• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 12:36:27
Алматы
+35°

08 Наурыз, 2018 NEWS

Елімізде жасы жүзден асқан 415 әже бар (фото)

Олардың ғибратты ғұмыры жас ұрпақ үшін қашанда үлгі, өнеге екені сөзсіз.

«Нұр Отан» партиясы Елбасының тапсырмасы бойынша «Ел аналары» атты жаңа акцияны қолға алды. Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

«Қымбатты достар!

Шұғылалы көктемнің шуақ шашар мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті.

Бүгінде елімізде жүзді еңсерген 415 әжеміз бар. Олардың ғибратты ғұмыры жас ұрпақ үшін қашанда үлгі, өнеге екені сөзсіз. Осы құндылықты кеңінен насихаттаудың нәтижесі мол болары анық.

Сондықтан нұротандықтар аталған акция шеңберінде тек өз әулетінің ғана емес, еліміздің де алтын қазығы бола білген әжелерімізді құттықтауды бастап кетті. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде партия өкілдері ақ жаулықты аналарымызды үйлеріне арнайы барып құттықтап, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлауда.

әже

Осы акция аясында біз де Астана қаласының тұрғыны, жасы 103-ке келген Досполова Дана әжемізді барша нұротандықтардың атынан құттықтап, аналық ақ алғысын алып қайттық. Дана Құлмұхамедқызы жастайынан еңбекке араласқан жан. Тіпті ел тарихында ерекше маңызға ие Транссібір теміржолы магистралінің құрылысына да үлес қосқан. Ал соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, Ұлы Жеңісті жақындатқан жандардың қатарында болды.

Бұл игі іс-шара мереке күндері де жалғасады. Ғасыр жасаған және жүзден асқан барлық әжелерімізді жеке-дара құттықтау – біздің абыройлы міндетіміз. Ендеше партиямыздың тың бастамасына баршамыз ат салысайық.

Осы ретте 8 наурыз мерекесімен барша ақ жаулықты әжелеріміз бен аяулы аруларымызды шын жүректен құттықтаймын! Көңілдеріңізден қуаныш, жүздеріңізден жылу кетпесін! Алдағы уақытта шаңырақтарыңызға шаттық, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық және ұзақ ғұмыр тілеймін!», – деді Мәулен Әшімбаев.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір