• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 07:31:39
Алматы
+35°

Семья – шағын мемлекет.

Мен – президент, сен – премьер.

Арттым саған көп міндет,

Премьер жолдас, бер пример.

 

Мен тыңдар деп селт етпе,

Ескіліктің уағазын.

Сен орында, екі етпе

Президенттің указын.

 

Басқара біл үй ішін,

Бердім саған билікті.

Жемісті болса жұмысың,

Мен аяман сыйлықты.

 

Бар досым да, бар дұшпан,

Сал ойланып ақылға.

Алыстай біл алыстан,

Жақындай біл жақынға.

 

Жауаптымыз сіз бен біз,

Ұқсын басқа ұқпасын.

Мемлекетке тәуелсіз

Дұшпан қолын сұқпасын.

 

Көкірегімнің күйі үшін,

Сен еңбек ет мен үшін.

Басқар өзің үй ішін,

Мен жырлайын ел үшін.

 

Жыр тоқимын көп ойға,

Жетер ме екен уақытым.

Мен де ойлаймын, сен де ойла

Балалардың бақытын.

 

Біздің байтақ еліміз,

Семьялардан құралған.

Елін сүйер, сеніңіз,

Өз семьясын сүйе алған.

 

Сүй еліңді – үйіңдей,

Сүй үйіңді – еліңдей.

Көкіректегі күйіңдей

Жырыңды жаз ерінбей.

 

Бұл өлең Қасым Аманжоловтың 1953 жылы жазылған өлеңі. «Отан отбасынан басталады» деп жиі айтамыз. Бәріміз отанымызды сүйетін отансүйгіш патриоттармыз. Алайда, отбасын қадірлей, ардақтай бермейміз. Оған себеп отбасы құндылығын сақтамайтынымызда.

2016 жылы Қазақстанда 140 840 неке тіркелген. Дегенмен осы бір жыл ішінде 51 775 отбасы ажырасып кеткен. (140 840 некенің емес, жалпы алғанда ажырасқандар). Оның ішінде, өңірімізде ажырасу үйленгендердің үштен біріне тең болған (Батыс Қазақстан облысы 5 030/ 1829).

Ұлыбританиялық The Economist журналының дәстүрлі "Әлем статистикасы - 2015" жинағында Қырғызстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлем елдері арасында 48-орында тұр. Ал Қазақстан болса, алғашқы ондыққа кірген.

Әлеуметтанушы, Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Айгүл Забирова елдегі ажырасудың көбеюінде заңдылық бар дейді. Оның айтуынша, 1990 жылмен 2010 жылдағы деректерге қарағанда, қала халқы көбейіп, ауыл тұрғыны азайған. Соның әсерінен әйел мен еркектің статусы да өзгерген. Еті тірі, оқыған қазақ қыздарына қалада көп мүмкіндік ашылған. Бұрынғыдай ауылда қалып,  ата-анаға, ағайын-туысқа, қаржыға тәуелділік жойылған.

"Әйел үшін қалада жұмыс, мүмкіндік көп. Әйелдің өзіне деген сенімі артты. Бұрын совет кезінде адамды үйленген-үйленбегені, ажырасқанына қарап бағалайтын. Қазір бұл пікір өзгерді. Сөздері жараспаған жұптарда бұрын «бала үшін шыдау керек» деген түсінік болса, қазір «баланы алдамау, олар үшін өтірік бақытты болудың қажеті жоқ, шынайы өмір сүру керек» деген пікір қалыптасты,– дейді Айгүл Забирова.

Ал Ұлыбританияның беделді басылымы The Economist жариялаған соңғы "Әлем статистикасында" Қазақстан ажырасудан 10-орында тұр. Мұндағы дерек бойынша, мың адамға шаққанда Қазақстандағы ажырсу көрсеткіші – 2,7. Бірақ Қазақстан үйлену жағынан да алдыңғы ондықтың ішінде, яғни 9-орын. Мың адамға шаққанда үйлену көрсеткіші де соғұрлым жоғары- 9,7.

Ұлы елміз, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халықпыз деп мақтанамыз. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың отбасы институтын нығайту мен рухани-адамгершілік тәрбиені көтеруге ерекше көңіл бөліп келе жатқандығын айтып келеді. Ендеше, әркім өз отбасын сақтауда отанына қызмет етіп жатқанын түсінгені абзал.

 

Назерке Тоқжан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір