• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 15:46:42
+35°

14 Сәуір, 2018 Саясат

Мәулен Әшімбаев Жамбыл облысының жастарымен кездесті

Бүгін Мәулен Әшімбаев Жамбыл облысына арнайы сапармен барды

Таяуда өткен «Жас Отан» Жастар қанатының IV Съезі еліміздегі жастар саясатының дамуына тың серпін бергені сөзсіз. Соған орай ел жастарының белсенділігі одан әрі артып, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты өз пікірлерін еркін білдіруде. Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевпен кездескен Жамбыл облысының жастары еліміздің кемел келешегі жолында өз ойларын ашық айтып, ұтымды ұсыныстарын жеткізді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Айта кетейік, бүгін Мәулен Әшімбаев Жамбыл облысына арнайы сапармен барды. Сапар барысында ол Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушыларымен және студенттерімен кездесті. Олардың арасында жоғарыда аталған «Жас Отанның» Съезіне қатысқан делегаттар да бар.

Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Съездің жаңа бағытта, креативті форматта өткеніне назар аударып, сол арқылы жастардың ойы мен пікірін еркін білдіруге жағдай жасалғанын айтты.

Съезд аясында өткен «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан», «Қазақстанда жасалған», «Білім. Ғылым. Инновация» және «Саламатты ұлт» тақырыбындағы 5 панельді сессия өткені белгілі. Нәтижесінде көптеген игі бастамалар мен ұсыныстар айтылғанына назар аударған Мәулен Әшімбаев партия тарапынан жастарға арналған жаңа жобалар қолға алынғанын айтты.

– Талантты жастар мен ақпарат саласындағы стартаптарды қолдауға бағытталған «Digital Nation», тәжірибелі қазақстандық саясаткерлер мен сарапшылар ұсынған түрлі бағыттағы ең үздік кітаптардың электронды нұсқалары қойылатын «Jas Otan Kitaphana», сондай-ақ, шетелдік және қазақстандық жас педагогтарды ауыл мектептерінде жұмыс істеуге шақыратын «Teach for Kazakhstan» жобалары қолға алынды. Осы жобаларға жамбылдық жастар да белсене қатысады деп сенім білдіремін, – деді Мәулен Әшімбаев.

Студенттермен кездесуінде Мәулен Әшімбаев «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көріп, күні кеше ғана қалың оқырманға жол тартқан 18 оқулық жайына да ерекше тоқталды.

– Әлеуметтік және гуманитарлық салада әлемдік шедевр саналатын әрі дүниежүзінің ең үздік жоғары оқу орындарында оқытылатын оқулықтардың қазақ тіліне аударылуы, сөз жоқ, мультипликативті әсер беретін ауқымды бастама. Қолымызға тиген 18 оқулықтың қайсысын алып қарасақ та отандық ғылымның дамуына және білім беру ісінің одан әрі жетілуіне өлшеусіз үлес қосатын еңбектер екенін аңғарамыз. Философия, әлеуметтану, психология, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, антропология, журналистика ғылымдарын қамтитын бұл оқулықтар жастарымыздың әлемдік озық үлгіде білім алуына даңғыл жол ашып отыр, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Партия Төрағасының Бірінші орынбасары жастарға «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» маңызы, олардың жас буынға берер игілігі жайында кеңінен түсіндіріп берді.

Мәулен Әшімбаев

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесіне арнайы барып, жамбылдық зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Бұл кеңседе электронды кітапхана және виртуалды музеймен жабдықталған бес бірдей интерактивті алаң жұмыс істейді. Бағдарлама аясында қолға алынған «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» және «Ақпарат толқыны» атты кіші жобалар бойынша өңірде ақтарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктер жайында тыңғылықты мәлімет алуға да мүмкіндік бар.

– Зиялы қауым өкілдері Елбасы айқындаған бағыт-бағдардың жетекшісі болып, халыққа «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәнін егжей-тегжейлі түсіндіріп отырулары тиіс. Бұл бағдарлама Қазақстан халқын біріктіріп, біздің болашақ жеңістеріміздің бағдарына айналуы керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, партия Төрағасының Бірінші орынбасары облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен бірге «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан көп пәтерлі тұрғын үй құрылысымен танысты. Одан бөлек, партия облыстық филиалының кезектен тыс XXI конференциясына қатысып, партия алдында тұрған басым-бағыттарды пысықтады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір