• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 09:42:33
Алматы
+35°

18 Қазан, 2017 Әдебиет

Күз бен таксист және қыз

Сөйлеп жатыр. Отыз жылымда еш кітаптан оқымаған, ешбір кинодан көрмеген, ешкімнің аузынан естімеген сөздерім. О, тоба! Не деп тұр? Дені сау ма, өзі?

Бәрі ұйықтап қалды-ау деймін... Т-ы-ы-ы-с-с-с... Сіз үндемеңіз... Оятып алмайық. Ал, мен әңгімемді бастадым...

Ол кезде күз еді. Төбемізде күн көрінбейді: ай да жоқ. Қара киімді бұлттың билік құрып тұрған бір кеші. Жол жиегіндегі қаланың қарауылы – кәрі талдардың да көңілі пәс. Өмір мен Өлімнің бел ортасында тұрғандай, жапырақтары сарғайып, шыдамсыздары жерге баяғыда-ақ құлаған. Сабыры мықтылар діңгек-тамырына арқа сүйеп, бұтақтарына әрең ілініп тұр. Кешегі жаздың шуаққа толы күндерін аңсаған жапырақтарды әрі-бері итеріп, ұшырып, мазасын алар жел де жоқ бүгін.      

«Алматыда көшесі бар Гогольдің» деп, бір жақсы ақын айтпақшы, 2005 жылғы көнетоздау көлігіммен Гогольдің бойында келе жатсам, қара көйлекті қыз қол созып тұр екен. «Қайда барасыз?» деп, тоқтай қалдым. Орта бойлы, аса сұлудың қатарына жатпайтын, бірақ анау айтқандай сұрықсыз да емес, бет-жүзінің бір сүйкімі бар қыз еңкейе қарап, ақ пен қарасы жарасқан жанарын кірпік қақпастан маған тастады. Қуанышты келбет емес. Сұраулы. Жалынышты.

Сөйлеп жатыр. Отыз жылымда еш кітаптан оқымаған, ешбір кинодан көрмеген, ешкімнің аузынан естімеген сөздерім. О, тоба! Не деп тұр? Дені сау ма, өзі? Әлде мені ақымақ қылып тұр ма? Ақылға сыймайтын әңгіме айтып. Қаңғырған сұрақтар санамның қоңырауын үздіксіз соққылап жатты. Бейтаныс қыз құлықсыз артқы орынға жайғасты.  Көлік жүріп барады.

«Мен – таксистпін. Әйтсе де көлік тұрмақ, қиял жетпейтін жерге апара алмайтыным анық». Бұл – қыз көлікке отырғалы бергі алғашқы ойым. Кейін «ішкі менім» тіл қатты: «дұрыстап тыңдап көрсеңші. Адам ғой. Адамша сөйлеп тұрған шығар». Ақыл таразысына салып, өзімше толғанғандай болдым. Қол созған адамды айтқан жеріне жеткізу – менің жұмысым һәм таксисттік парызым. Мына біртүрлі қыздың басқа жұрттан қай жері кем? Тек, баратын жерінің түсініксіздігі болмаса. Кептеліссіз көшелермен мен айдаған көлік зулап келеді. Бағыты – беймәлім.

Бұрын-соңды мұндай күйге тап келген кезім есімде жоқ. Қазір ойласам, біз, адамдар, жауыр болған тіршіліктен өзге ештеңеге бас ауыртпақ емеспіз. «Бес күндік жалған дүние» деп, ділмәрсіп сөйлегенімізбен мұның жалғандығына көз жеткізбеген соң, біздікі жәй сандалу екен ғой.

Адамның ақырғы амалы – жалығу. Мен мұны дәл қазір сезіп һәм мойындап отырмын. Оған себеп, әрине, жанымдағы мұң арқалаған қыз. Оның ұйқы, тамақ, жұмыс атаулының жүзін көрместей болып, белгісіз мекенге кетпек ниеті жалығудан туған болар. Аға-бауыр, дос-жараннан жырақтап, жалғыздыққа қарай неге қашып бара жатқанына таңым бар. Өзіме бейтаныс күйді сіздерге қалай жеткізе алмақпын?! Қарапайым адамдар суға тұншығып жатушы еді: мен ойға тұншығып барамын.

Бар ақыл-парасатымды, білім байлығымды жиып, бір шешімге келгендеймін. "Бісмілләмді" айтып, көлігімнің бағытын көк базар жаққа бұрдым. Жол бойы «ләм» деп тіл қатқан жоқпыз. «Әркім өз ойының малтасын сорып отыр». Діттеген жеріме жетіп те қалдық. Мұң арқалаған қыз көлік тоқтағанда бір-ақ ойынан оянды. «Келдік пе?» дегендей бір қарады. «Келдік» дегеннің ым-ын жасап, терезенің арғы жағын нұсқадым. Есік ақырын жабылды.  Артыма қарасам, түскен жерінен әлі қозғалмапты. Мұңды тұрыс. Бұрылды. Орталық мешітке кіріп барады. Маңдай терім бұрқ етті.

Айтпақшы, сонда қыз:

– Бақыттың мекеніне апарып салыңызшы, – деген болатын.

P.S.: Кейін білдім: әлгі қара көйлекті қыз Каблуков көшесіндегі жындыхананың тұрғыны екен...

 Маржан ӘБІШ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір