• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 22:45:57
Алматы
+35°

15 Маусым, 2018 Саясат

Елбасыға жақын, елден алыс

Премьер-министр болғанда халықпен тікелей байланысқа шыққан емес.

Қазақстан тәуелсіздік алған 27 жыл ішінде үкімет басшысы 10 рет ауысты. Осы ауыс-түйіс арасында ең көп билікте отырған адам – Кәрім Мәсімов. Ол – үкімет басшысы болып екі рет тағайындалған жалғыз саясаткер. Қазір ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы.

Тәуелсіз Қазақстанның жетінші премьер-министрі болып Кәрім Мәсімов 2007 жылы Елбасының жарлығымен 10 қаңтарда тағайындалған. Үкіметте 5 жыл басшылық еткеннен кейін орнына Серік Ахметов келді. Екі жыл Үкіметтің тізгінін ұстаған Ахметовті қайтадан Кәрім Мәсімов алмастырды.

МӘСІМОВ КІМ?

Кәрім Мәсімов – Бейжіндегі  тілдер институтын, Ухань заң университетін, Қазақ мемлекеттік экономика университетін бітірген. Экономика ғылымдарының докторы. Бүгін 53 жасқа толып отыр.

Мәсімов еңбек жолын 1991 жылы Қазақстан Еңбек министрлігінде бас экономист болып бастаған. 2000 жылы  Көлік және коммуникация министрі болады.

2001 жылдың қарашасынан ҚР Премьер-министрінің орынбасары,

2002 жылдың шілдесінен ҚР Президентінің көмекшісі,

2006 – 2007 жылдары ҚР Премьер-министрінің орынбасары,

2007 – 2012 жж, 2014-2016 жж. Қазақстан Республикасының  премьер-министрі қызметтерін атқарды.

Ағылшын, қытай, араб тілдерін меңгерген.

ЕҢ ҰЗАҚ ОТЫРҒАН ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ

1991 жылы желтоқсанда тәуелсіздігін жариялаған Қазақстанның алғашқы премьер-министрі Сергей Терещенко болды. Үш жылдан кейін бұл қызметке Әкежан Қажегелдин келді. Тағы үш жылдан кейін Нұрлан Балғымбаев Үкімет басқарды. Екі жыл қызметінен кейін орнына Қасым-Жомарт Тоқаев отырды. Одан кейін қысқа мерзімде үкімет басшысы қызметін Иманғали Тасмағамбетов атқарды. 2003-07 жылдары Үкімет басына Даниал Ахметов келді. 2007 жылы премьер-министрлікке Мәсімов тағайындалды.

2012-2014 жылдары премьер-министр қызметін Серік Ахметов атқарса, 2014-2016 жылдары Үкімет басына Кәрім Мәсімов оралды.

Әрине, үкімет басшысын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тағайындайды. Ал президент көмекшісі болып қызмет атқарғанын, одан кейін премьер-министрге орынбасар болғанын, артынша Үкімет билігін екі рет қолға алғанын ескерсек, саясаттанушы Досым Сәтпаевың бір сұхбатындағы: «Қандай да бір мықты қолдаусыз премьер-министр қызметінде ұзақ отыру мүмкін емес. Кәрім Мәсімовтің президент қарамағындағы адамдармен белгілі байланысы бар екенін де жоққа шығаруға болмайды», - деген пікірі орынды ма деп қаласың.

МӘСІМОВТІҢ БҮГІНГІ ҚҰЗЫРЕТІ

Премьер-министр болып Бақытжан Сағынтаев 2016 жылы тағайындалды. Ал екі рет үкімет басшысы болған әрі ең ұзақ мерзімде министрлер кабинетін «ұстап тұрған» Мәсімов 2016 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті  — Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган.

Яғни Қазақстанның барлық әскерінің іс-қимылы мен ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметіне, ел шекарасының қорғалуына, мемлекеттік құпияларды сақтау саласында бірыңғай саясаттың іске асуына президенттен кейін жауап беретін бірден-бір адам Кәрім Мәсімов  болып отыр. Үкіметтің басында отырмаса да, елдің тыныштығын ойлап Қауіпсіздік комитетінің жайлы креслосында отыр. Тіпті, журналистермен, халықпен байланысуға да уақыты жоқ.

МӘСІМОВ НЕСІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ?

Кәрім Мәсімов алғаш рет Үкімет отырысын бастан-аяқ қазақша жүргізген үкіметбасы ретінде есте қалды. 2009 жылы сәуірдің 14-і күні ол кезекті Үкімет отырысында алдағы барлық жиын мемлекеттік тілде өтетінін ескерткен еді. Бірақ іс жүзінде олай болған жоқ.

Сонымен қатар Мәсімов бастапқыда барлық әлеуметтік желіге тіркеліп, халықтың талап-арызына құлақ түретіндей көрінді. Ақырын-ақырын ол да қалды. Мәсімов премьер-министр болып тұрған кезде халықпен тікелей байланысқа шыққан емес. Тіпті, премьер-министрдің сайтында «сұрақ-жауап» айдары да болмаған.

Үкімет басында отырған кезде де бір жыл ішінде Қазақстанның бір облысына ғана іскерлік сапар жасаған. Оның өзі Атыраудың зиялы қауымына жаңа әкімді таныстыру үшін. Премьер-министр кезінде халықтың жағдайын Астанадағы кабинетінде, министрлер мен әкімдердің есеп-қисабынан біліп отырған.

Қазақстан мұсылмандары одағы мен Орталық Азиядағы адам құқықтары жөніндегі мұсылман комитеті 2013 жылдың ең беделді мемлекеттік қайраткері деп Кәрім Мәсімовті атады. Бұл да Үкімет басында отырған кездегі жетістігі еді. Одан бері Мәсімовтың сөзі бар да, өзі жоқ.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір