• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 06:05:16
Алматы
+35°

26 Мамыр, 2018 Саясат

KADEX-2018. Көргеніміз не? Түйгеніміз не?

Қазақстандық компаниялар қорғаныс өнеркәсіп саласында жетекші шетел компаниялармен 20 шақты құжатқа қол қойды.

Астана қаласындағы әуежайдың әскери секторы аумағында #KADEX2018 қару-жарақ және әскери-техникалық V халықаралық көрмесі өтті. 4 күнге созылған көрмеде Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения, Түркия, Иордания, Әзербайжан, Израиль, Италия сынды 40-тан астам елдердің өкілдері қатысуда. Сондай-ақ, Беларусь, Бельгия, Болгария, Бразилия, Германия, Израиль, Үндістан, Испания, Италия, ҚХР, Нидерланды, РФ, АҚШ, Сербия сияқты әлемнің 28 елінің 318 кәсіпорыны өз өнімдерін ұсынды.

Халықаралық шараға «Әлемдегі ахуал барлы елдерді қорғаныс қабілетін арттыруға ұмтылдырып отырғанын» айтқан Елбасы өзі қатысып арнайы құттықтау сөз сөйледі. Көрмеде 17 отандық  кәсіпорын 57 әскери техника мен 162 әскери-азаматтық мақсаттағы бұйымның тұсаукесерін өткізген. Президенттің айтуынша Астананың 20 жылдығымен тура келіп көрменің басты ерекшелігі «Қазақстандағы ғарыш күндері» атты форумның ұйымдастырылуы. Форум аясында әлемдік ғарыш саласының жетістіктеріне арналған арнайы павильон ашылған.

Әскери ұшақ

Біз не көрсеттік?

«Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясы мәліметіне сәйкес, «КАЕ» ЖШС жауынгерлік модульдердің жаңа түрлерін, электронды-оптикалық құрылғыларды, мобильді бағдарламалық-аппараттық кешенді, ал «Еурокоптер Қазақстан Инжинирг» ЖШС әртүрлі тікұшақ модельдерін таныстырды. С.Киров атындағы машина жасау зауыты полигон жабдықтарын, байланыс құралдары мен жаңғыртылған командалық штабтық машиналарды, «Тыныс» АҚ күштік құрылымдарға арналған амуницияны, сонымен қатар автокрандар мен арнайы техниканы көрсетті.

«КаМАЗ-инжиниринг» АҚ 10-нан астам жүк және арнаулы техниканы, «Қазақстан инжиниринг-811 автожөндеу зауыты» КМ-ЖБ базасында брондалған медициналық тасымалдағыш эвакуаторды ұсынды. «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС жаңа буынның сауытты-дөңгелекті машиналарын көрсетеді. Кәсіпорын «Барыс» сауытты машинасын 6×6 және 8×8 доңғалақты формуладағы үлгілерін әрі 4×4 доңғалақты формуладағы «Арлан» және «Алан» сауытты көліктерін көрсетуді жоспарлаған. Ал «Семей Инжиниринг» АҚ жаңартылған және конверсиялық сауытты техниканың жаңа үлгілерін, «Семей машина жасау зауыты» АҚ автомобильдер мен арнайы техниканың үлгілерін шығарды. «Зенит» Орал зауыты» АҚ және «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институты жаңа қайықтарды ұсынды. Аталған институт навигациялық жабдықтар мен сүңгуір техникасын да көрсеткен. Әрине бұл осы көрмеде ғана халыққа ұсынылған жаңалық емес.

Конференцияның алғашқы күні төрт панельдік сессия өтті: «Кеңестік броньдалған тех­никаны жаңарту. Жаңа тех­но­логиялық шешімдер», «Брон­далған доңғалақты машиналарды дамытудың заманауи үрдістері», «Ұшқышсыз басқары­латын ұшу аппараттары. Жаңа буындағы қарулану», «Оқ ату реактивті жүйесін жаңарту – жүйелерді жетілдіру». ҚӨК (қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің) ірі өндірушілері кеңестік бронь­далған техниканы жаңарту, оқ ату реактивті жүйелері, брон­далған доңғалақ көліктер және ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын шығару саласындағы заманауи зерттемелер бойынша  жобалар таныстырылды. Соны­мен бірге Т-72, БТР-80, БПМ-1, БМП-2 танкі негізінде заманауи ұрыс модульдерін және электр-оптикалық аспаптарды ықпалдастырудың қаншалықты қажеттігі сарапқа салынды. Жиында РЗСО БМ-21 «Град» кешенін жаңартуда қатты отын ракеталық қозғалтқыштарды пайдалану аспектілері, құрлық әскерлерін шынжыр табандыдан доңғалақты техникаға қайта жарақтандыру, бейбіт уақытта және ұрыс іс-әрекеттері кезінде  ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын тәжірибелік тұр­ғыда қолдану мәселелері кеңінен талқыланды.

Конференцияның екінші күні Қорғаныс және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың қатысуымен «Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбында пленарлық сессия өтті. Б.Атамқұловтың айтуынша, қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің бүгінде ел экономикасында өзін­дік маңызды орны бар және елеу­лі экспорттық әлеуетке ие. Бұл өз кезегінде әскери қуатпен қатар азаматтық сектордың дамуы­­­на да әсер етеді.  Бүгінде ҚӨК ғы­лыми қам­тымды жүйе болып табылады. Оның құрамына 9 мың адамды жұмыспен қамтитын 40 кәсіпорын кіреді. Ал «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әсет Құрманғалиев өз баяндамасында бесінші мерейтойлық «Kadex-2018» көрмесі таяуда құрылғаны­на 15 жыл толған «Қазақстан инжиниринг» ком­паниясының мерейтойымен тұспа-тұс келгенін атап өтті. 
«KADEX» халық­аралық көрмесі 2010 жылдан бері тұ­­рақты өткізіліп, осы уақыт аралы­ғын­да қорғаныс өнеркәсібі өнімдерін өндіру­шілер мен тұтынушылар арасын­дағы оңтайлы байланыс орнату мен да­мытуға қолайлы жағдай жасау және қорғаныс күштерін технологиялық тұр­ғыда жаңғырту мәселелері жөнінде тәжі­рибе алмасу үшін тиімді алаңға айна­лып үлгерді. Бұл сөзімізді аталған көр­меге қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен ға­рыш саласындағы отандық жә­не шетел­дік кәсіпорындар, жетекші конс­трук­торлық бюролар, ақпараттық қауіп­сіздік саласы бойынша ғылыми-зерт­теу институттарының қатысуының өзі дәлелдей түседі.

Көрмеге жер-жаһаннан жиналған қо­нақтар алдымен еліміздің Қарулы Күш­тері Әуе қорғанысы күштері авиациялық техникасының үлгілік өнер көрсетулерін тамашалады. Небір алып әуе кемелерін төмен құлдилатып, көкте шиырып, өршелене шарықтатқан қазақ қырандары шетелдік қонақтарға таңдай қақтырды. Сол сәттегі ұшқыштардың шеберлігі мен ширақтығы ұрыс өнерінің шарықтау шегі екендігі анық. Осы жерде биылғы жылы көрмеде 10 павильонның жұмыс істейтіндігін, оның ішінде Түркия, Қытай және Ресейдің 3 жеке павильоны, отандық «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ, «Қазақстан Пара­маунт инжиниринг» ЖШС, «Қазтех­нология» АҚ кәсіпорындарының павильондары, одан бөлек космонавтика саласының жетекші үлгілері ұсынылатын ғарыш қызметіне арналған «Ғарыш» атты дербес павильонның алғаш рет шығарылғандығын айтып өту керек. Сонымен қатар көрме алаңында 124 бірлік құрлық техникасы, 18 бірлік әуе және ұшқышсыз басқарылатын техникалармен танысу мүмкіндігі жасалған. Ең бір атап өтерлігі, көрмеге келушілер 2015 жылдың 12 қыркүйегінде еліміздің үшінші ғарышкері Айдын Айымбетовті қазақ даласына сәтті қондырған «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінің дәл өзімен таныса алады. Павильонның орталық бөлігінде «KazEOSat-1», «KazEOSat-2» жерді қашықтықтан зондтау серіктерінің 2 макеті қойылған.

Көрмеге қатысушы Семей машина жасау зауыты көпшілік назарына автомобильдер мен арнайы техниканың үлгілерін шығарған. Көрменің алғашқы күні-ақ әлеуетті тапсырыс берушілер мен қатысушылар кәсіпорынның шынжыр табанды тасымалдау-тартқышын (ШТ-Т) көріп, экологиялық басымдығына, құры­лымының қарапайымдылығы, жөндеуге жарамдылығымен ерекшеленетіндігіне және құмды жерлерде төмен жүктеме қабілетімен күрделі климаттық жағдай­лардағы жұмыстарға пайдалануға арнал­ған көрсеткіштеріне көз жеткізді. Ал көрмедегі басты кәсіпорындардың бірі – «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС – еліміздің қорғаныс өнер­кәсібі көш­басшыларының бірі болып отыр. Кәсіпорын шығаратын «Барыс» броньды машинасының 6х6 және 8х8 дөңгелекті формуласындағы үлгілері, со­нымен қатар 4х4 дөңгелекті формуласын­дағы «Арлан» және «Алан» броневиктері де көрмеге келушілер назарына ұсы­нылды. Егер «Барыс 8х8» «KADEX-2016» көрмесінде ресей­лік «АУ-220М» жауынгерлік моду­ліне орналас­қан 57-мм автоматты зең­­бірегімен көр­сетілсе, осы жылы БДМ отандық өнді­руші «КАЕ» ЖШС әскери мо­дулімен көр­меге қойылған. Зауыт­тық және көрсеті­лімдік екі жылдық сынақ­тардың нәтижесінде «Барыс 8х8» бірқа­тар конструк­торлық, техникалық және так­тикалық өз­герістерден өткізілген. Көр­менің қонақ­тары ең танымал қазақ­стандық бронь­ды машина – «Арланмен» қатар, алғаш рет көп мақсатқа арналған «Алан» маши­насымен де танысты. Бұл көлік әртүрлі құқықтық тәртіпті сақ­тау, арнайы жа­сақ және айрықша әре­кет ету тобы­ның операциясына, ішкі қауіпсіздікке, шекараны шолғындауға және қарулы қақ­тығысты жоюға арнал­ған.

Ал Көкшетау қаласында орналасқан «Тыныс» АҚ бас директоры Қайрат Қал­манбаев «KADEX-2018» көрмесіне авиа­циялық саладағы өнімдерді жеткіз­ген­діктерін және бұл өнімдер қазіргі уақытта Ресей, Беларусь елдерінде кең сұ­ранысқа ие екендігін атап өтті. «Ты­ныс­тың» ұсынатыны – 100 пайыз отандық өнім. Сондай-ақ кәсіпорын жеке сақтандыру амунициясы, брондалған күртеше, брондалған қалқанның озық үлгілерінің де өндірісін жолға қойған. – «Болашақтың жауынгері» атты жобамыз да қазір сұранысқа ие болып отыр. Бұл жоба түнгі дүрбілер, нысана көздеу жабдықтарымен толықтырылды. Көрме­нің алғашқы күнінде Иордания Король­дігімен келісімге қол жеткіздік. Ресейлік компаниялар да жаңа жобалар бойынша келісім жасауға мүдделілік білдіруде, – деп атап көрсетті Қ.Қалманбаев. Сөз орайы келгенде кәсіпорынның авиация саласындағы өнімдеріне бәсе­келестік жоқтың қасы екендігін және өзге өнімдер бойынша отандық кәсіпорынның тек сапалық көрсеткіштер бойынша озық тұрғандығын айта кету керек. Демек «KADEX-2018» көрмесі «Тыныстың» тынысын аша түсетіндігіне еш күмән жоқ.

Ал оралдық «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ бас директоры Александр Гнело­ме­довтың сөзіне қарағанда, аталған кәсіп­орынның 40 жылдық тарихында әс­кери-әуе күштерінің керек-жарағын, су көліктерін жасауда елеулі табыс­тарға қол жеткізген. Шағын кемелер, маман­дандырылған техникалар, сүңгуірлердің құрылғылары қазір Қарулы Күштер жасағының құрылымдарында кеңінен пайдаланылады. – Қазір шетелдік тұтынушылармен байланысымыз жолға қойылған деп айта алмаймыз. Алайда бізге ең алдымен отандық тұтынушылармен байланысты жетілдіру қажет. Өнімдерімізді жер­гілікті құрылымдар көптеп алса – мақса­тымызға жетеміз. Ал бұл үдеден шығу­ға «KADEX-2018» көрмесінің пайда­сы тие­ді деп ойлаймын, – дейді А.Гнело­медов.
Астана қаласының 20 жыл­дығына тұспа-тұс келген «KADEX-2018» көрмесі жаңа форматта өтті. Көр­менің ғылыми-іскерлік бағдарламасы аясын­да алғаш рет «Қазақстандағы ғарыш күндері» халықаралық форумын және «Cyber and Digital Security», «Advan­ced Def Tech» конференцияларын өткізу қарастырылған. Оның бірін­ші күніндегі жиынға қорғаныс өнер­кәсібі кешенінде жұмыс істейтін компа­ниялардың өкілдері, Қазақстан, Ресей, Қытай, Түркия, Беларусь және басқа елдердің ғылыми-зерттеу институттары мен конструктор ұйымдарының мамандары қатысты. Олар әскери-техникалық ынтымақтастықты тиімді дамытудың өзекті мәселелері, қорғаныс-өнеркәсіптік саланы жаңғыртудың стратегиясы мен тетіктері, жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ көрменің алғашқы күні шетелдік құрметті қонақтардың қаты­суымен «Қазғарыштың» 25 жылдығына арналған «KADEX - 2018» эмблемасымен бірге арнайы пошта мөрқалыбы соғылған пошталық марканы соғу салтанаты өтті.

Көрмеде неге қолжеткіздік?

Әскери ұшақ

Астанада V Халықаралық KADEX - 2018 қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі алаңында қазақстандық компаниялар қорғаныс өнеркәсіп саласында жетекші шетел компаниялармен 20 шақты құжатқа қол қойды.

«Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы мен француздық Tales әскери-техникалық өзара ынтымақтастықты дамытуға келісті. Тиісті меморандумға «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әсет Құрманғалиев пен Tales-тің ТМД-дағы өкілдігінің басшысы Реми Поль қол қойды.

«Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ және түркиялық Otokar көлік құралдарын, оның ішінде брондалған көліктерін өндіру саласында ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отыр, бұл туралы меморандумға екі компанияның басшылары қол қойды.

Сонымен қатар, «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компанияның құрамына кіретін кәсіпорындар қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастыққа бағытталған 20-дан аса құжаттарға қол қойды.

«С.М. Киров атындағы зауыты» АҚ және үнді Zen Technologies Limited күш құрылымдардың мамандарын дайындауға арналған түрлі симуляторлар-тренажерлерді бірлесіп өндіруге келісті. Тиісті келісімге екі кәсіпорынның өкілдері қол қойды.

«Семей инжиниринг» АҚ және «Әскери-өнеркәсіп компания» (Ресей) БТР-80 күрделі жөндеуге қосалқы бөлшектерді жеткізу бойынша келісімшарт жасасты. Жөндеуді қазақстандық зауыт жүзеге асыратын болады.

Сонымен қатар, БТР-80 күрделі жөндеу үшін қосалқы бөлшектерді жеткізу бойынша қолданыстағы келісімшартқа екі қосымша келісім жасалды.

«Семей инжиниринг» және үнді Larsen & Toubro БМП-1 арасында құрамдас бөлшектерді экспорттау туралы ынтымақтастық меморандумға қол қойды.

«Тыныс» АҚ пен «Семей инжиниринг» АҚ өндіретін бұйымдардың гальваникалық жұмыстарын орындау туралы келісім, өндірісті оқшаулау бағдарламасының шеңберінде жауынгерлік машиналарды өрт сөндіру жүйелермен бірлесіп жабдықтау туралы меморандум, «Батыс-Қазақстан машинақұрастыру компаниясы» АҚ пен БМП-2 қару-жарақ үшін 2А42 сатып алу туралы меморандум жасалды. Польшаның Wtorplast, болгариялық «Металлика Коммерс» компаниялармен «Семей инжиниринг» негізінде экспортқа кететін брондалған танк техникасын бірлесіп жөндеу және жаңғырту туралы меморандумдар, болгариялық «Терем холдингпен» – брондалған техниканы бірлесіп жаңғырту және қосалқы бөлшектерді өзара жеткізу туралы меморандум жасалды.

«Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС (ЕСКЕ) және Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қол қойған меморандумға сәйкес жергілікті атқарушы орган Н125 екі тікұшақты сатып алу мүмкіндігін қарастыратын болады.

«ЕСКЕ» және «Казавиаспас» АҚ Қазақстан ІІМ ТЖК авиацияның тікұшақтар паркін 20 бірлікке арттыру (Н125, Н130 түрлері) туралы меморандумға қол қойды.

«ЕСКЕ» және «Aeroprakt.KZ» BO105 типті 8 тікұшақты сырлау туралы меморандум жасады.

«КАЕ» ЖШС және белоруссиялық «Белспецвнештехника» Қазақстан Қарулы күштерінің брондалған техниканы дефектациялау туралы келісім жасалды, жұмыстар 2018 жылдың екінші жартысына жоспарланған.

«Тыныс» АҚ, «ЦВСИ» АҚ және ресейлік «НЦПЭ» бағдарламалық жасақтамасы бар ПҰА өндіру технологияларын жасау бойынша ынтымақтастық меморандумға қол қойды.

Иорданияның First Armour KDDB компаниясымен кевлар дулығаларын өндіру туралы, D&D Dynamit Nobel Defence неміс компаниясымен өндірісті оқшаулау бағдарламасының шеңберінде жауынгерлік машиналар және ТЖ жүйелерде қолданылатын өрт сөнд.іру жүйелерін өндіру туралы келісімшартқа қол қойылды.

«Петропавл ауыр машинақұрастыру зауыты» (ПАМЗ) және сербиялық Yugoimport SDPR Қазақстанда қару-жарақ пен әскери құралдарды сату, құрастыру және өндіру бағыттары бойынша, нақты айтқанда Д-20 және Д-30 гаубицаларды жаңғырту, Alas танктерге қарсы зымырандарды бірлесіп шығаруды ұйымдастыру бағыттары бойынша ынтымақтастық меморандумға қол қойды.

«ПАМЗ» және ресейлік «СпецПожТех» ПАМЗ алаңдарында құралдарды шығару өндірісті орналастыру бойынша меморандум жасасты.

«Қазақстанның авиация индустриясы» ЖШС (ҚАИ) және түркиялық TAI ҚАИ негізінде ұшу аппараттарын жинақтау мүмкіндігін қарастыратын өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Көрмеге Түркияның өзінен 21 компания келді. Көрме аясында «Қазақстан Инжиниринг» холдингі мен Түркияның «Отокар» компаниясы серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Түркия Республикасы қорғаныс өнеркәсіп басқармасы төрағасы профессор Исмаил Демир«KADEX-2018»        көрмесі аясында Қазақстан қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловпен кездесті.   Дмир мен Атамқұлов кездесуде екі ел арасында қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық тақырыбын қолға алды. Сонымен қатар түрік және қазақ фирмалары арасындағы ынтымақтастық келісімдерінің қол қою рәсіміне қатысты. Көрмеде Рокетсан мен Қазақстан арасында ортақ зымыран дамыту үшін бір келісім жасалды. Келісімге Рокетсан зымыран өнеркәсібі және сауда фирмасы мен Қазақстан Инжиниринг ұлттық фирмасы арасында қол қойылды.

Бастысы көрмеге Түркияның «Солотүрк» пилотаж тобы арнайы авиашоу жасау үшін келді. «Түрік F -16 «Солотүрк» пилотаж тобы 2011 жылы Түркия әуе күштері қолбасшылығының 100 жылдығына орай құрылған. «2018 авиа шоуы маусымы  «Солотүрктің» 7 жылы болып табылады. «Солотүрк» пилотаж тобы ұшақты ұшыратын 2 ұшқыш пен бұқарамен байланысқа жауапты офицерді қосқанда жалпы саны 11 персоналдан тұрады. Пилотаж алғашқы авиа шоуын 2011 жылғы 15 сәуірде Анкарада Президент пен мемлекеттік хаттамаға қатысқан ресми баспасөз мәслихатында орындаған. Сонымен қатар, «Солотүрк» 2011 жылы Fairford/Англияда 29 авиа шоу тобы қатысқан Халықаралық Корольдік авиа шоуда «Ең үздік ұшу көрсетілімі» номинациясы бойынша «Король Хүсейіннің қылышы» марапатына ие болды.  Ал 2013 жылы Англиядағы авиа шоуда «Солотүрк» «Ең үздік соло пилотаж тобы» сыйлығын иеленді. 2017 жылғы шоу маусымында Словакияда өткен Халықаралық Аэро фестивалінде «Ең үздік көрсетілім экипажы» сыйлығын жеңіп алды.

Не түйдік?

7 мамырда Отар полигонында Елбасының өзі қатысуымен әскери жаттығу-шоу өткен болатын. Үш мыңға тарта әскер, үш жүзден аса қару-жарақ пен әскери техника Мәтібұлаққа жауынерлік парадқа жиналған. Қазақстанның қорғаныс әлеуетін әлем көрді. Қазақ елі Советтік жүйенің шекпенінен шықса да кешегі қорғансыз ел емес, бейбітшілікті ту еткен, әскери салаға айтарлықтай қаржы бөлетін ел. Олай болуы заңды да. Алып территорияны бабалар аттың үстінде қорғап, аманат етіп кеткенде ие болу һәм болашаққа аманаттау керек.

Kadex көрмесі жыл сайын өтеді, бос қаржы жұмсап жатырмыз дейтіндер табылар. Алайда біз жоғарыда осы көрме аясында қолжеткізген келісімдердің тізімін жасадық. Іргеміз бекіп, қалқанымыз қалыңдай түсуі үшін ол қажет. Оның үстіне Астанада осы халықаралық көрме өтіп жатқанда теріскей көршіміздің баспасөзі жақтырмайтын позициясын білдіріп қалды. Forbes жинақтаған ақпаратқа қарағанда, RUECONOMICS.RU «Оларға НАТО керек емес, Қазақстан Ресейдің әскери стандартын таңдайды» деп мақала жазған. Ал, ТАСС болса «Қазақстан Ресейден қандай қару сатып алып жатыр» деген мақаласында ТМД-да Қазақстанның алғашқы болып 1992 жылы Ресеймен әскери ынтымақтастық жасағанына мән берген. EADAILY.COM болса Қазақстанның Түркиямен жасасқан әскери техника шығару туралы келісіміне аса мән беріп, Каспийден Қаратеңізге канал ашылса Қазақстан теңіз державасына айналады деген. Естеріңізде болса жақында ғана Сочидегі ЕАЭС жиынында Қазақстан президенті Каспийден Қаратеңізге канал ашу мәселесін көтерген. Осындай ақпараттардың Kadex көрмесімен тұспа-тұс шығуы әрине халықаралық көрменің біздің еліміз үшін тиімділігінен хабар береді.

Көрме аясындағы ерекше жаңалықтың бірі кибершабуылға қарсы құрылатын қорғаныс штабы болса, екіншісі Беларусиямен жасасқан атомды бейбіт пайдалану туралы келісіміміз.

Қазақстан қарулы күштері көбінесе негізінен Совет одағы тұсында және Ресейде шыққан Т-72 танктері, БМП-2, БТР-80А және БТР-82А бронды машиналары, МиГ-27, МиГ-23, МиГ-29, МиГ-31, Су-27 ұшақтарымен жабдықталған.

Соңғы статистика бойынша Қазақстан шабуылдаушы ұшақ саны жағынан әлемде – 20, жойғыш ұшақтар бойынша – 23, әскери транспорттың авиация бойынша – 53, әскери тікұшақтар бойынша – 54, танктер жөнінен – 49, бронды техника бойынша – 44, өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылар саны бойынша – 24, сүйрейтін зеңбіректер жөнінен – 18, реактивті атыс қарулары бойынша 12 орында екен. Ал әскери бюджетіміздің көлемі 2 млрд 435 млн АҚШ доллары көлемінде деседі. Бір сөзбен айтқанда, қазақ әскері ел тыныш­тығын күзетуге қауқарлы, бабалардың ерлік жолын жалғастырушы құрылым ретінде нығайып келе жатыр.

Рас біздің әскери техниканы Ресейден сатып алатынмыз жасырын емес. Сатып алушы ел ретінде өз өндірісімізді қалыптастыру үшін осындай көрме керек екені сөзсіз!

 

Дайындаған Ақан Бектас

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір