• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 09:42:26
Алматы
+35°

26 Ақпан, 2016 Әлеумет

Кәрі қыздар өзінен он жас кіші жігіттерге неге құмар?

Тұрмысқа шығуды армандаған декан, басқарма басшысы, ғылым кандидаты, доктор секілді отырып қалған оқыған қыздар танысу орталығынан жігіт іздеуде және олар...

Тұрмысқа шығуды армандаған декан, басқарма басшысы, ғылым кандидаты, доктор секілді отырып қалған оқыған қыздар танысу орталығынан жігіт іздеуде және олар өзінен 10 жас кіші жігіттерге қызығады екен, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Ақтөбедегі қыз бен жігітті табыстыратын «Серуен» отбасылық оқыту орталығы арқылы 68 жұп шаңырақ көтерген. Жұп іздегендердің арасында 26 жастағы қыздардан бастап, 65 жастағы ер азаматтарға дейін бар. Олардың арасынан отбасын құрмағандар мен ажырасқандарды да табуға болады. Отыз жастан асып үйлене алмай жүрген қыздар көп. Қырыққа келгенде әйелі қайтыс болған ер азаматтар орталықтан көмек сұрап келеді екен.

«63 жастағы әйелдер бар. Жалғыз болғысы келмейді, «жастау азаматтар болса» деп өтініш білдіріп келеді. Бізге мешіттегі имамдардың да келетіні рас. Алпыс жастан асқан оның әйелі қайтыс болған екен. Ол кісінің өзі түсініксіздеу болды. Оған қажетті әйел адамды тауып бере алмадым. Бізге «тек жыныстық қатынас үшін адам іздейміз» деп мазалайтындар да бар. Олар түсінбейді, «ақшасын төлеймін» деп дікеңдеп тұрып алады. Әсіресе, ондай қоңыраулар ер адамдардан болады. Біз жыныстық қатынас емес, отбасы қатынасын орнатуға жұмыс істеп жатырмыз деп түсіндіремін», - дейді «Серуен» оқыту орталығының басшысы Райса Жақыпова.
Оқыту орталығы жалғыз жүргендерді таныстырып, берік отбасы болудың құпиясымен таныстырады. Қызмет көрсету ақылы.

«Келген адам тіркелу үшін 5000 теңге төлейді. Әрі қарай оқыту курсына 100 доллар төлеуге тиіс. Бұрын бұл 300 доллар болатын. Доллар бағамының өзгеруіне байланысты азайттық. Бізге кез-келген адам тіркеле алмайды. Ішімдікке салынған адамды жолатпаймыз. Ер адамдарға қойылатын негізгі талап - оның тұрақты жұмысы болуы керек, немесе кәсіпкер болуға тиіс. Рухани жағынан дұрыс адамды қараймыз. Ақылы болғаннан кейін қарапайым адамдар көп жолай қоймайды», - дейді орталық басшысы.

Орталық басшысы өзіне қалталылардың келетінін жасырған жоқ.

«Мұнда адамдар іріктеледі. Қыздар да әншейін қаңғып жүргендер емес, оқыған қыздар. Ғылым кандидаттары, докторлар, мұнай компаниясында үлкен қызметте істейтін 2-3 дипломды қыздар бар. Үлкен мекемелерді басқарып отырған қыздар сеніп келеді. Сондықтан, мен оларға лайық ер адамдарды іздеймін. Қазір танысу қиын емес. Ол үшін ғаламтордың өзі жетіп жатыр. Мен келген адамның талғамына қарауым керек» , - дейді Райса Жақыпова.

Орталыққа келген адам ақылы анкета толтырады, өзін қысқаша таныстырып, видеоға жазылады. Қандай адаммен танысқысы келетінін айтады. Орталықта 68 адам шаңырақ құрғанын басшы мақтанышпен жеткізді. Айтуынша, адамдардың талғамы әртүрлі.

«Қазір әйелдер өзінен жас жігіттерді іздеп жатыр. Ал, ер адамдар қыздардың үлкен болғанын қалыпты деп қабылдайды. «Үлкен бола берсін» дейді. Қыздардың он жас үлкендігіне де мән бермейді. Қазіргі жастар оны еш ерсіліксіз қабылдайды. Біз арқылы он жас үлкен қыздарға үйленген ер адамдар бар. Олардың жеке бастарына ыңғайсыздық болмас үшін жекелеп тоқталғым келмейді. Мен ондай кезде қыз лжігіттің артынан жүгіретін шығар деп ойдайтынмын. Жоқ, керісінше, жігіттердің үлкен қыздардың артынан қалай жүгіргенін көзіммен көрдім. Ер адамдарды қылмен ұстай білетін қыздардың бар болғанына қуанамын», - дейді орталық басшысы.
Отбасы болғысы келіп, орталықты жағалап жүргендердің дені білдей қызметтегі адамдар болып шықты.

«Сауатты, үлкен қызметтегі адамдар көп келеді. Жұбын іздеушілердің арасында үлкен мекемелерді басқарып отырған басшылар көп. Үлкен оқу орны директорының орынбасары, декан қыздар бар. Бізге қарапайым адамдардың ақшасы жетпейді. Мен отбасы туралы оқытқанда әр нәрсені өз өмірімнен аламын. 35 жасымда тұрмысқа шықсам да, бәріне үлгердім. Мен отыз жасқа дейін адам үйленіп болу керек деп ойлаймын. Өмір қысқа, бәріне үлгеру керек», - дейді Райса Жақыпова.

Өз өмірінен алған тәжірибесін өзгелерге үйретіп жүрген орталық басшысы бұл қызметті қалай бастағанын да айтып берді.

«Мен өзім психологпын, 35 жасымда кеш тұрмысқа шықтым. Шүкір, жолдасыммен бірге 40 жылдан бері біргеміз. Мүмкін, ақшаға құнығып кеткен болуым керек, бір кездері қатты сырқаттанып қалдым. Аурудан тұрғаннан кейін «Серуен» орталығын 15 жыл бұрын адамдарға сауап жасау мақсатында аштым. Ол кезде қыздар жұмыс істеді. Олар тек ақша табудың жолын іздеді. 2000 теңгеге тіркеп, адамдарды таныстырды. Ол кезде қоңырауға да есікке де тыным болмайтын. Алқаштар аз болған жоқ. Қыз іздеп түрмеден шыққан адамдар да жүрді», - дейді «Серуен» оқыту орталығының директоры.

Ең алғашында орталық той ұйымдастыру жұмыстарынан бастаған. Тойды безендіруден, жас жұбайларға бал айын ұйымдастырып берумен айналысады. Кейін қыздар мен жігіттерді таныстыратын шағын агенттік қызметін атқарады

«Алты жыл орталықта танысу кештерін ұйымдастырдым. Адамдардың ойын білгім келді, қоғам қалай қабылдар екен деп ойладым. Үйленбей жүрген адамдар кімдер? Олар не себепті отбасын құрмай жалғыз жүргенін білгім келді. Би кештері арқылы жалғыз жүргендерді таныстырдым», - дейді ол.

Орталықта адамдардың жеке отырып кездесетін орны да бар. Олар шай ішіп отырып, үш сағаттай еркін сөйлеседі.
 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір