• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 05:30:12
Алматы
+35°

02 Ақпан, 2018 Әдебиет

Көктемге бір ай қалды

Келуіне көктемнің бір ай қалды, Кәрі құрдас қыс енді тұра алмайды

Келуіне көктемнің бір ай қалды,

Кәрі құрдас қыс енді тұра алмайды.

Өрекпіген жүрекпен қарсы ап тұрмын

Қыр жағалап жүгірген құмай таңды.

Қарсы ап тұрмын алқынып әлденеге,

Көз алдымда дүние шыр айналды,

 

Мына таңда тірі ұйықтап жата ма адам,

Көктемді аңсап көңілің қаталаған.

Алтын нұрға аптатып сәукелесін,

Таулар жатыр ақ мамық опалаған,

Мына таңда тірі ұйықтап жата ма адам.

 

Кеп қалғандай үрзада үкілі үміт

Ақ тиіндер көктемнің құтын ұғып

Ойнақтаса терек-қыз шешінеді

Ақ көйлек боп ақша қар сыпырылып.

 

Бір жыбыр бар... ұғынба, ұғын мейлің,

Ақын емес адамға білінбейді,

Бүлкілдетіп бауырын жел иіскесе,

Мұздың өзі майысып күлімдейді.

 

Сырлы әуенге әлдебір сиқырланып,

Аңсап ертең билейтін биді ырғалып,

Мұз астында  ақ бұлақ алқынады,

Құс келер деп бір ұлы қиқуды алып.

 

Сен жоқсың ғой!

Бар болсаң келер едің

Уһ, шаншиды жүрегім неге менің?

Көктем қыздың көп сырын білсем дағы,

Білмей тұрмын не алып, не берерін.

 

Келуіне көктемнің бір ай қалды,

Арылғай та көңілден тұман-қайғы.

Енді қанша көктемім қалды дейсің,

Күнде ертемен күтейін құмай таңды.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір