• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

09 Мамыр, 02:48:20
Алматы
+35°

20 Желтоқсан, 2017 Әлеумет

Ерлан Қарин: Дәстүрлі бағыт пен жаңа медианы бөліп қарастыруға болмайды

Шара мақсаты – қазақ тілді сайттарды дамыту, контент сапасын арттыру және өзекті мәселелердің шешімін табу.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» РТРК» АҚ ұйымдастыруымен Астанада қазақ сайттары редакторларының форумы басталды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Форумды АҚШ елшісі Джордж Крол ашты.

Шара мақсаты – қазақ тілді сайттарды дамыту, контент сапасын арттыру және өзекті мәселелердің шешімін табу.   

Форум барысында сөз бастаған Қазақстан Баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев шараның табысты өтуін тіледі.

«Қазақстанның ақпарат құралдары дамыса, еліміздің ұлттық қауіпсіздігі де нығаяды. Сайттар – қазіргі заманның үздік құралдары. Интернеттің ықпалы газеттерге қарағанда кеңірек», - деді Балбаев.

Астана - форум

Ал «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин Ұлттық арнаның шараны ұйымдастырудағы мақсатын айтты.

«Қазақ медиа саласында жүрген азаматтарға әдістемелік көмек болсын деген мақсатта ұйымдастырдық. Жаңа әдістер, технологиялар қолдану керектігі жөнінде пікір алмасу тәсілі арқылы өтсін деген ойдамыз. Ұлттық арнаның қандай қатысы бар десек, бүгінгі таңда дәстүрлі бағыт пен жаңа медианы бөліп қарастыруға болмайды. Екеуі бір-бірімен ұштасып, тығыз байланыста дамып жатыр. Біз телевизиялық өнімдерді шығарумен айналысып жатсақ та, Ұлттық арнаның алдында тұрған негізгі мәселенің бірі, интернет саласы арқылы өнімдерімізді кеңейту. Болашақта жаңа өнімнің барлығы осы салада кеңірек дамитыны анық», - деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ, осы салаға қатысты Ұлттық арнаның алдағы жоспарымен де бөлісті

«2018 жылдың қаңтар айында Қазақстан ұлттық арнасының жаңа қосымшасын назарларыңызға ұсынамыз. Мүмкіндігінше шетелдік тәжірибені, қазіргі аудиторияның сұранысын, талабын ескере отырып жасауға тырысамыз. Теле сериалдар мен фильмдер үшін де жаңа қосымшалар дамитын болады. Бұдан басқа келесі жылдың бірінші жартысында тағы бір үлкен шараны ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Онда Қазақстаннан өзге шетелдік мамандарды да шақырып семинарлар өткіземіз. Біздің мақсатымыз – осы саладағы мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану, көрермендерге, өнімдерді тұтынушы аудиторияға жаңа өнімде, жаңа форматта ұсынғымыз келеді. Бұл бәріміз үшін пайдалы жиын болмақ», - деді Ұлттық арнаның басқарма төрағасы.

Қазақстанның түпкір-түпкірінен блогерлер мен сайт редакторлары жиналған форум бүгін кешке дейін жалғасады. Айта кетейік, форум 2012 жылдан бері елімізде дәстүрлі түрде жалғасып келеді.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір