• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 14:19:44
Алматы
+35°

16 Қаңтар, 2018 Саясат

Мәжіліс депутаты: Қазақстанда «Жасыл экономикаға» көшу қадамы байқалады

Алдымызда Қазақстандағы баламалы қуат үлесін 30 пайызға жеткізу міндеті тұр.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттің бәсекелестік жағдайда даму қарқынын үдету қажеттігін жеткізді. Сондықтан мемлекет дамуы үшін 10 бағытты жүзеге асыру қажет болып отыр. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев айтты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Baq.kz-ке сілтеме беріп.

«Негізгі он бағыт нақтыланған Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауының ең басты идеясы да осында. Бағамдап қарасаңыз, дүниежүзінің өркениетті елдерінің жаңартылған энергия көздерін, яғни, баламалы қуат көзін игеруге көшіп кетуінің астарында үлкен мән жатыр. Әсіресе, Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, АҚШ елдерінде бұл үрдістің айрықша жолға қойылғаны да назар аударарлық жағдай. «Жасыл экономикаға» көшу жолындағы қадамдар біздің Қазақстанда да байқалып отыр. Өткен жылы ғана әлемнің 119 елі мен 22 халықаралық ұйымының ғылыми қауымдастығымен бірге, төрт миллионға жуық адамды ортақ алаңда тоғыстырған ЕХРО–2017 көрмесі «жасыл» технологиялардың отандық экономикаға ену процесін одан әрі жетілдіре түсті. Мұның барлығы сайып келгенде, табиғи ресурстарға деген ғаламдық деңгейдегі мұқтаждық сіз бен біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасырда айқын сезіліп отырғанын көрсетеді. Сондықтан, Жолдаудағы ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту тақырыбын ең өзекті бағыт ретінде атаған болар едім», - дейді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, алдымызда Қазақстандағы баламалы қуат үлесін 30 пайызға жеткізу міндеті тұр.

«Ресми деректерде дүниежүзі бойынша өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі жаңартылған қуат көздеріне тиесілі екендігі анық айтылып жүр. Ғалымдардың болжамы бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін жетеді. Қазір елімізде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны жұмыс істеп тұр. Енді он жылдан кейін еліміздегі баламалы қуат үлесін 30 пайызға жеткізу міндетін де қойып отырмыз. Сайып келгенде бұл шаралар қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық тазалықты қамтамасыз етуге ықпал етері сөзсіз. Демек, «жасыл» технологияларға бағытталған ғылыми жаңалықтардың өндіріске ену процесі кезек күттірмейтін негізгі қадамдар қатарында болуы тиіс», - деп атап өтті Бақытжан Ертаев.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір