• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 17:00:21
Алматы
+35°

17 Қазан, 2017 Ұлт болмысы

Латындандыру процесінен не күтеміз?

XX ғасырға дейін қазақ және түркі әлемі Ислам әлемінің бір бөлшегі болғанын және араб графикасын пайдаланғанын тарихтан білеміз.

XX ғасырға дейін қазақ және түркі әлемі Ислам әлемінің бір бөлшегі болғанын және араб графикасын пайдаланғанын тарихтан білеміз. Бұдан басқа көшпенділер өркениетінде кітап шығару болмағандықтан, мұнда әдебиеттің жазуды қажет етпейтін ауыз екі түрі дамығандығы тарихи факт. Ал латын графикасы мен кириллицаның қалай түркі әлеміне келді десек, Түркияның латын әрпін қабылдауы түріктердің ұлттық сана-сезімін көтеру мен Түркияда кешеуілдеп қалған вестернизация үрдісін өткізуге бағытталған.

Орта Азия мемлекеттерінде кириллица әріптері советтендіру мақсатында тағылған болатын. Мұны да батыстандырудың бір түрі деп атауға болады. Алайда, батыстық өркениет көш бастап келе жатқан бүгінгі әлемде қазақ қоғамының  алдына қазіргі таңдағы дүниеқұрылымның алдыңғы қатарлы бөлігі болуы үшін сана мен дүниетанымдық мәселелер шығып тұр. Ол мәселелер ұлт жаңғыруын талап ететін процесстер және осы үдерістердің бастамасы ретінде қазақ тілінің жазу жүйесін өзгерту ұсынылып отыр.

Президент Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жылдың соңына дейін қазақ тілінің латын алфавитінің стандартты нұсқасы қабылдануы тиіс. Тілден хабары бар деген ғалымдар бас қосып алфавиттің екі нұсқасын халыққа көрсетті. Біреуге ұнаса, енді біреуге ұнамады. Алғашқысы диграфтардың көптігімен назарды сүріндірсе, екіншісі апостроф үтірлердің жыбырлағанынан сөздің көркемдігін қағаз бетінде кетіріп тұр. Шаш ал десе бас ал, екі нұсқаның орта нүктесін тауып, екі жақты тең қылатын ешкім табылмаған секілді. Бастысы екі нұсқада да қазақ тілінің төл дыбыстары жетімсіреп өз белгілерін таба алмай тұр. Бұл мәселенің шешімі көпшіліктің дауысымен шешіледі деп үміттенеміз. 

Жалпы алфавит деген не? Алфавит деген тілдегі дыбыстарды қағаз бетіне белгі етіп түсіруге арналған таңбалардың жиынтығы. Ол белгілі бір ақпаратты сақтау мақсатында тілдің қажеттіліктері ретінде тарих толқынында дамып жетілдірілген. Әр мәдениеттің жазуы сол мәдениетті тасушылардың дүниетанымына сәйкес қалыптасады.Осыған қарай кез-келген жазу жүйесі өз өркениетінің коды іспеттес болып келеді.

Жазу жүйесін ауыстыруға келер болсақ, ол бір өркениеттен екінші өркениетке өтумен пара-пар. Егер әлем елдері пайдаланатын алфавиттерді зерттеп қарастырсаңыз, қазіргі таңда әлемде батыстық өркениеттен басқа көптеген мәдениет ошақтары бар екенін көре аламыз. Олардың пайда болуы да, дамуы, наным-сенімдері мен дүниетанымдары әр бөлек. Бірі жоғары технологияларды алға қойса, енді бірі адамның рухани дамуын, ал үшінші біреуінің басқаларға ұқсас емес өз құндылықтары бар.Олардың барлығы тілде, тіл арқылы алфавитте орын алған және бұл екеуінің өзгеріске ұшырауы ұлт эволюциясына белгілі бір әсер ететіні сөзсіз. 

Ал, қазақ тілін латындандырудан біз не күтеміз? Алдымен БАҚ құралдары айтатындай латындандыру білім мен қазақ тілінің деңгейін өсіруге үлкен әсер етеді деп күтпеу керек. Мектепте оқыған, қолына смартфон ұстай алатын кез-келген адам клавиатурадағы 26 ақ түсті латын әріптерін таниды, оқи алады.

Мәселе алфавитте емес.

Адамның білімі оның өзінің ізденісі мен талпынысына ғана байланысты. Ал қазақ тілінің деңгейі қазақ мәдениеті дамымаса, таңбаны он рет ауыстырса да өспейді. Теледидардың қазақ тілді контенті өзгермей, ВВС, Nickelodeon қазақша сөйлемей, Голливуд қазақша сөйлемей, интернеттің қазақ тілді контенті артпай қазақ тілінің деңгейі өспейді. Қазақ тілінің деңгейі өсу үшін қазақ халқының әлеуметтік деңгейі өсу керек, игі жақсылары мен элитасы қазақша сөйлеуі керек. Бастысы, қазақ тіліндегі қала мәдениеті қалыптасуы керек. Мәдени жағынан да таңба ауыстырып Европа мәдениетіне бір сәтте ілесіп кете алмаймыз. Ол үшін еуропалық философия мен олардың дүниетанымын меңгеру қажет. Ол да әр адамның өз ізденісі мен талпынысына ғана байланысты.

Ең бірінші, жүргізілетін жазу реформасы бізге емес болашақ қоғам құратын ұрпаққа бағытталғанын түсінуіміз керек. Жалпы, кириллицамен сауат ашып, оқуды үйренген адамдарға әріп ауыстыру қазақ тілінің сөздерін басқа әріптермен жазу әсерімен ғана шектелуі мүмкін. Бейсаналық түрде ол бәрібір кирилл әрпінде түс көретін болады. Керісінше, латын әрпінде қазақша сауат ашқандар, болашақ ұрпақ, олардың қоршаған ортаны қабылдауы, дүниетанымы, санасы өзгеше болады.

Кириллицаға ауысу өз кезіндегі қазақ тілі мен мәдениетін қалай советтендірсе, латын әрпі де қазақ дүниетанымына ұқсас процесс вестерндеу-батыстандыру құбылысын енгізеді. Бұл батыстық үлгідегі болашақ техногенді қазақ қоғамын құрудың басы. Ал біз өз дәуірімізде латындандырудың оң нәтижесі ретінде түркі дүниесінің бір алфавит жүйесімен басы қосылып, олардың жылдам интеграциялануына куә болуымыз мүмкін. Әрине, егер де қолға алып тұрған процесске дұрыс жағынан қарай алсақ.

Есім Қасымхан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір