалады. Сценарий жаза алатындығына сенген Ләйла Ғалиқызы тағы сценарий жазуға отырады. «Шеттегі кеш» атты сцена­рий жазып бітіреді. Бір топ әңгімелер жазып М.О. Әуезовке ұсы­нады, оқып шыққан ұстаз: «Сенің қолың жеңіл. Сөз­дер­ді дұрыс қолданасың, олардың нақты орындарын таба білесің. Кейіпкерлерің сенім туғызады, олар ұнамды. Жаз!», – дейді…

Ләйла Ғалымжанованы өмір қызмет сатыларымен арбап әкете береді. Жаңа бас көтеріп келе жатқан Қазақ телевизиясының алғашқы бас режиссері қызметіне тағайындалады, кейін Мәдениет министрінің орынбасары, Министрі. Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің мәдениет бөлі­мінің меңгерушісі (1959-1977), Кинематография жөніндегі Мемлекеттік комитеттің төрайымы (1977-1981) болды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір