• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 08:10:47
Алматы
+35°

18 Шілде, 2017 Алаш-Орда

Елдіктің кепілі – жер (Алаш қайраткерлері жер турасында)

Біздің тоқталмақ болып отырған  тақырыбымыз «Алаш» партиясының бағдарламасындағы соңғы пункті арналған «Жер мәселесі».

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы ұлы оқиғалар қазақ топырағына тыңнан түрен салды. Сайын далаға келген серпілістің себебі мен салдары ғасыр басындағы Алаш зиялыларының есімімен тығыз байланысты. Ұлттық бостандыққа ұмтылған ұлт-азаттық интеллигенция өкілдерінің алғашқы нық қадамы  «Қарқаралы, Семей, Павлодар уездерінің қазақтарынан Патша ағзамның атына жіберілген тілекке қоса, Сіздің қарап шешуіңізге мынандай нақты мәселелер қоямыз»,- деп басталатын құнды құжат тарихқа «Қарқаралы петициясы» деген атаумен енген еді. Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, А.Байтұрсынов бастаған  белгілі саяси қайраткерлер мен қоса 12767 қазақ азаматы қол қойған құзырхат Ресей үкіметіне мынадай талаптар қойды:  «Ішкі істер министірлігінің құзырындағы, мысалы, мешіт және оның жанынан медресе ашуға рұқсат беру, баспа ісімен әркімнің айналысуы құқығын қамтамасыз ету, іс қағаздарын қазақша жүргізу, салықтар ерікті түрде төленетін болсын, қазба-байлықтар, ашылған кен орындарды, заводтар мен кеніштер – қазақтардың ұлттық байлығы болып саналсын, ормандар, өзендер мен көлдер, олардың байлығы да қазақтың ұлттық байлығы болып бекітілсін, соңғы 20 жылда қазақтардан тартып алынған жерлер өздеріне қайтарылсын, көшпелі қазақтар мен орыс шаруаларының, қазақ-орыстардың құқығын теңгеру»/1, 200б./ сияқты түйінді мәселелер еді. ХХ ғасырдың басында қабылданған тарихи маңызды құжат өкімет орындарын ерекше абыржытып, әуре-сарсаңға салғанына тарих куә. Өйткені, оған қол қойғандар түгелге жуық ел билеуші қазақтар еді. Ондаған жылдар бойы айтқанына көніп, айдағанына жүрген өз ойларында момын, қараңғы, «бұратана» саналған халықтың бұлайша оянуынан үкімет қатты сескенген болатын. Аталған құжат азаттықтың ақ таңын ерекше аңсаған халықтың арманға жету жолында жасаған алғышарты болды. Әлімхан Ермековтың «Жасасын Алаш, жасасын» деп сүйіншілеп, өз сөзімен келтірсек,  «Декабрьдің 12-сі күні түс ауа сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, алаш туы көтерілді. Бұл бек тарихи күн. Бұл күнді көріп өлген алаш баласы мұратсыз, армансыз» /2,74б./,-деп қарсы алынған Алаш автономиясы шешуге тиіс 10 мәселенің негізгі қайнар бастауы осы жолдама-хаттан алынған болатын. Біздің тоқталмақ болып отырған  тақырыбымыз «Алаш» партиясының бағдарламасындағы соңғы пункті арналған «Жер мәселесі». Бағдарлама жерге қатысты мынадай мәселелерді шешуді көздейді: «Учредительное собрание негізі закон жасағанда жер сыбағасы алдымен жергілікті жұртқа берілсін деуі; қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орналасқанша, қазақ жеріне ауған мұжық келмеуі; бұрын алынған жерлердің мұжық отырмаған жерлерін қазаққа қайтуы; қазаққа тиетін жер сыбағасын жергілікті комитеттер кесуі; сыбаға өлшеу – норма жердің топырағы мен шаруашылық түріне қарай жасалу; сыбағадан артылған жер земство қолында болу; артық тұрған жерден ел өскенде ауық-ауық сыбаға кесіліп берілу; Түркістанда жер мен бірге су сыбағасы да кесілу; жерді қазақ үй басына иеленбей ауыл-аймақ,туысқан табына меншіктеп алу; өзара әділдік жолымен пайдалану; Жер законінде жер сату деген болмау, һәр кім өзі пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, земствоға алыну.Жердің кені, астығы, байлығы қазынаныкы болып, билігі земство қолында болу. Аса зор ағаш, зор өзендер мемлекеттікі болып, аз ағаш һәм көл байлықтары земство мүлкіне саналу» керектігі анық-айқын көрсетілген /3, 222б./.

Қай ұлттың болмасын егемендігін таңбалап тұратын ұлттық құндылықтары болатыны сөзсіз. Сол құндылықтардың ішіндегі еншілесі ортақ болмайтын байлықтың зоры-жер. «Елдіктің кепілі – Жер. Ол – тәуелсіз мемлекеттің және сол ұлттың Басқұжаты. Ары.Намысы.Бары.Байлығы. Бөлінбейтін еншісі. Сол үшін басын өлімге тігеді» /4, 315б./. Ал, «Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек» дегеннен таймаған Ә.Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің бұл жолда еткен еңбегі ұшан-теңіз. «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар»/5, 17б./,-деп өз иықтарына артылған міндеттерді терең түсінген Алаш қайраткерлері өз кезегінде ісімен, сөзімен жер мәселесіне белсене ат салысты. Ресей империясының қоныстандыру саясаты қазақ даласын зерттеуден басталғаны белгілі. Әлихан осы мақсатта ұйымдастырылған Ф.Щербина экспедициясына қатысқаннан кейін, өзіне де, қоғамға да пайдалы ой-тұжырымдар жасай келе, Ресей империясының көздеген мақсатын бұрын өзі байқай бермеген жаңа қырынан көрді. Бұлтартпас айғақтар арқылы қоныс аудару саясатының қарқынын арттырудың ешбір ғылыми негізі жоқ екендігіне және оның экологиялық салдары көп уақыт өтпей-ақ сезілетіндігіне патша үкіметінің үнемі назарын аударып отырды.  «Жалғыз жүріп өз басын қорғаса, кісі бәледен құтылады. Көппен жүріп өз басын қорғаймын десе, көпті құдыққа тығады. Көп мақсаты иін тіресіп, тізе қосып, бір жүрсе табылады. Жер дауы тәмәм 5 миллион қазақтың дауы»,-деп ел басына төнген қара бұлтты жұрт болып жұдырықтай жұмылып сейілтуге үндеді.

Алаштанушы ғалым, Д.Қамзабекұлы «Руханият» атты зерттеу еңбегінде, Алаштың қарымды қайраткері Мырзағазы Есполовтың өкінішке қарай, әлі толығымен ғылыми айналымға енбей келе жатқан «...Жер мәселесі» кітабын талдай келе, еңбекте көрсетілген жер жөніндегі төмендегі сұмдық билеп-төстеушіліктің айқын табы аңғарылып тұрған мына есеп-көрсеткішті көпшілік назарына ұсынады:

                            Жетісу облысы

1 казак-орыстарға 667.000 десетине жер алынды;

2 олардың қалаларына – 3700;

3 ескілікті келімсектерге – 232.000;

4 жаңа келімсектерге – 1.277.000;

5 қазынаға – 1.750.000 десетине жер алынды.

                            Сырдария облысы

1 ескілікті және жаңа келімсектерге - 607.000 десетине жер алынды, қаласының саны – 260.

                            Ферғана облысы

1 келімсектерге 75.000 десетине жер алынды, қаласының саны – 50.

                            Самарқант облысы

1 келімсекке 3.500 десетине жер алынды, қалалары – 3.

                            Түрікпен облысы

1 алынған жер – 7000 десетине, қалалары – 28.

Келімсектердің барлық жері жергілікті халықтардың жерінен 15 есе артық.

    Бұл санға қарап, 20 – жылдарға жер мәселесі қандай мұра болып жеткенін кез келген адам аңғарады./6, 127б./ Келтірілген дәлелді дәйектерді бағамдасақ, қазақ халқының атамекен қонысынан айрылу қаупі өте жоғары деңгейге жеткенін аңғару қиын емес. Ұлының ұлылығы – соны сезіне біліп, пәни жалғанның аз күндік алдамшы қызығына алданып қалмай, ертеңнің керегіне харекет жасау болса, Алаш зиялылары бұл істе аянып қалмағанына бұл күнде көзіміз жетіп, көңіліміз сеніп отыр.

Сан салада қалам тербеп, әрі саясаткер, әрі экономист, әрі заңгер, әрі лингвист, әрі педагог, әрі қаламгер атанған қайраткерлердің сөз өнеріне келгенде ешкімге дес бермей, әрі дөп, нық ,айқын, айрықша айшықты бейнелеген сөздерінен сан-салалы қабілет – қарымы мен көрегендігін, талантын ерекше атау қажет. Зерттеу еңбектерінде, көркем шығармаларында, мақалаларында айтылған ел, жер, оқу, егемендік, ұл-қыз тәрбиесі, заман көрінісі мен бостандық хақында айтқан асыл сөздері бүгінде халық жадында жатталып, қанатты сөз болып айтылып келеді. Ертедегі жазу-сызу дағдысы қалыптаспаған тұстың өзінде, талайды таңдай қақтыра тамсантқан қазақ халқының сөзге ұста, тілге шебер би-шешендерінің аталы сөзінің дәстүрлі жалғасы  қанатты сөздер. Қанатты сөздер жай ғана айтыла салған сөз емес. Ол өзіндік мақсаты бар үлкен ойдан, ұшқыр қиялдан, асқан даналықтан, бастан кешкен санқилы бай тәжрибеден қайнап, әбден шыңдалып шығады.

Бұл сөздердің қалай шығуымен бірге оның қайдан келіп, қалай таралуына да тоқтала кетейік. Ең алдымен қанатты сөздердің қайнар көзі-халық даналығында. Сондықтан да ол фольклор түрінде бірден бірге ауызекі тарайды. Онан соңғы афоризм, нақылдардың қайнар көзі-жазба әдебиетте. Ақын-жазушылардың, әдебиетшілердің шығармаларында, ғалымдардың еңбектерінде, мемлекет қайраткерлерінің айтқан сөзінде кездеседі. Мұндай қанатты сөздер түрлі кітап, газеттер, журналдар, радио, телевизор хабарлары арқылы қалың бұқараға тарап жатады» /7, 5-6б./

Заман ыңғайына қарай Алаш қайраткерлері ел-жұртты білім-ғылымға шақырып, ел болып жаппай сауатты халық атануға, сондай-ақ, өздері өмір сүрген кезеңнің күрмеулі мәселелерін көтеріп, талқылауға көсем сөзді пайдаланды. 1911-1915 жылы Троицк қаласында айына бір рет, кейіннен айына екі рет шығып тұрған «Айқап» журналын, 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым «Қазақ» газетін, 1911 жылғы 10 наурыздан 1913 жылғы қарашаға дейін жарық көрген алғашқы қазақ басылымдарының бірі «Қазақстан» газетінің беттерінде арнайы үндеу, насихат жүргізді. Білім, ғылым майданындағы басты қаруы - сөз болған қайраткерлер халықты ел ісіне келгенде жұдырықтай жұмылып бас көтеруге, өз мүдделерін ашық, анық жеткізуге шақырды. Өз заманының аяр саясатымен күресті қалам қуатының күшіне арқа сүйеп,  елді оятып, сауатын ашу жолын таңдаған Алаш ұранды қайраткер, ақын Міржақып Дулатұлы осы мүдде  тұрғысында «Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі» өлеңінде жастарды, білім – ғылым  жолына түсіп, түзу сөзбен жұрт пайдасын түгендеуге үндейді.

Сен неге бой көрсетпей жасқанасың?

                Тастаса көзің көрсін халық ұнатпай.

                Бұл шақта сөз базары көтеріңкі,

                Сынаспай бақытыңды сен де баптай/8, 27б./,-деп келетін, бас көтеру жолында жазылған жыр шумақтар қанатты сөзге айналып, жастардың басты қозғаушы күші мен ұранына айналды.

Жерсіз ұлттық мүдде құндылықтары қалыптаспайды, қалыптасқан да емес. Қазақтың барлық мәселелері, әлеуметтік мәселелерді шешудегі қасиеттері ел мен жер тағдыры төңірегінде өрбіген. Себебі ұлттың барлық өмірі, байлығы, тарихы, дәстүр тәжірибелері, ұрпақ болашағы, тәуелсіздік жерді қорғаудан шығып, оны қорғауға бағытталады және мемлекетінің мүддесін қорғау ұрпаққа қашанда міндеттеледі. Қазақ сол себептен жерді анаға теңеген, ата бабаларының өмір сүрген, тарихи таңбасын қалдырған мекен деп түсінген және бұл ұғым ұлттың бір тұтас санасына айналды. Қазақ дүниетанымындағы «Жер ана», «Ата мекен» түсінігінен ата - бабамыздың туған өлке топырағына деген жақындығын, арқа сүйеген болмысын танимыз. Қазақтың өзіне, болашаққа деген сенімі жерге деген сезімінен туындаған. Ұлттың тұтастығын сақтаған, нығайтып отырған жер, жермен кіндіктес қазақтың тұрмысы, ата-кәсібі. Сондықтанда қазақ ұғымында жер жаратылыс иесінің ерекше жаратқан дүниесі, ол ұлттың дүниесі, ортақ меншігі, негізгі байлығы. Бұл ұғым көне дәуірдегі сақтардың, оның бергі жағындағы түркілердің де дүниетанымында орын алған./9/

Отаршылдық заманның аяр саясаты қазақтың болмысына үш мың жыл бойы қалыптасқан дағдыдан жаңылдырмақ болып, отырықшылық қалыпқа көшуге үгіт жүргізіп, артық жерлерді өз меншігі етуді көздеген жымысқы саясатқа Алаш арыстары ашық айқаста жан аямай араша түсті.

    1917 жылы «Қазақ» газетінің №227 санында жарияланған «Жер комитеті» мақаласында Ә.Бөкейханов жер мәселісіне қатысты былай дейді: «Жер туралы көрген зорлық көп. Жер десе дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі негізгі өмір мәселесінің ең зоры. Жер ісін ала қашты, тартып алды, тиіп кетті қылмай, ақылмен, сабырмен атқарған оң».  Бір тұтам жер үшін қасық қаны қалғанша күрескен ата-баба аманатын аяққа таптамай, өз иелегіндегі жерді башқұрттарша өзгеге жалға беріп, ел мүддесінен бас пайдасын биік қойғандарды жерсіз қалып, атақоныстан айрылып қалу қаупінен сақтандырады. Мемлекеттің негізгі іргетасына баланған жер турасында ақыл таразысына салып ойлана іс етуге кеңес береді.

    Отырықшылық саясатына келгенде қазақ қоғамында пікір қайшылығы туды. Ел азаматтары бұл тұрғыдан екі көзқарасты болып, бірі Еуропа жұрттарындай отырықшылыққа көшіп қала болып қалуды жөн деп тапса, Ә.Бөкейханов бұл істің әп сетте орындала қоймайтындығын анық таныды. «Қазақ» газетінде Қыр баласынан «Жауап хат» деп басылған мақалада, «Біздің ақылымызша адам баласының шаруасы бірте-бірте қиыншылықпен, көп жылдарда аударылады. Мал бағып, шаруа қылып келе жатқан жұрт, орыс 15-тен жер берді деп егінші бола қоймайды»,-дейді. Шындығына келгенде, бұл сөздер ойланарлық еді. Қазақтың жері қашаннан мал кіндігі саналып, жұртта мал шаруашылығын ата кәсіп еткелі көп заман болған. Орыс айтты екен деп, 15 десятина жер алып егін шаруашылығына көше қалған жағдайда, бұл істің қыр-сырын жетік меңгерген көрші мұжықтардан өнімі аз болып, пайда табу неғайбыл екендігін, сонымен қоса, жыл сайын дән себілген жер 3-4 жылдың ішінде бар құнарынан айрылып жарамсыз халге түсетінін, отырықшылықты ұстанған жағдайда қазаққа аз жер қалатындығын дұрыс пайымдайды. 

    Ұлт ұстазы А.Байтұрсынов жер жеке меншіктікі емес, жерді қорғау ұлттық мүддеден келіп шығады, сондықтанда жер мемлекеттің қазынасы, үнемі солай болып қала бермек деп, қалың қауымға жерден айрылып қалмауды ескертеді. 1913 жылы баспа көрген «Жер жалдау жайынан» атты мақаласында, «Қазақ жерінің екі ұшы екі қолда: бір ұшы қазақта, екінші ұшы орыста. Әдіс қылған жағы ауыстырып алып жатыр, бос ұстаған жағы айрылып қалып жатыр. Жерді қолында қатты ұстау, бос ұстау қазақтың өздерінен»/10, 230б./,-деп тұжырымдай келе, ұстараның жүзіндей аударылып, төңкеріліп тұрған заманда құрғақ уәдеге алданып, босаңсымауды, жер тұтастығын сақтауды алға тартады.

Отырықшылық төңірегінде өрбіген пікір талас елдің серкелерін бей-жай қалдырмады. Һәр кім өз халінше халық пайдасын көздеп сөз айтты. Ж.Аймауытов 1925 жылы «Ақ жол» газетінде жазған «Отырықшылықтың пайда зияны» атты мақаласында біржақты шешілуі қиынға соғып тұрған отырықшылықтың қос тарапына пайда, зиянына кеңірек тоқталады. Өз кезегінде жұрттың әлі отырықшы шаруа атануына асығыстық танытпауды сұрайды.  «Отырықшы болса-ақ қазақ тұрмысы түзеліп кетеді, тез мәдениетті болады» деген пікір даусыз ақиқат емес, өзгермелі, екі ұшты, даулы мәселе деп қараймыз.Тұрмыс итеріп, шаруа етіліп, амалсыздан отырықшы болу бар. Ондай шартпен отрықшы болатындарға ешкім қарсы бола алмайды: тұрмыстан күшті құдірет жоқ. Қарсы бол, болма, оларды тіршілік таласы отырықшы қылады. Ол қандай шаруа? Малы азайып, көше алмай қалған ел: егін салуға кіріскен ел, жері тарылып, көршілерімен таласып-тармасып, жер алып қалуға душар болған ел, жақсы жеріне басқа біреу қол сұққандықтан, жерін бермеймін деген ел. Оларға үндеудің керегі жоқ: өздері ақ отырықшы болады.Азды көпті күн көргіш малы бар, ептеп егін салатын, жаз болса жылжып қонатын,  жер жағдайы отырықшы болуды көтермейтін елдер бар. Бұлардың да отырықшы болсақ, қайтер екен деген аузында бар. Ондағы қауіпті жақсы жерді бәрін отырықшы болғандар алып қойып, түбінде көшіп- қонып жүре алмайтын болсақ,  жерден құр қаламызба? Түпкілікті қоныс болатын жерді сағаласақ дұрыс болар еді. Бұлар тұрмыс айдап отырықшы болмайды. Келешектің қайғысын ойлап, не біреудің жеріне қызығып, болмаса отырықшылық пайдалы деп болмақшы. Бұл талап көшпелі елде де, шала көшпелі елде де бар. Әзірше жерден таршылық көрмей отырған елдердің отырықшы болуында зиян бар демекпіз»/11, 207б./. Бұдан ұғатынымыз тар тіршіліктің қиындығы мәжбүрлемесе, кең ата-қонысымыз тұрғанда отырықшылық тәртіпке көшудің пайдасынан гөрі зияны артық сезілетінін танығандығы.

Жер мәселесіне келгенде М.Дулатовта қалыс қалмады. «Үш жүздің баласы бәрің де қазақсың.Алған бәйгең қазақтікі болады.Алдырсаңда қазақты алдырасың»,-деп ай астындағы, жер бетіндегі, жер астындағы бар байлық қазақтыкы деп, аталған қазынадан қағылсақ бүкіл үш жүз олжадан айрылдық деп есепте дейді. «Қазақ жерлері» деген өлеңінде, «Айрылсаң қалған жерден осы күнгі,топыраққа малды қазақ бағасың да»,-деп ащы мысқылмен ашына жырлайды.

1920 жылы 20 тамызда Кремельде өткен ұзақ-талас тартыста алдыңғы буын ағаларының қолдап қуаттауымен сол кезде 29 жаста болған Ә.Ермеков қызыл-пролетариаттың көсемі Лениннің алдында «Қазақ автономиясына қай жерлер кіреді?» деген сауалға нақты жауап беріп, 13400 шақырымдық шекараны өз пайдасына бекіттірді. Жерсіз жер бетінде жеке мемлекет болып қалудың мәнісі жоқтығын түсінген Ә.Ермеков «Сарыарқа» газетінде жариялаған мақаласында, «Автономиясыз жұрт жер – суға ие емес, көптің аузына қарайды. Біздің қазақ – қырғыздың жері мол. Енші аламын деп телміріп отырған жұрттан жерімізді қорғауға автономия үлкен қару. Автономиялы жұрттың жер билігі өзінде болады» /2, 74б./,-деп ел болып қалуды көздесек, орайы келіп тұрған сәтте автономия жариялау жер мен елдің егемендігін сақтауға тікелей болаттай қорған болады деп түсінді.

            ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынов айтқан «Қазіргі қазақ мәселесінің ең зоры-жер  мәселесі. Бұл – қазақтың тірі иа өлі болу мәселесі» - деуі әлі күнге өз маңызын жойған жоқ. Ұлт болып тарих сахнасында мәңгі қалуды көздеген ел ең алдымен өз жеріне ие болуы тиіс. Жерінен айрылған ұлттың келешегі күрмеулі, болашағы бұлыңғыр екені даусыз. Алаш зиялыларына (қазақтың хандары мен батырлары секілді) ұлттық мүддені қорғау мақсатында ел мен жер тағдырына ара түсу оңай болған жоқ.  Патша өкіметінің қазақ жерлерінің байлығын зерттеп, есепке алу мақсатында құрылған ұйымына ел үшін, білімімен өзін мойындатып экспедиция құрамына кіру, патша өкіметінің көздеген саясатының бағытын тереңрек білу, әлем жұртшылығының және келер ұрпақ алдында қазақ ұлтының ата мекен жер болмысымен тығыз байланыста қалыптасқан құндылықтарын тарих бетіне түсіру, оған өз тұрғысынан ғылыми негізде баға беру Әлихан Бөкейханов сынды алаш тұлғаларының ұлт алдында атқарған қасиетті ісі деп білеміз. Ұлт болып қалыптасқан күннен бастап жер шетіне жау тисе жан аямаған бабалардың аманатына адалдық таныту әрбіріміздің келер толқын алдындағы атқаруға тиіс парызымыз. Сондықтан жер – ұлттың қазынасы, ұлт меншігіндегі дүние болып ұрпақтан ұрпаққа табысталып отырмақ.                                                            

ДАНА МЫРЗАҚАДІР

Пайдалынылған әдебиеттер тізімі:

1 Аршабеков Т., Шаймұқанов Д. Қасиетті мекен –Қарқаралы.Қарағанды: 2006.- 106 бет

2 Алаш көсемсөзі Т10 Сарыарқа. Алматы: Өнер баспасы, 2011.-356 бет

3 Нұрпейісов К. Алаш Һәм Алашорда. Алматы: Ататек, 1995.-256 бет

4 Жұртбай Т. Сүресөз: Публицистика. Алматы: Экономика, 2005.-400 бет

5 Алаш айтқан асыл сөз.Бірінші басылым.Алматы: Ел-шежіре қоғамдық қоры, 2016.-296 бет

6 Қамзабекұлы Д. Руханият. Алматы: Білім, 1997.-271 бет

7 Төреқұлов  Н.  Қазақтың қанатты сөздері Алматы: «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы», 1960, -151 бет

8 Дулатов М. Бес томдық шығармалар жинағы, екінші том. – Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2003. – 392 бет

9 Сәрсембин Ү. Алаш зиялыларының жер мәселесіне қатысты көзқарастары. Мақала http://abai.kz/post/44380

10Байтұрсынов А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу. – Алматы: Жалын, 1991 – 464 бет.

11Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. 5- том. Алматы, «Ғылым», 1999 – 303 бет.

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір