• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 21:55:25
Алматы
+35°

23 Мамыр, 2018 Саясат

Мәулен Әшімбаев: Мектеп асханаларына арналған бірыңғай стандарт дайындалады

Мектеп асханасының жұмысымен танысқан Мәулен Әшімбаев елімізде осы салада кейбір келеңсіздіктер бар екенін айтты.

Бұдан былай «Нұр Отан» партиясы мектеп асханаларының жұмысын жетілдіруді үш бағыт бойынша жүргізбек. Бұл туралы партия Төрағасының Бірінші орынбасары мәлімдеді. Бүгін Мәулен Әшімбаев Астана қаласындағы №15 мектеп-лицейге арнайы барып, аталған бағыттағы партиялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

Мектеп асханасының жұмысымен танысқан Мәулен Әшімбаев елімізде осы салада кейбір келеңсіздіктер бар екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, кейбір оқу орындарында тиісті талаптар сақтала бермейді. Яғни, ас мәзірінен бастап, оның құрамы, қызмет сапасы, тазалық сияқты негізгі бағыттарда айтарлықтай олқылықтар бар. Сондықтан барлық мектептерге ортақ бірыңғай стандарт дайындап, асхана жұмысын сол талаптарға сай жүргізудің берері мол болмақ. Ол нормаларды дайындау үшін ғалымдарды, білікті, кәсіби мамандарды және тиісті мемлекеттік органдарды жұмылдырудың да маңызы зор екені анық.

Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары бүгінде мектеп асханаларында көбіне ұннан жасалған, тәтті, қуырылған және майлы тағамдар қолданылатынын айтты. Одан бөлек, ол мектеп асханасын жалға алып отырған кәсіпкерлердің келесі жылы да сол жерде жұмыс істейтініне ешқандай кепілдік жоқ екеніне назар аударды. Соның салдарынан олар жаңа қондырғылар алып, қызмет сапасын жақсартуға құлықсыз болып отыр. Егер ұзақмерзімді келісіммен жұмыс істейтін болса бұл жағдайдың оң бағытта өзгеретініне тоқталған Мәулен Әшімбаев осы саладағы атқарылар жұмыстардың басым бағыттарын айқындап берді.

– Біріншіден, мектеп пен бизнес қауымдастықтың ұзақмерзімді ынтымақтастығын қалыптастырудың тиімді тетігін табуымыз керек. Екіншіден, еліміз бойынша барлық мектептерге арналған міндетті, нақты, бірыңғай базалық стандарт қалыптасып, асхана жұмысы жүйеленуі тиіс. Үшіншіден, осы жұмыстардың барлығына тұрақты әрі жүйелі қоғамдық бақылау жүргізудің берері мол болмақ. Бұл игі іске партиядан бөлек, жауапты министрліктер, ата-аналар комитеті және білікті мамандар белсене қатысуы тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев елордадағы №73 мектеп-лицейде де болып, ондағы ІТ-сыныптың жұмыс барысын бақылап қайтты. Бұл сыныптың партияның «тегін 1000 ІТ-сынып» жобасы аясында ашылғанын атап өткен жөн. Мұнда балалар бағдарламалау мен робот техникаларының негіздерін үйренеді. Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда елімізде дәл осы салаларда маман тапшы екенін айтып, бұл бастаманың берері мол екеніне тоқталды.

Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясы партия қызметін жаңғырту аясында 20-дан астам жаңа жобаны жүзеге асыруда. Олардың қатарында цифрландыру үдерісіне үлес қосу, шағын және орта бизнесті қолдау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған партиялық жобалар бар.

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір