• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 15:17:38
Алматы
+35°

12 Шілде, 2018 Әлеумет

«Кім бізді алматылық дейді, өз үйімізде су ішіп, дәретке бара алмаймыз»

Біздің шулап келе жатқанымызды аудан әкімінің өзі көріп тұрып, джип көлігіне отырып кетіп қалды.

Журналист Айжан Қалиеваның фейсбук парақшасында «Парадокс яғни тиінге ақша бар, суға неге ақша жоқ» деген жазбасы жарияланған болатын.

Qamshy.kz ақпарат агенттігі сусыз отырған ауылдың тұрғындарының жанайқайына бейжай қарай алмайды. Айжаннан толығырақ ақпарат сұрағанымызда ол былай деп тарқатты: «Біздің 71-разъезд ауылында мамыр айынан бастап ауызсу жоқ. Мамыр, маусым айында түнгі сағат бірден кейін болсын су келетін. Тұрғындар түннің жарымында тұрып, үйлеріне су толтырып, кірлерін жуып, жуынып жататын. Ораза айын толықтай сусыз өткіздік. Аталған проблема былтырдан бері бар. Біздің ауыл Алатау ауданына қарасты болғанымен суды жеке меншік компания береді. Жарыққа да тариф жоғары. Әрбір тұрғын суды құны екі жүз елу, үш жүз мыңнан өз үйлеріне тартты.

Ермек деген жеке меншік сумен қамтитын ЖШС-нің қожайыны аталған мәселенің отыз жыл бойы қайталанып келе жатқанын айтады. Өз басым, кемі он рет хабарластым. Ақыр соңы не істеп аласыңға көшті.

Ауыл тұрғындары көшенің жолын, жарығын түгел ұжымдық жиынға салып, ақша шығарып өздері жасатты. Суды өз қалталарынан кіргізді. Тым құрыса соны дұрыс ала алмай отырмыз. Біз Алатау ауданына кіргелі бірде бір маман келіп, тұрғындардың жағдайын сұраған емес. Жарық пен судың ақшасын жинайтын адамдардан басқа ешкім келмейді.

Алатау ауданының әкімдігіне тұрғындар жиналып, Еуразия арнасымен бірге бардық. Біздің шулап келе жатқанымызды аудан әкімінің өзі көріп тұрып, джип көлігіне отырып кетіп қалды.

Шаруашылық бөлімінің маманы аталған істі өз қолына алатынын айтып, жеке меншікке қарасты Ермек мырза телеарна алдында шілденің бесі су келеді деп уәде берген еді. Шілденің бесінен бері бес күн өтті. Бір тамшы су көрмедік. Дала қырық градус.

Онсыз да ауылымызға баратын бір ғана автобус бар. Оның өзі арасы қырық минуттан, төрт-бес автобус қана. Қаладағы жұмысынан үйіне бірнеше “пересадкамен” шаршап келетін жұрт су тасуға мәжбүр. Кім бізді Алматы қаласының тұрғындары дейді, өз үйімізде су ішіп, дәретке бара алмаймыз».

Qamshy.kz ақпарат агенттігі өз кезегінде аталмыш мәселе бойынша әкімдікке хабарласып, ресми жауапты талап ететін болады. Әзірге, өкінішке қарай, байланыс орнатылмады.

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір