• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 10:18:26
Алматы
+35°

08 Қараша, 2017 Әлеумет

Куәгер күнделігі: Ауруханадан өлім мен қанның иісі мүңкіп тұрды (видео)

Өз өмірін қатерге тігіп Сириядағы жағдай туралы ақпаратты журналистерге жеткізіп отырған тұрғындар бар

ДАИШ террористік тобы тұрғындарға қатысты қандай қатігез әрекеттерді қолданатыны белгісіз. Сирияда репортаж жасау өте қауіпті. Сондықтан журналистер ДАИШ басып алған жерлерге көп бара бермейді.  Алайда өз өмірін қатерге тігіп Сириядағы жағдай туралы ақпаратты журналистерге жеткізіп отырған тұрғындар бар. Би-би-си корреспонденті соңғы үш айда Ракка тұрғынымен хабарласып тұрды. Ол күнделік жазады. Онда ДАИШ содырлары басып алған қаладағы тұрғындардың жағдайы баяндалады.

Куәгер күнделігі:

Бүгін жексенбі. Бұл күні біз әдетте намаздан кейін далаға жиналып, ұзақ әңгімелесетінбіз. Енді бұлай істемейміз. Қоғамдық орынға келген кез келген адамды ДАИШ-қа қарсы әрекет етіп жүр деп айыптауы мүмкін.

Мен алаңдағы бір топ адамның жанынан өтіп бара жатырмын. Оларға жақындағым келмейді. Себебі бір топ адамға біреудің басын шауып жатқанын көруге мәжбүрлеп жатқан болар.

Жоқ! Құдайға шүкір. Осы жолы ешкімді өлтірмеді. Бір жынысты адаммен байланысқан адамды жазаламақшы екен.

Ертең мен қайта жұмысқа барамын. Жаңа күн. Жаңа апта. Бізді құтқарады деген үмітпен жаңа күнді бастаймын.

Мен сіздерге ДАИШ-тың алғаш қалаға келген күн туралы айтып бергім келеді. Бұл – аналар күні болатын. Мен әскери ұшақтың  дыбысын естідім. Бірден үйге жеттім. Сол күні ағаларым мен әпкелерімнің басын қосып, шағын отырыс жасамақ болғанбыз.

Мен үйге таксимен жеткенде ауаны түтіннің иісі жайлап кетті. Үкіметтің қорғаныс күші біздің көшелерге бомба тастапты. Көшеде жедел жәрдем мен құтқарушылар жүрді. Бірі өлген адамды үйіндінің астынан шығарып алып жатса, енді бірі жараланғандарға көмектесіп жатты. Көршілерімнің бірі ата-анам жараланып, оларды орталық ауруханаға әкеткенін айтты.

Ауруханаға жеткенде онда қан мен өлімнің иісі мүңкіп тұрды. Еденде көз жұмғандардың денесі жатты. Ата-анамызды солардың арасынан табыңдар деді. Мен әкемді көрім. «Анаңды ана жерде емдеп жатыр, бірақ ол жерге әзірге бармаңдар» деген дауыс естілді. Екі сағат өтті. Дәрігер шықты. Мен оған жараланған адамның менің анам екенін айттым. «Оның өмірін сақтап қала алдым, бірақ оның жағдайы ауыр» деді дәрігер.

Көкөніс пен жеміс-жидек сататын көршім маған қол ұшын берді. Ол маған жұмыс ұсынды. Мен бірден келістім. Мен дүкенде отырып даладан оқ атылғанын естідім. Адамдардың барлығы қаша бастады. Досым менің қолымнан ұстап тұрып ДАИШ-тың қаланы басып алғанын айтты.

Мен далада темекі шегіп тұрғанда бұған дейін көрмеген бейтаныс ер адам келіп темекі тартуға тыйым салынғанын айтты.

Әйеліммен көшеде келе жатсақ, біреу әйелдерге паранжасыз жүруге болмайды деп ескерту жасады.

Барлық қалаға екі адамның өлім жазасына кесілгені хабарланды. Көшеде екі ер адамның қолын, көздерін байлаған. Маска киген адам үкім оқыды.

— Хасан! Үкімет жағында күресіп жүр. Жаза – басын шабу. Айса! Медиа белсенді. Шетелдік агенттермен сөйлесті деп айыпталады. Жаза – басын шабу.

Олардың бастарын қылышпен шауып алды.

Мен көшеде келе жатып дауысымды қатты шығарып өз наразылығымды білдірдім. Сол уақытта ДАИШ содырлары мені ұстап алды. Олар мені өз басқармасына әкетті. Мен өзімді ақтауға тырысқаныммен ол әрекетімнен еш нәтиже шықпады. Қырық рет дүре созу жазасы кесілді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір