• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 20:56:20
Алматы
+35°

01 Тамыз, 2017 Әлеумет

Келінге орамал тағу міндетті ме?

Орамал таққан өте дұрыс. Орамалы жоқ əйел,қыз секілді көрінеді,сосын ер адамдар көзімен зина жасап,оған қараған ер адам да өзіне қаратқан əйел

«Бірінші байлық – денсаулық,

Екінші байлық - ақ жаулық»

Халық даналығы

Аталы сөзден аттамай, салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген, қасиеті қанына сіңген қазақ ұлтының өнегеге толы өмірінің бір бөлшегі – ақ орамал. Орамал – сұлулықтың символы, адалдықтың белгісі, балалықтан аттаған бойжеткеннің жаңа өмірінің бастамасы. Орамал – ес тоқтатып, есейіп, отбасылық өмірге жасалған қадамның көрінісі. Орамал – жаны нәзік жаратылған болмыс иелерінің басындағы байрақ. Ендеше, қазақтың тарихымен тікелей байланысы бар ақ орамал жайында азды-көпті мәлімет беріп өтсем. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдардың атауларының дәстүрлі жүйесі» деп аталатын энциклопедияда «Қыз бала орамал тартпаған. Қыз ұзатылып, келін болып түскенде беташар болғаннан кейін енелері басынан сәукелесін шешіп, ақ орамал салған. Сонымен қатар, дәстүрлі ортада жас келінге сәукелесінің артында тұратын орамалын да салған. Оны желек деп атаған. Желектің түсі көбінесе қызғылт, қызыл. Қызыл күрең өңді болып келген. Жас келін үлкен кісілердің алдында бетін желегімен көлегейлеп сөйлесетін болған. Балалы болғаннан кейін келіншек желек орнына кимешек киген» делінген. Осыдан-ақ ертеректе халық арасында жас ерекшеліктеріне байланысты орамал тартудың қатаң сақталғанын байқауға болады. 

Орамалдың қасиеті

Ауыздан – ауызға тараған аңыз, дастандарға сүйенсек, жаугершілік заманда қыз-келіншектер орамалын көтеріп үлкен даудың алдын алған сәттер де болған. Қолына қару алған батырдың бәрі орамалдың алдында дәрменсіз болып, орамалсыз әйелге көз жанарын салмаған. Ақ орамалдан аттамаған. Одан басқа, алып қашу үрдіске айналған кезеңде жасы үлкен  әженің орамалынан аттасаң бақытсыз боласың деген ұғым да ел арасында кеңінен танымал.

Дәстүр мен ұстаным

Жас келіншектер ертеден басына ашық түсті орамал салған. Оны ақ жаулық деп атайды. Жас келіннің басына ақ орамалды үлкен кісінің салатынында да үлкен тәрбие жатыр. Одан бөлек бас киімді аяқ астына тастамайтын қазекем орамалды киелі деп санайды. Тұтынған орамалды ешқашан сыйға тартпайды. Ақ түсті орамал қуаныштың, береке мен бірліктің, молшылықтың белгісі болса, қара түсті орамал қайғы-қасіреттің , қазаның белгісі.

Дін не дейді?

 Діни түсінік бойынша орамалсыз жүрген әйелдің иманы қырық қадам алыс жүреді. Сонымен қатар, емізулі баласы бар әйел орамалсыз бала емізсе, қайызғағын шайтан баланың аузына салып жібереді деген түсінік бар. Ондай бала есейгенде мәңгүрт болып, анадан безеді, қайырымсыз болады деп ұққан. Ананың ақ сүтімен даритын баланың тәрбиесінде ақ орамалдың да алатын орны ерекше.

Орамал – сыйлық

«Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды» , «Орамал тон болмайды, жол болады» деген ел арасында аталы сөз бар. Мән-мағынасына үңілер болсақ, орамалдың сый-сияпат екенін аңғаруға болады. Алыстан ат терлетіп келген қонақ  үйдің От-Анасына орамал сыйлап жатады. Сыйдың қайтарымы ретінде үй иесі де кетер кезде орамалды көйлектік бұлмен бірге  салып береді.

Орамал – махаббат символы

«Шетінде шай орамал күміс жүзік,

Қуантқан сүйген жардың сөзі келді» деген өлең жолдарында орамал сезімді, көңілді білдірудің тамаша символы болып тұр. Ертеректе ер азаматтар орамал шетіне жүзік түйіп, үйленуге ұсыныс жасаған.  Қыздар жағынан да орамал ыстық махаббат пен сағыныштың белгісін танытады. Жаугершілік заманда, одан бері келе алапат майдан тұсында да ер азаматтарға сапарға аттанарда кестелі ақ орамал ұсынып, сарқылмас төзімділік танытатындарын жеткізген.

Терең тарихтан – жарқын болашаққа

«Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем, Ақ кимешек астынан сені көрем...» деген Мұқағали Мақатаевтың әжесіне арнап жазған өлеңі суреттегі ертеде әр өңірдегі аналарымыздың орамалмен түскен суреттеріне де арналып жазылғандай.

«...Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса...
Нені көрем???» деген жолдары бүгінгінің халін суреттеп тұрғандай болады.  Бүгінде орамалды күнделікті тағудан бас тартып, тек қана құдайы тамақ беру сынды  жиындарға  тағатындар көп кездеседі. Ақ жаулықты аналарымыз салып кеткен дара жолды жалғаушылардың қатары азайып бара жатқаны қынжылтатыны рас. Заман қанша жерден дамыса да, бір орамал адам сұлулығына сын келтірмесі анық. Мұхтар Әуезовтің «Адамдық негізі- әйел» аталатын мақаласында, баланың тәрбиелі болып өсуі үйдегі әйелден дейді. Көзін ашқалы жанынан табылатын анасынан не көрсе, соны үлгі ететінін айтады. Жаһандану заманында елдігімізді сақтап, мәдениетіміздің озық үлгісін ұстану өзімізге байланысты.

САУАЛНАМА

Желі қолданушыларының арасында «Орамал тағу дұрыс па , бұрыс па?» деген сұрақ аясында сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде «дұрыс емес, тақпасын» деген бірде-бір жауап кездеспеді. Алайда өздерінің орамал тартпайтындарын айтқандар да болды.

«Ол әр үйдің келінінің немесе әйелдің санасына байланысты. Мен келіндердің орамал тартудан неліктен бас тартатынын түсінбеймін. Орамалды тағуының өзі үлкендерге деген құрметті білдіреді. Себебі барлық тәрбие, тәлім сол орамал арқылы дариды. Ол жас келін болсын, тіпті жасы келген әже болсын әйел затының орамал таққаны дұрыс деп есептеймін. Менің өзім бір шаңыраққа келін болып түскеніме 3 жылдың жүзі болды. Тастамай орамал тағып жүремін» деп өз пікірін білдірді сауалнамаға қатысқандардың бірі.

Жания Кулишова есімді желі қолданушысының пікірінше, орамал тағып жүрудің өз орны бар. Олар:
1) Үйге жасы үлкен кісілер келгенде, шай қүйғанда.
2) Бала босанып, бала емізгенде. 
3) Ас үйде тамақ əзірлегенде.

«Орамал таққан өте дұрыс. Орамалы жоқ əйел қыз секілді көрінеді, сосын ер адамдар көзімен зина жасап, оған қараған ер адам да  өзіне қаратқан əйел де күнəға батады» деп өз ойын жазды 25 жастағы бойжеткен.

«Орамал – дәстүріміз. Ал дәстүрді сақтау біздің міндетіміз. Қазіргі заманда орамал тағуды ұмыт қалдырып барамыз» деп өз күйінішін айтты 52 жастағы ер адам.

Одан да бөлек сан түрлі пікірлер кездесті. Әсіресе жас келіндер орамал тағатындарын айтып, оның тазалықтың белгісі екенін жеткізді. Жұмыстан келе сала орамалымды тағып, үйдегі қызметіне кірісетінін жазды. Адамның шашы зиянды заттарды тез жинайды. Сондықтан шашты жинап жүрген адам денсаулығына да пайдалы екенін айтты.

26 жастағы отбасын құрмаған ер жігіт: «Болашақ әйеліме орамал тарт, тақпа деп ештеңе айтпаймын. Оны ол өзі шешеді. Бастысы үйде тазалық сақталса жеткілікті» дейді.

Ал 23 жастағы тұрмыс құрмаған Гүлім есімді бойжеткен тұрмыс құрған соң ақ орамал тағып, ата-енесіне сәлем салғысы келеді.

«Үлкендердің батасын алып, келіндік міндетімді мінсіз атқарғым келеді» дейді Гүлім.

Өнегелі ұрпақты тәрбиелеу жолында үйдегі ананың алатын орны ерекше.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді дана халқымыз. Дәстүрін сақтайтын ұрпақты тәрбиелеу жолында әрбір бөлшек маңызды рөл атқарады. Байқағанымыздай бір ғана орамал сөзінде бірнеше символдық қабат бар. Сезім білдірудің символы, жас келін үшін жаңа өмірдің басталғандығының символы, бастысы дәстүрдің бөлшегі.

 Бір әулеттің байрағын құлатпай, отын өшірмей алып жүретін орамалды келіндеріміз көп болғаны еңсемізді тіктейтіні белгілі. Ендеше, салиқалы ұрпақ тәрбиелеу жолында әрбір қазақ өз үлесін қосса нұр үстіне нұр болары анық.

АЙГЕРІМ ТАУБАЙ

Aigerim Taubay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір