• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 13:37:07
Алматы
+35°

21 Тамыз, 2017 NEWS

Ерболат Беделхан: «Алашұлына» бақыт тілеймін!

«Алашұлы»: Бұл бейнебаян - біздің азаматтық позициямыз

Жуырда ғана Алашұлдарының «Пай-пай-пай» атты әніне түсірілген бейнебаян жарыққа шыққан болатын. Клиптың бірнеше секундтық тизері әлеуметтік желілерде таралған сәттен-ақ, Алашұлы тобы мен жаңа туындылары талқыға түсіп, қоғамда екі түрлі пікір қалыптастырған болатын. Атап айтар болсақ, елімізде белең алып жатқан заманауи стильдерге қатысты ұлттық мүдденің жойылып бара жатқандығынан көрініс беріп, батыс елдерінен елімізге сіңген мәдениеттің жастар арасында кеңінен таралып, ұлтымызға тигізіп жатқан кері әсерлерін өнер арқылы ашып көрсеткен. Желі қолданушылары "Алашұлдарының" бұл бейнебаянын тікелей "91" тобына бағытталған деп, Q-pop фанаттары клипке қатысты өзіндік көзқарастарын білдіріп, екі топты өзара салыстыра кетті. Қысқа ғана мерзімде халық арасына кеңінен таралып кеткен аталмыш бейнебаян, жоғарыда атап өткеніміздей, қоғамның пікірін екіге жарып, екі түрлі позицияны қалыптастырды. 

Бірі – қазақ ер-жігіттерінің бұл іс-әрекеттерін құп көріп, алғыстарын білдірсе, өздерін Q-pop стилінің өнерпаздары және фанаттары ретінде санайтындар аталмыш топты 91 тобымен салыстыра түсіп, түрліше негативті пікірлер айтқан болатын. Өнерпаздың өмірі мен іс-әрекеттері қашан да елдің назарында, халықтың талқысында жүреді. Қоғамда туған дауға қатысты бейнебаянның қандай мақсатта түсірілгеніне байланысты Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі екі жақты – «Алашұлы» тобы мен «91» тобымен сұхбаттасып, пікірлерін білуге тырысты.

Толық нұсқасы шықпай жатып біраз елдің сынына іліккен Алашұлдары аталмыш бейнебаянға қатысты былай дейді:

«Жалпы бейнебаян жайында айтар болсақ, бұл клип – біздің азаматтық позициямыз, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде болашаққа деген алаңдаушылығымыз, азаматтық көзқарасымыз. Көптен бері ойымызды мазалап жүрген сұрақтар. Осы тұрғыда өзіміздің азаматтық позициямызды білдіріп, осындай дүниені жасап шығарғымыз келді. Ал кез келген шығармашылық процесс сценарийден басталады. Клиптің режиссері – Анвар Маджанов және де Алмас деген жігіт, барлығымыз ойымызды ортаға салып, ақылдастық.

Қазақ елінің елдігін, ұлттық мүддесін құртатын мұндай дүниелер – елімізге сырттан еніп жатқан күш. Осы процесті қалай көрсетеміз деген сұрақ туындады бізде? Яғни, қалада, аулада қарапайым қазақтың қыз-жігіттері ойнап, көңіл көтеріп жатқан жерінен ерекше стильде киінген бір адам келіп, барлығын өзінің соңынан ертіп алып кетеді. Сол ерекше киімді адам арқылы біз сырттан келіп жатқан мәдениетті көрсеткіміз келді. Әлеуметтік желіде барлығы «қызыл киімді» адамды талқыға салып, әркімге теңеп жатыр. Алайда бұл адам белгілі бір топтың жетекшісін немесе продюсерін көрсетіп, мазақ қылу емес. Бұл – шығармашылық подход, аллегориялық кейіпкер деп атаса да болады. Клипте бізге қарсы к-поперлар, готтар, фрикилар секілді мәдениеттің адамдары болады. Елімізде қатты белең алып жатқан басқаша ұғымдағы мәдениеттер өте көп және де оларға қосылушы топтар да көбейіп келе жатыр.

Қазақ халқы – өте еліктеуші халықпыз. Иә, шеттен үйрену керек, заманның ағымымен бірге даму керек. Алайда біздің ұлтымыздың да өзге халықтардан артықшылығымыз өте көп. Қазақ ұлтының мәдениет, тектілік, қан тазалығы деген секілді нәрселерді шетелдіктер бізден үйренгісі келеді. Бірақ қолда барда алтынның қадірін білмей жататын тұстарымыз бар. Керісінше олардың мәдениетін өзіміздің елімізге алып келіп, қоғамды улап жатырмыз. Осы сынды бірқатар мәселелерге байланысты Алаштың ұлдары ретінде, өзіміздің алаңдаушылығымызды білдіріп, өзіндік көзқарасымызды білдірдік».

– Пай-пай-пай» әнінің клипіне қатысты әлеуметтік желі қолданушылары түрліше пікір айтуда. Бұған не дейсіздер?

– Аталмыш туындымызға қатысты әлеуметтік желіде көптеген жағымсыз пікірлер жазылып жатыр. Ең сорақысы, бұл пікірлерді өзіміздің бауырларымыз, қазақтың қара домалақ балалары білдіруде. Әрине қолдан келер шама жоқ. Бәлкім, басқаша түсініп қалған болу керек.

Кәсіби көзқарасқа келер болсақ, бұл бейнебаянға қатысты көптеген клиптер, кинолар түсіріп жүрген режиссерлар, кәсіби мамандар өздерінің оң бағасын беріп, «Өте жақсы» деп бағалауда. Сонымен қатар, шетелден, әсіресе Түркия, Қытай елдерінен өздерінің ризашылықтарын білдіріп, сапасына «өте жақсы» деп бағаларын беріп жатыр. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, Түркияда да белең алып жатқан мәселе екен. Сол елдегі қандастарымыз көптеген жағымды, жақсы пікірлер айтуда.

Бұл мәселені доғара алмаспыз, бәлкім, алайда біздің туындымыз өзіміз секілді ойлайтын, еліміздің болашағына алаңдайтын адамдардың мүддесі үшін арналған дүние деп қабылдаған жөн.

– 91 тобымен салыстырып, біршама пікірлер айтылды. Осыған қатысты не айта аласыз?

– 91 тобына қатысты көп айтылып жатыр, ол балалардың еңбекқорлығына, шығармашылықтарына ешнәрсе демеймін. Жақсы әндері бар. Өнердегі інілеріміз болып келеді, сол себепті де олардың беттерінен алып, аяқтарынан шалу деген ешқандай да ой жоқ.

Ал әлеуметтік желідегі жазылып жатқан пікірлерге қатысты ешнәрсе дей алмаймын. Әркім не жазса да, өзі біледі. Ең бастысы, біз көп сөйлегеннің орнына іс-әрекетімізбен көрсетуді жөн көрдік.

Алашұлдарының пікірлері осылай болды. Ал, аталмыш бейнебаянға қатысты «91» тобы не дейді?

Топ мүшелерінің өздерімен байланысқа түсу мүмкін болмағанмен, біз олардың продюсерлері Ерболат Беделханға қоңырау шалып, Алашұлдарының бұл туындысына айтар пікірін білмек болдық. Алайда аталмыш бейнебаянға қатысты қандай да бір пікір білдіруге үзілді-кесілді қарсы болған Ерболат Беделхан: «Мен бұған қатысты ешқандай да пікір білдірмеймін, бұл клипті көрген де жоқпын. Оларға ешнәрсе деп жауап бермеймін. Алашұлына тек бақыт тілеймін», – дегеннен басқа ешнәрсе айтпады.

Жастар арасында қызу талқыға түскен бейнебаянды назарларыңызға ұсына отырып, өз пікіріңізді білдіруіңізді сұраймыз.

Назерке Лабихан

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір