• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 03:46:08
Алматы
+35°

18 Қаңтар, 2018 Әлеумет

Ең төменгі жалақы қанша күнге жетеді?

180 теңгеге бір лимон өлшетіп алып, тұмаудан емделдім. 250 грамдық «Пиала» маркалы  шайы үшін  690 теңге төледім.

Елімізде биылғы жылдың қаңтар айынан бастап ең төменгі жалақы көлемі 28 мың 284 теңгені құрапты. Осы мардымсыз жалақымен күнелтіп отырған жанұя келесі айлыққа дейін қалай жетеді деген сауалға журналистік әуестікпен жауап іздеп, еңбекақымды қолға алғаннан кейін 28 мың 284 теңгені бөлек алдым да бір  айлық күнкөріс жоспарын жасадым.

Ауылда анам мен әкеме еркелеп өскен қазақтың қызымын. Жасыратыны жоқ  не ішем, не жеймін деген уайым менде болған емес. Бүгінде ата-анамнан жырақта жүрсем де қаржы тапшылығын әлі күнге сезінген кезім жоқ. Семейге келгелі  өзге достарым секілді жалға пәтер іздеп сабылған жоқпын. Әлі күнге әжемнің үйінде аға жеңгеммен бірге тұратындықтан пәтер ақы мен коммуналдық қызметтер үшін де шығындалмаймын. Жұмыс орным  үйге жақын болғандықтан, жол ақыға кететін 160 теңгем де қалтамда қалады. Түскі асты да үйден тасимын. Тек күнделікті нан пұлға кететін ұсақ-түйек шығындарымды есептеп, екі аптаға күнделік жасап көрдім. Сонымен:

1 қаңтар. Жаңа жыл қарсаңында үйдегілердің бәрі Астанаға жол тартты. Әзірше үйде өзім би, өзім қожамын. Мерекеден қалған тәтті-дәмдіге тойып алдым да, құрбыма жол тарттым. Жолай 1550 теңгеге торт алдым. Жол ақысына  160 теңгеге шығындалдым.

2 қаңтар. 90 теңгеге бір бөлке қара нан, 500 теңгеге жарты келі май алдым.

3 қаңтар. 180 теңгеге бір лимон өлшетіп алып, тұмаудан емделдім. 250 грамдық «Пиала» маркалы  шайы үшін  690 теңге төледім.

4 қаңтар. Жұмысым компьютермен байланысты болғандықтан, көзім көптен бері мазалап жүр. Өзім тіркелген ауруханада медициналық картам жоғалып кеткен. Оның үстіне бұл ауруханада көз дәрігері де тапшы болып шықты. Кеңес алу үшін науқастар бір ай бұрын жазылып қояды екен. Амал жоқ, ақылы медициналық көмекке жүгіндім. Офтольмологиялық орталыққа барсам, дәрігердің қабылдауы 4000 теңге болып шықты. Қосымша анализ үшін 350 теңге төледім. Көз қысымым қалпында, дәрігер аллергия деген диагноз қойды. 1550 теңге Комбинил-дуо, 910 теңге гидробаланс, 1890 теңгеге ирифрин дәрілерін алдым. 160 теңге жолға кетті.

5 қаңтар. Телефонымда бірлік таусылды. 790 теңгеге «сұхбат +» тарифіне қосылдым. Бұл тариф те жаңа жылдан бастап 190 теңгеге қымбаттапты.

6 қаңтар. 870 теңгеге томат пастасын, 355 теңгеге 2 келі макарон, 910 теңгеге 2 литр күнбағыс майын алып, тоңазытқышымды қалтамдағы қаржыма сәйкес толтырып қойдым. Сөреде самсап тұрған шұжықтарға көзім түсіп кетсе де, өзімді тоқтаттым.

7 қаңтар. 1540 теңге пияз, орамжапырақ және картопқа кетті.

8 қаңтар. Бұл күні сүтке 350 теңге, нанға 60 теңге жұмсадым.

9 қаңтар. Анам мен әкем жіберген ет таусылды. Амал жоқ ай соңына белокты диета  ұстануға тура келеді. 260 теңгеге он жұмыртқа алдым.

10 қаңтар. 195 теңгеге ботқа крупасына , 60 теңге нанға кетті.

11 қаңтар. 135 теңгеге 5 жұмыртқа, 255 теңгеге «сушки», - деп аталатын қытырлақ нан  алдым.

12 қаңтар. 345 теңгені айранға, 60 теңгені нанға, 500 теңгені түскі асқа төледім.

13 қаңтар. 650 теңгеге шаш жуатын су сабын (шампунь), 210 теңгеге сабын, 380 теңгеге крем алдым. (Мына түріммен сән салондарының есігінен де қарай алмайтын түрім бар.) 

14 қаңтар. Бүгін жексенбі. Бір нан мен сүт алдым да, үйде жатып демалдым. Қыдыруға шамам жоқ.

15 қаңтар. Қырсық шалғанда ескі етігімнің табаны қаққа бөлінді. Ең аз жалақыға күнелтетіндер үшін бағасы тиімді «Жансаяға» базарын бетке алдым. Сатушы әпкеммен тәуір саудаласып, бір аяқ киім үшін 8 мың теңгеге шығындалдым. Жұқа бас киімімнен де суық өтіп барады. Алайда лимит шектеулі. Соңғы тиынымды санап автобусқа отырдым.

Дәмді тағам жегіп кеп сілекейім шұбырып-ақ келеді. Етігім аман болғанда, әлі бір апта тойып тамақ ішер ме едім? Майға қуырылған макароннан әбден мезі болсам да өзімді «шыдау керек», - деп қамшылап,  диванға қисая кеттім.

Бір кезде ойда жоқта әкем мен анам келіп, ауылдан әкелген қазы-қартасын, сары майы мен кілегейін, сары бауырсағын алдыма тосты. Қазы-қартаны көргенде анам мен әкемді сағынғаным да есімнен шығып кеткендей...Әйтеуір қуанышымда шек жоқ.

Оянып кетсем, түсім екен. Сонымен 28 мың 284 теңге тек екі аптаға жетті. Аш адамның түсіне тамақтан басқа не кірсін?

Жадыра Төлегенқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір