• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 20:16:30
Алматы
+35°

14 Қаңтар, 2018 Айтты-ей, бауырың!

Кенжеғали Мыржықбай: Еркеғали Рахмадиевпен соңғы саз сұхбат (видео)

...Ширек ғасырдай Қазақстан Композиторлар одағын Ерағаң басқарып тұрған жылдары қазіргі аға буын және орта буын өкілдері "алтын ғасырға" балайды...

Арнайы кәсіби музыкалық жоғарғы оқу орны - консерваторияны композиция класы бойынша оқып, фундаментальді білім алған білікті композиторлар Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Құдыс Қожамияров, Сыдық Мұхамеджанов, Ғазиза Жұбанова, Нұрғиса Тілендиев, Кенжебек Күмісбеков, Нағым Меңдіғалиев, Бақытжан Байқадамов, Мыңжасар Маңғытаев, Базарбай Жұманиязов, Теміржан Базарбаев, Мансұр Сағатов, Жолан Дастенов, Тілес Қажығалиев сынды алыптар шоғырының соңғы тұяғы, музыкасымен де, азаматтығымен де, кісілік үлкен жолмен де артына өшпес із қалдырған, ұлт музыка өнерін 50 жыл өрге сүйреген қазақтың қара өгізі, біртуар ірі тұлға Еркеғали Рахмадиевтің өмірден өткеніне де біраз жыл болып қалыпты.
Музыканың күрделі жанры саналатын опера, симфония, кантата, оратория, камералық, үрмелі аспаптар, шекті аспаптарға арналған концерттері, хорға арналған қазақ ұлт аспаптарға арналған концерттері, биге хорға арналған шығармалары, ән- романс дуэттері, кинофильмдер мен драмалық спектакльге жазған Ерағаңның музыкалық туындылары кәсіби ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, жанрлық салаларын байытты. Ерағаң "Дайрабайды" күй фольклорының динамикасына өз музыкалық фантазиясын қосу арқылы небір музыкалық аспаптар үні бояуларымен аккортарымен құлпыртып, одан сайын асқақтата симфониялық стильдегі шедеврге айналдырып, композиторлар мен музыка зерттеушілерін таңдай қақтырды.
Осы "Дайрабайдың" құдіреті музыка әлемінде қай ұлттың болсада жүрегін жаулап алатын қасиеті бар. Кейіннен "Құдаша думанда" дәл осы стилде жазылып, осы екі туындылардың шет елдерде табысты орындалғанын өз көзімізбен көріп, құлағымыз естіді.
Расында бұл шығармалар шет елдерде орындалғанда қазақ музыкасының "визиттік төлқұжаты" десек артық айтқандық емес.
Ширек ғасырдай Қазақстан Композиторлар одағын Ерағаң басқарып тұрған жылдары қазіргі аға буын және орта буын өкілдері "алтын ғасырға" балайды. Өйткені Ерағаң осы одаққа арнайы ғимарат, композиторларға төрт қабатты үй салдырып және және жас таланттарға түгелдей Алматының әр жерінен үй алып беріп, жазған жаңа туындыларын сахнада орындатқызып, шығармашылық кештерін ұйымдастырып, оларды талқыға салып, бағыт- бағдар беріп, сын пікірлерін білдіріп, ақыл - кеңестерін аямай айтып отырған. "Таутүрген" шығармашылық үйін салдыртып, композиторларды кезек- кезегімен сонда алаңдамай музыка жазуға мүңкіндік туғызғанын әріптестері әлі күнге дейін жыр қылып айтады.
Құрманғазы атындағы консерваторияға ректор болып тағайындалысымен, 1967-1968 оқу жылынан бастап жоғалып бара жатқан Қорқыттан қалған қыл қобыз сыныбын ашып, ел ішінен іздістіріп жүріп Жаппас Қаламбаевты тапты. Республиканың әр облысынан таңдап алған 6 баланы оқыта бастағанда, Жапекең дүние салды. Содан Қорғалжынннан Дәулет Мықтыбаевты алдырып сабақ бере бастағанда, ол кісіде марқұм болып кетті. Одан кейін Жаңарқада бақсылық құрып жүрген жас жігіт Сматай Үмбетбаевты Алматыға шақырып оған 3 бөлмелі үй әперіп, ұстап қалды. Бұл Ерағаңның көрегендігінің арқасы. Қазір осы аспап республиканың барлық музыка мектебінде, колледжде, жоғарғы оқу орнында оқытылып, барша қазақ ұлт аспаптар оркестрі құрамында ойналады. Сол кезде қабылданған 6 баланың бірі Базархан Қосбасаров консерваторияда білдей бір профессоры аттанып, эстафетаны жалғастыруда. Дәстүр жалғастығы, өмір сабақтастығы деп осыны айтса керек. Кеңестер одағы тарап, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен қиын заман тоқырау жылдары өнерді өксітпес үшін Ерекеңнің ақыл тәжірибесін қолдаған Елбасы "көмектесіңіз" деп мәдениет минстрі етіп тағайындады. ЖОО - ның докторлары мен кандидаттары Қытайдың ала дорбасын арқалап базар жағалап кетсе, шығармашылық одақтар жабылып, театрларда спектакль жүрмей қаңтарылды, әнші- актерлар не істерін білмей аңтарылды.
Абай атындағы академиялық опера және балет театрының әнші- бишілерінің жалақысы 3-4 мың теңгеден аспай күн көру қиындап тұрғанда Мәдениет миистрі Е. Рахмадиев біздің жалақымызды 38 мыңға бірақ көтеріп, жанымызды алып қалды.
Сол уақытта кеңес заманындағыдай айлап, жылдап облыстарға, шет елдерге шығу кілт үзіліп, тіпті Алматының іргесіндегі Қаскелеңге шыға алмай қалған едік.
Қайраткер ағамыз әрі-сәрі күйде жүрген "Камерата Казахстана", "Академия Солистов", "Отырар сазы" ұжымдарына қаржы- қаражат тауып беріп, сақтап қалды. Бұрыңғы барыс-келіс тоқтап қалғанда, мәселенің көзін тауып өнерпаздардың бір тобын Иранға, бір легін Пәкістанға, Испанияға және т.б. шетелдерге шығарып, үзіліп бара жатқан үмітті жалғағандай, өшіп бара жатқан отымызды өрлегендей болғанын қалай ұмытамыз?
Бұл бір ерлікке толы жылдар еді. Дәл сол өтпелі кезеңінде Солжинициннің "Қазақтар қой баққан жерлердің бәрі біздікі дейді" деген сандырағы шығып, ел дүрлігіп тұрғанда министр Е. Рахмадиев Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Ақмола облыстарында дереу Қазақ театрларын ашқыздырдып жіберді. Жұмыссыз қалған ақын- жазушы, драматургтерге қалам ақысын төлеп, "Таутүргенге" орналастырып, драмалық спектакльдерге пьеса жаздыртты. "Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпес"демекші, сол ашқұрсақ уақытта жазылған шығармалардың сапалылығы сондай, тіпті әлі күнге дейін театрлардың репертуарынан түспей, өнердің жаңа тынысындай өмір сүріп келе жатыр. Сол жылдары марқұм Жақып Омаров бастап құрған құрып кеткен Ақмоладағы Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театры қазір " Академиялық театр" мәртебесіне ие болды.
Еркеғали Рахмадиев ҚР Жоғарғы кеңесі, КСРО Жоғарғы кеңесінің бірнеше шақырылымында депутат болып сайланды. Ол осындай мемлекеттік лауазымды қызметті атқара жүріп, музыкалық шығармалардың сала-саласын түгел қамтыды.
Құдайшылығына келсек, өнерде өндіртіп жазған Ерағаңдай адам болған емес. Сондықтан да композиторлардың ішінен осы ерен еңбегі ескеріліп, Елбасының арнайы Жарлығымен "Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілген еді.
Өз басым жұмысбасты болып, соңғы жылдары Ерағаңа жолыға алмай жүр едім. Соның сәті белгілі меценат, ҚР еңбек сіңірген құрлысшы, өнер жанашыры, жиһанкез Сапар Ысқақовтың "Тілеп" атты Қобыз сарайының ашылу салтанатында түсті. Көріп, шын ықыласыммен сәлем бердім. Бір топ адамның көзінше маған қарап: "Мына Кенжеғали Астанаға өнер адамдарының ішінен алғашқы болып 1996 жылы келді, филармония ашып, Ақмолада қазақ ұлт аспаптар оркестрін құрды, одан Музыка академиясының уығын қадасып, шәкірт тәрбиеледі. ШҚО барып, 5 жыл елге қызмет істеп келді, енді міне ,Астанаға қайта оралып, Еуразия ұлттық университетінде "Кәусар" атты мәдени - танымдық бірлестік ашыпты. Идеясы өте дұрыс! Бұнысы құптарлық. Бірінші көзі тірі өнер корифейлерді бір түгендеп ал, басқасын көре жатырсың" деді.
Мен асыл ағаның құрметіне, ниетіне риза болып: " Ераға, сізбен 2013 жылдың ақпанына қарай кездесу өткізу жоспарлап отырмыз"дедім.
Құдай кең жаратқан қайраткер"дұрыс екен" деп бір жымиып, бүй деді: Менің опера ән- романстарымды сен де айтып жүрсің ғой, кездесуге басқада әншілерді шақырып, вокалдық шығармаларымды түгел орындатқыз"
Бұл мен үшін кереметтей ақыл кеңес болды.
Содан Л.Н.гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құтты шаңырағында ария, ән- романс дуэттерден тұратын Ерағаңның туындыларын Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының әншілері Ғалия Байғозинова, Роза Нүркей, Азамат Жылтыркөзов, Сүндет Байғожин, Бейімбет Танарықов сынды жастар керемет орындап шықты. Бәрімізді концертмейстер Елена Сахно роялда сүйемелдеп отырды. Бабында жүрген классикалық әншілер бірінен соң бірі сахнаға шығып жанды шынайы дауыспен автордың шығармаларын шырқағанда тыңдарманның құлақ құрышын бір қандырды-ау!
Кештің басында "жас өсікін студенттер біле жүрсін" деген ниетпен композитордың өмірбаянын, шығармаларының өнер тарихындағы орнын барынша байыптауға, зерделеуге тырысып, кіріспе сөз сөйледім. Бұл да - менің өмірдегі ұмытылмас сәті деп білемін. Әрі қарай кештің орайлы өту үшін сұрақ-жауапқа кезек бердік. Ерағаң төрде нағыз өнер адамы ретінде арқаланып, шабыттанып отырды. Сәт сайын көрермен мен өнер иесінің арасы, дидарласуы жақындай берді.
Бүгін қайраткердің иманы саламат болсын" деп сол кештен естелік айтар мезеттер аз емес.
Тарихи кештегі сұрақ- жауап төмендегіше өрбіп еді:
"Көрермен сұрағы: - Жаңа ғана сіздің шығармашылығыңызды әншілеріміз жанды дауыспен орындап шықты. Осы үрдісті концерттік залдардан, теледидардан көре алмаймыз. Қаптаған даңғаза шоу, бір- бірінен айырмасы жоқ жылауық әнсымақтар мен ыңырсық әуендер фонограмманың арқасында "жұлдыз" болып, жас буынның санасына сіңіріп, талғамын бұзып жүргеніне қарсы қандай ақсақалдық ақыл айтар едіңіз?
Е.Рахмадиев жауабы:- "Ой, қарақтарым, бұл бәрімізді ойландырып, толғандырып жүрген сұрақ.
Арнайы неше жыл бойы музыкалық білім алған талантты өнерпаздардың еңбектері еленбей, дарынсыз-данғаза, тіпті нота білмейтін музыкалық білімдері жоқ шала сауаттылардың "жұлдыз" болғандарын көріп түңілесің. Мәдениет жайына қалып, осындай келеңсіздікке тап болдық. Бұны бір өтпелі кезеңдеп есептейік, тоқырау емес, "көш жүре түзеледі" демекші, әлі-ақ жасандылықтан шынайлыққа келерімізге сенейік.
Сұрақ:- Өзіңіз пір тұтатын ұстазыңыз Мұқан Төлебаевтың аяқтай алмай кеткен "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" операсын неге жалғастырып жазбадыңыз?
Жауап:- Ол ойым болды, әрине. Бірақ жақсы жазылса - Мұқаңдікі, нашар шықса Рахмадиев бұзды дейді ғой, бұл - біздің қазақ. Бұл енді пендешілік, баяғы...
Сұрақ:- Ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповпен болған достығыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз?
Жауап: - Ой, бұл бір жаныма жақын сұрақ екен.
Ғабең менен 30 жас үлкен еді. Отбасымен бірге демалатынбыз, бірге аңға да шығатынбыз. Бір жақта кезекті іс-сапарда жүрсем Ғабең қайтыс болып кетіпті. Кейін басына құран оқытуға барсам, о тоба, Ғабеңді бір төбенің етегіне, жолдың жағасына апарып қоя салыпты, жылап жібердім (кемсеңдеді). "Қайран Ғабит- ай, саған бір-екі метр дұрыс жер табылмағаны ма?" деп. Содан айтысып- тартысып, біреуін әке, біреуін көке деп жүріп Кеңсайдың жоғарғы жағына апарып, қайта жерледік. Ескерткіш орнаттық. Аруағы риза болсын!
Сұрақ: - Қазақтың классик композиторы Сыдық Мұхаммеджановтың атында не Алматыда, не Астанада көше жоқ. Ол кісінің атына берілген музыкалық бірде-бір ғимарат та жоқ. Кезінде "Жарқ етпеспен" жарқ етіп шығып, небір музыкалық туындылар беріп кеткен, мелодистің көзі жұмылғаннан кейін жалп етіп өшкені ме?
Жауап: - Өте орында сұрақ екен.
Мен Астанадағы басшыларға бармағаным жоқ. Тым құрмаса Астананың шет жағынан бір кішкентай көше жоқ па? Кеше ғана оның ән- романс дуэттерін айтып жүр едіңдер ғой, сендерге не болған! Не 80 жылдығын аталған жоқ .Қазір кейде аяқ астынан біреулер "гений" бола қалады, ал қазіргі таңда осындай алыптардың еңбегі далада қалатыны өте өкінішті. Орысша айтқанда "в этом отношений Сыдыку не побезло".
Сұрақ: - Бұрыңғы сіздердің кездеріңіздегідей композиторлар неге опера, симфония, кантата, оратория, поэма, романстар жазбай кетті?
Жауап:- Бұрын мұндай шығармаларды жазғандар кәдімгідей қомақты ақша алатын және бір -бірімен жарыса жазатын. Сонымен емін -еркін өмір сүретін. "Тамағы тоқ, көйлегі көк" дегендей. Ақын-жазушыларда солай болатын. Қазір жазғандарына азын-аулақ төлесе төледі, төлемесе ол да жоқ. Не тапсыпырыс жоқ, осындай ірі шығармаларға. Эстрада деген инкубатордан шыққандай бір-бірінен айыра алмайтын "жұлдыздардарға", тыңқыл- сыңқыл ұрланды жеңіл ритмге көрермендер қол соғып, еліте қалды. Бұл - қасірет, әрине. Ал қазіргі Композиторлар одағының жағдайы өздерің білесіздер. Дамыған елдердің қатарынан қалмауымыз керек. Әнеу күні дүние жүзі бойынша Франция, Белгияларды және т.б.мемлекеттерді тізесіне тұрғызып EXPO- ны жеңіп алдық емес пе? Шал басыммен жыладым сонда (тағы да көзіне жас алды) Соның әсерімен, "Жаса, Қазақстан! Жаса Нұрсұлтан"! деген атпен кантата жазып тастадым. Орындалады осы жақын арада.
Сұрақ:- Сіз қанша ақынның өлеңе ән- романс дуэттер жаздыңыз?
Жауап: - Олардың саны есімде жоқ. Ана жылы өзімнің досым менің мелодияма өлең жазған ақынның бірі Тұманбай Молдағалиевті үйге қонаққа шақырдым. Жақсы отырды, жайлы отырды. Өмірде өткен- кеткенімізді еске алыстық. Ертеңіне Алматыға шығарып салдық. Содан 9 күн өткеннен кейін "қайтыс болды" деген қаралы хабар келді. Сөйтсе совминнің ауруханасында тамырына система салғанда, дәрігерлер қарамай кетіп қалған. Келсе Тұмаш инелердің бәрін жұлып- жұлып тастаған, көзі жұмулы. Міне дәрігерлердің "қамқорлығының" арқасында қараптан қарап отырып қазақтың бір ұлы ақынынан айырлып қалдық. Осы залда менің замандасым ақын Кәкімбек Салықов отыр .Бұл өзі ұзаққа шабатын қарулы бәйге атындай жылдан-жылға поэзияда небір кесек шығармалар жазып, таңқалдырып жүр. Бұл, әрине, қазақ үшін жетістік. Бұл- жақсылық, бұл - жаңалық. Мен соған қуанамын.
Сұрақ:- Кейінгі толқын классикалық әншілерден кімдерді жоғары бағалайсыз?
Жауап:- Құдайға шүкір, қазақ әншіден, таланттардан кенде емес. Кейбіреулері тіпті шет елдерде қазақтың атын шығарып жүр. Ал енді сіздерден несін жасырайын, осы мына омырауыма Елбасы Еңбек ері жұлдызын таққанда қалжыңдады "жумайсыз ба?" деп. Уәдеңізде тұрсаңыз, жууға мен дайынмын дедім. Содан өзі Астанадан берген үйге шақырдым және президентке ән айтып берсінші деп Медет Шотабаев пен Жұпар Ғаблуллинаны бірге шақырдым. Олар шырқатып ән айтты.
Содан "Нұреке! Мына Шотабаевтың "Лучщий тенор мира"деген дипломы бар, ал Ғабдуллина "Лучщее сопрано".  Бұлардың не үйі жоқ, не күйі жоқ, не қатын жоқ, не бай жоқ, не бала жоқ деп едім. Нұреке Иманғалиға қарады, жазып ал деді-ау деймін.
Енді солар үйін алған сияқты. Қазір біздің таланттарымызды бағалып, шын көңіл бөлініп жатыр ма? Міне, мәселе қайда?
Сұрақ:- Сіз өміріңізге ризасыз ба? Қандай арманыңыз орындалмай қалды, неге өкінесіз?
Жауап:- Жоқ, бұл өмірде арманым жоқ адаммын. Аянбай елге қызмет істедім істедім. 83 деген оңай нәрсе емес екен. Көңілім жас болғанымын, уақыт өз дегенін қоймайды екен. Аяқ жүрмей қалды, көз көрмей қалды.
"Кездесу өткізейік деп шақырғандарыңызды қабыл алып келдім. Қазіргі жастармен кездесейін, ойларын, сөздерін естиінші деп. Шығармашылық өнер адамдарына жастармен кездесу энергия береді. Өзің де кәдімгідей жасарып, жаңарып, көңілің өсіп қалады. Кезінде Аманкелді бар, Мырзатай бар қандай университет құрып кетті, қаншама ғалым, профессорлардың Алматыдан осында әкелді? Бәрі халықтың есінде. Солардың ісін қазір, міне, Ерлан Сыдықов ініміз жақсы жалғастырып жатыр. Былтыр әлемдегі университеттерінің қатарында алдыңғы орынға орнықты. "Алтын сапаны" жеңіп алды. Атақты адамдарды, академик ғалымдарды шақырып жасақтап, жағдай туғызуда. Осы отырған есті студенттердің жаңағы орындалған шығармаларымда мен де естерінде қаламын. Оны олар уақыт өте келе түсінетін болады. Өнерге көңіл бөліп, "Кәусар" атты мәдени- танымдық бірлестік ашып, ақын-жазушы өнер адамдарын студенттермен жүздестірудің өзі - үлкен тәрбие. Сонысымен - ақ біздерді селт еткізді. Астана жыл сайын өсіп өркендеп келеді. Соған сәйкес оқу орындары да жан- жақты білім берулері керек. Толыққанды азамат болу үшін жастар өнер, әдебиет, тарихты біліп өсулері керек" 
Сахнада Ерағаңның қасында кешті жүргізіп отырып, ол кісіге"шаршаған жоқсыз ба?" деп едім, қайраткер: "Қанша уақыт болды отырғанымызға?" деді. Мен:-"Екі сағаттан асты" дедім. Ерағаң: "О, осы да жетер бір тойға...Тоқтайық осымен!"- деді.
Өңіне қарасам, бастапқыдай емес көзі жайнап бусанып, буырқанып шабыттанып кетіпті. Ерағаңа қарағанда, Нартайдың мына өлеңі есіме сап ете қалмасы барма. Іркілмей оқып жібердім:
Өздерінің білер Нартаймын,
Нар болсамда қартайдым.
Арнасы барда өзі жоқ, 
Баяғы дауыл айқайдың.
Дәме барда, дәрмен жоқ,
Басты еріксіз шайқаймын..."
Әрі қарай өзінің сұрауы бойынша Абай сөзіне жазған вокалдық циклінен "Қазағым, қайран жұртым" романсын кештің соңында орындап бердім.
Қолтығынан демеп, Ерағаңды отырған орнынан тұрғыздым. Залда отырған студенттер мен Астананың зиялы қауым өкілдері түрегеп тұрып "браволап" қол соқты. Тұрған бойда халыққа бас иді де, бірдемелерді айтып күбірлеп "Тәуба, тәуба!" дей берді.
Кездесу аяқталысымен адамдар сахнаға шығып, қолын алып, әсерлі кездесу болғанын айтып, қауқылдасып жатты. Кейбіреулер ескерткішке суретке түсті.
Сөйтсек бұл өзі үшінд е, біздер үшін де ұлы өнер тұлғасымен соңғы кездесу концерті екен ғой. Енді бұның бәрі тарих болып қалды.
Сонымен, Ерағаң соңғы рет арамызда болған қимас сәт мәңгіліктің аясына кете барды.

Кенжеғали Мыржықбай

ҚР Еңбек сіңірген әртісі 

Aigerim Taubay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір