• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 09:10:49
Алматы
+35°

15 Қаңтар, 2018 Саясат

Forbes: Назарбаев – өңірдегі кез келген көшбасшымен салыстырғанда, үздіктердің бірі

Соңғы он жылдықта Назарбаев елді көршілер мен кең байтақ Орта Азияға үлгі болатындай, заманауи түрде өзгертуге күш салды

Forbes басылымы мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары қарсаңында «Қазақстан президенті Трамптың Ақ үйіне бет алды» атты Кеннет Рапозаның мақаласын жарияланды. Qamshy.kz аталған мақаланың үзінділерін назарларыңызға ұсынады.

Автор «Қазақстандағы мобильді интернет Бразилия, Ресей және Үндістанмен салыстырғанда жылдамдырақ. Тіпті, Үндістанмен салыстырғанда екі есе жылдам. Бұл Каспий теңізіндегі газ бен мұнайға бай 77 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын Қазақстан»,-деп бастайды мақаласын.

Кеннет Рапоза Назарбаевты басқа көшбасшылармен салыстырғанда, өңірдегі үздіктердің бірі екенін айтқан. «Еуропалық Одаққа мүше болған Балтық өңіріндегі 3 елді қоспағанда, бұрынғы кеңес елдерімен салыстырғанда, Қазақстанда саяси жағдай тұрақты». 

«Ол уақытта барлығы қаншалықты ойдағыдай жақсы нәтиже боларын болжау мүмкін емес еді. Назарбаев Қазақстанды әлемге таныстырды», – дейді АҚШ-тың осы елдегі бірінші елшісі, RAND корпорациясы бизнес-көшбасшылар Форумының атқарушы директоры Уильям Кортни.  

Назарбаев өкіметті бір қалыпты басқарады. Ол үшін посткеңестік дәстүрге сай, геосаясатта көп векторлы ұстанымды сақтай отырып, билікті тармақтарға бөлу маңызды. Мұнда Ресей, Қытай және Батыс ерекше рөл ойнайды, бірақ бір-біріне қарсы шықпайды.

«АҚШ Қазақстаннан Ресей мен Қытайды шеттетуді мақсат тұтпайды. Ал Ресей Қазақстаннан АҚШ-тың энергетикалық компаниясы мен қорғаныс стратегиясын ығыстыра алмайды», – дейді ол.

Назарбаев АҚШ президенті Трамптың жаңа Оңтүстік Азия стратегиясын қолдады. Бұл туралы қыркүйекте Ақ үй хабарлады. Жаңа стратегияның ішінде Ауғанстандағы тәлібтерге қарсы күресті күшейту, Ауғанстанға қарсы содырларды өз елінде жасырғаны үшін Пәкістанға санкция енгізу бар. Трамп пен Назарбаев телефон арқылы сөйлескенде, АҚШ президенті «Қазақстанның аймақтық және ғаламдық көшбасшылығы, оның ішінде, қаңтардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық етуі үшін алғысын білдірді».

Кеннет Рапоза «Нұрсұлтан Назарбаев – бұрынғы Совет Одағының Ангела Меркелі емес. Соңғы он жылдықта Назарбаев елді көршілер мен кең байтақ Орта Азияға үлгі болатындай, заманауи түрде өзгертуге күш салды»,-дейді.  

«Қазақстан ядролық қаруға тыйым салу жөнінде кампанияны басқарып, Астанада Сирия бойынша бірнеше мәрте бейбіт келіссөз жүргізуге ұйытқы болды. Ол Астана процесі ретінде танылған. Назарбаев өзіне Орталық Азиядағы делдал ретінде қарағанды қалайды. Бұл тұрғыда ешкім оған бәсекелес бола алмайды».  

2018 жылы «Шеврон» капитал салу мен барлау бағдарламасын жария етті. Оған 18,3 миллиард АҚШ доллары бөлінді. Соның 3,3 миллиарды АҚШ-тағы Пермиан бассейніне, ал 3,7 миллиарды Қазақстанға жіберіледі. Биыл  бұл компанияның Қазақстан аумағында жұмыс істегеніне 25 жыл толады.

Рапозаның пікірінше, егер мұнай бағасы ойдағыдай болса, Теңіз бен Қашаған Назарбаевтың заманауи Қазақстанды құру міндетінің орындалуын нығайта түседі. Қытайлар да көмектеседі. Қытай Қорғасқа миллиондап қаржы құйды. Қорғас – екі елдің шекарасында орналасқан әлемдегі ең ірі құрғақ порттардың бірі.

«Қазақстан Қытайдың көп ғасырлық Жібек жолын қайта жандандыруды қолдайды» дейді Лондондағы «Фокус Экономикс» компаниясының экономисі Нихад Ахмед.

Назарбаевтың Вашингтонға сапары қарсаңында «көңілі күпті емес». Елге Ресейдің баса көктеп кіру қаупі жоқ. Революция жоқ. Қытайдан немесе «Шеврон» компаниясынан инвестициялар басқа «стандарға» емес, дәл Қазақстанға түсіп отыр. Бұл инвестициялар азаматтық шиелініс себебінен Украинаға да құйылып отырған жоқ.

Саясаттанушы Омеличева «Оны әділетті бағалауымыз керек. Оның жүргізіп отырған саясатының көп тұсын сынауға болады, бірақ ол барлық жағынан – көреген көшбасшы. Назарбаевтан басқа елді аяғынан тік тұрғызу үшін көп жыл қатарынан білімге инвестиция құйған бірде бір президент ойыма келмей тұр. Қазір соның жемісін көріп отыр»,-деп пікір қосады.

Кеннет Рапоза өз мақаласын «Назарбаевты ел қалай қабылдаса да, оның Совет Одағы құлағаннан кейін саяси тұрақтылықты сақтап келгені айдан анық. 30 жылдың ішінде ол елді біріктіре алды» деп түйіндейді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір