• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 13:49:42
Алматы
+35°

17 Наурыз, 2018 Денсаулық

Медициналық орталықтың тұсауы кесілді

Алматы облысына қарасты Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында «Назар мед» деп аталатын су жаңа медициналық орталықтың тұсауы кесілді.

«Дені саудың жаны сау» дейміз. Айтуға жеңіл сөз, бірақ төркініне көп үңіле бермейтініміз анық. Неге? Өйткені, денсаулықтың қадірін бас ауырып, балтыр сыздағанда ғана білетін жаман әдетіміз бар. Ауырмайтын адам жоқ, бірақ кез келген дерттің бір шипасы болады. Өткен аптада Алматы облысына қарасты Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында «Назар мед» деп аталатын су жаңа медициналық орталықтың тұсауы кесілді. Оған елге белгілі тұлғалар, зиялы қауым өкілдері, медицина мамандары, өнер жанашырлары келіп қатысып, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі. Аудан әкімі Әділбек Қамбарұлы мен Елбасының сыныптасы Рая апа қызыл лентаны қиды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.   

Айтпақшы, Президентіміз Н.Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады», – деп айтқаны баршамызға белгілі. Осы сөздің айқын дәлелі ретінде, жаңадан ашылған «Назар мед» орталығы халықтың денсаулығы үшін қызмет етпекші.

Сонымен, бұл орталық басқа медициналық орталықтардан несімен артық? Алдымен, соған тоқтала кетсек!

«Назар мед» медициналық орталығының ең бірінші ерекшелігі - Шығыс-Тибет медицинасының дәстүрлі емдеу тәсілін қолданады. Екінші – орталықта қазақ халық медицинасының кейбір ем-шарасы жасалады. Үшінші – «Назар мед»-тің Бас дәрігері Қытай медицинасының білікті маманы – Нұргүл Рамазанқызы. Ал орталық басшысы жас кәсіпкер – Қадір Рахматуллаұлы.

«Назар мед»-те Шығыс-Тибет медицинасының ем-домынан бөлек, мұнда заманауи емдік тәсілді қолданатын, өз ісін жетік меңгерген 15 адам қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, Алманиядан арнайы шақыртырылған физиотерапевт Томас Хёлцел өзінің әртүрлі медициналық құрылғылары арқылы дертіне шипа іздеген жандарға көмек көрсетеді.

«Назар мед» медициналық орталығындағы Бас дәрігер Нұргүл Рамазанқызы Шығыс-Тибет медицина тәсілімен ағзадағы ауруды тамыр ұстау арқылы анықтап, табиғи дәрілік шөптерді пайдалана отырып емдейді. «Тамырды ұстаған сәтте, адамның жүйке-жүйесін аралап, жүрегін тыңдай аламын» - деді ол. Тіпті, адамның бет пішініне де қарап аурудың құпиясын аша алатын өнері бар. Нақты айтқанда, мекемеде бас, ми, жұлын-жүйке аурулары мен жүрек қан тамырларының бұзылуы, қалқанша без, тыныс алу, ас қорыту, бауыр, буын және омыртқа, протрузия, грыжа, зәр шығару жолдарының аурулары, сонымен қатар, бедеулік, белсіздік, простатит, терінің түрлі аурулары, псориаз сынды дерттері бар науқастар келіп, сапалы ем қабылдай алады. Бұдан бөлек, орталықта сүйек сынығымен келгендерді отасыз айықтыру тәсілдері де қарастырылған.

Емдеу тәсілдері де өзгеше: ине салу, биоток, xиджама, массаж жасау және табиғи дәрілік шөптерді пайдаланады.

Бір қуантарлығы, «Nazar Med» орталығында толық тексерілудің құны 2000 теңгені ғана құраса, кішкентай бүлдіршіндерге, қарттар мен ардагерлерге түрлі жеңілдік ойластырылған. Яғни, бұны Елбасының Жолдауында жүктеген «Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс.», – деген тапсырмасы бойынша жұмыстардың жүзеге аса бастағанының бір айғағы деп түсіндірді мамандар.

тұсаукесер

Тұсаукесерден кейін біз Бас дәрігердің өзімен жақын таныстық. Нұргүл Рамазанқызы Қытайдың қазақтар жиі қоныстанған Іле аймағына қарасты Текес ауданында дүниеге келіпті. Жоғары білімді Шаңхай психология институтының Шинжаңдағы бөлімшесінен алған. Оны бітірген соң Шинжаң медицина университетінде бір жыл қызмет еткен. Кейін, 2008 жылы ол өзінің біліктілігін жеке-дара сынап көру мақсатында, өз алдына медициналық орталық ашқан. Шинжаң бойынша өткен халықтық медицина тәсілімен ем-дом жүргізетін дәрігерлер арасында тамыр ұстап емдеу бойынша жас маман бірден көзге түсіпті. Сол жолы ол жапон мен Американың білікті дәрігерлерінің назарына ілінген. Тамыр ұстау арқылы кез келген ауруды дәл табатын қасиетке ие.

Нұргүл Рамазанқызы 2012 жылы Атажұртқа оралыпты. Алматыда халық медицинасының магистратурасын оқып, дипломын қорғап шыққан. 2014 жылдан бастап ол халық емшілерінің арасында тамыр ұстап диагноз қою сайысында бір емес, үш рет жеңімпаз болған. 2015 жылы Астанада өткен халықаралық конкуурста, яғни ауруға психологиялық талдау жасап, емдеу сайысында тағы да бас жүлдені жеңіп алды. Мұның бәрі Нұргүлдің алған білімінің жемісі және бойындағы емшілік қасиеті. Осы жеңістерден кейін оған Америкадан, Түркия мен араб елдерінен шақырту түскен. Бірақ ата-бабасының кіндік қаны тамған жерін сағынып жеткен қыз шақыртудың бәрінен бас тартып, өз кәсібін қазақ топырағында жалғастыруды өзіне мақсат еткен. Бүгінгі ашып отырған «Назар мед» медициналық орталығы – соның дәлелі.

Жарас ШӨКЕ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір