• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 16:29:22
Алматы
+35°

19 Қаңтар, 2018 NEWS

Комиссия: Ақтөбеде өртенген 52 құрбанның кім екенін анықтау қиын

Ақтөбе аймағында автобустағы өрттен қаза тапқан 52 адамның 44-інің сүйектері облыс орталығына жеткізілді.

Ақтөбе аймағында автобустағы өрттен қаза тапқан 52 адамның 44-інің сүйектері облыс орталығына жеткізілді. Қайғылы оқиғадан аман қалған 5 адам Ақтөбе ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер олардың өміріне қауіп жоғын айтады, деп Азаттыққа сүйене отырып жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 


44 мәйіт Ақтөбеге жеткізілді 

Қаңтардың 18-інде Ақтөбеден 320 километр қашықтағы "Самара-Шымкент" тасжолында жолаушылар автобусында болған өртте қаза тапқан 52 адамның 44-інің сүйектері сол күні облыс орталығына жеткізілді. Басым көпшілігі қатты күйіп қалғандықтан құрбан болғандардың кім екендерін анықтау қиын болып отыр деп мәлімдеді облыс әкімдігінде жұмаға ауған түні өткен брифингте Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев. Оның айтуынша, қалған 8 адамның сүйектері Ақтөбеге екінші көлікпен жұма күні жеткізілмек.

автобус

- Оқиға болған жерде күшейтілген тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Мамандардың жұмысына ауа райының қолайсыздығы және оқиға орнында өте ауқымды жұмыстардың атқарылуы қиындық келтіріп отыр. Криминалистер мен сарапшылар түні бойы мәселенің мән-жайын зерттеп, 19 қаңтар күні түс ауа автобустағы өрттің нақты себебін айтулары тиіс, - деді вице-министр.

Ерлан Тұрғымбаев Ақтөбе облысында жолаушылар автобусы өртеніп, 52 адамның қаза болуына байланысты Астанада арнайы құрылған үкіметтік комиссия мүшелерінің бірі. Ішкі істер министрінің орынбасары салонында 57 адам болған автобус жол апатына ұшырамағаны және оқиға орнынан қандай да бір қылмыс белгілері байқалмағаны туралы айтты. Тас жолдың бойында қаңқасы ғана қалған автобустағы өртті Ерлан Тұрғымбаев "оқыс оқиға" деп атады.

Өрттен аман қалғандардың айтуынша, салоннан алдымен түтін иісі шыққан. Жолаушылар сол иістен уланған болса керек. Жүргізушілер көлікті дереу тоқтатып, жолаушыларды құтқармақ болғанын айтты. Бірақ автобустың есігін ашқанда салонға лап еткен оттегінің әсерінен өрт басталған. "Сетра" – қос қабатты автобус. Көлік жүргізушілері автобустың бірінші қабатына жүк тиелгенін, жолаушылардың екінші қабатта отырғанын айтады. Бірден бой бермей кеткен жалын салондағы жүкті күлге айналдырып, адамдардың сыртқа шығуын қиындатқан, - дейді Ерлан Тұрғымбаев.

автобус

Үкіметтік комиссияның тағы бір мүшесі, Қазақстанның инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, X 335 PCM деген мемлекеттік нөмірмен тіркелген "Сетра" маркалы автобус Қазақстанның Шымкент қаласынан шығып, Ресейдің Қазан қаласына жолаушылар апара жатқан. Халықаралық бағыттарда тұрақты қызмет көрсетпеген, салонында 57 жолаушысы бар көлік "Самара-Шымкент" тас жолының 1068-шақырымына жеткенде өртенген.

Автобустағы 57 адамның 52-сі сыртқа шыға алмай қалған. Өз күштерімен шыққан бес адамның бірі – 50 жастағы көлік жүргізушісі Нұржан Қырғызбаев Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны. Жүргізушінің 33 жастағы көмекшісі Мақсат Пернебеков пен 40 жастағы жолаушы Болат Таңатаров та сол аймақтан. Олармен бірге Өзбекстан азаматтары – 1988 жылы туған Арор Искаков пен 1980 жылы туған Исраилджон Мирзахмедов те апаттан аман қалған, - деп хабарлады Роман Скляр.

Үкіметтік комиссиямен бірге оқиға орнына барып келген Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов оқиға орнындағы ахуалдың күрделі екенін айтады.

- Ақтөбедегі сот-медициналық сараптама орталығы тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Өйткені, әзірше құрбан болғандардың кім екені анықталған жоқ. Марқұмдардың аты-жөні белгілі болғаннан кейін ғана оларды Өзбекстан жағына беру туралы шешім қабылданады, - деді Төленбергенов.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір