• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 11:28:05
Алматы
+35°

02 Қазан, 2017 Мемлекеттік бағдарламалар

Елбасы курстастары: Елбасының есімі әуежайдан гөрі Нобель сыйлығына лайық

Біз бір жылдары Елбасының еңбегін ескеріп, Нобель сыйлығына ұсыну туралы бастама көтергенбіз.

Қазақстан дегенде оның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі қатар аталатыны бүгінде даусыз ақиқат. Президентіміздің ел басқарудағы қызметінен бөлек жастық шағы, өскен ортасы, дос-жарандары жайлы естеліктердің келер ұрпақ, жастар үшін өнегесі мол. Осы орайда жақында «Елбасы курстастары» қорының жұмысы, бағыт-бағдары туралы осы қор жұмысына белсенді араласып жүрген Мұхаметкәрім(Торғай) Елубай мырзаның үйінде болып, Президенттің Днепродзержинскіде бірге оқыған курстастарымен дидарласудың сәті түсті. Төменде Елбасы курстастарының бірі, «Елбасы курстастары» қорының басшысы Тельман Спаев ақсақалмен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Елбасымен таныстығыңыз қай жылы басталып еді?

1958 жылдан бері Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлымен таныспын. Днепродзержинскідегі кәсіптік училищеде таныстым. 1,5 жыл кәсіптік мектепте бірге оқыдық. 1960 жылы сәуір айында Теміртауға жұмыс істеуге келдік. Біз келгенде мұнда жұмыс әлі бітпеген екен.

Жалындаған жастық шағыңызда жолыққан екенсіздер. Сол кездердің естеліктерінен айта отырсаңыз.

Нұрекеңнің ерекше қасиеттері көп қой. Оқып жүргенде староста болды, ұйымдастыру қабілеті керемет еді. Училище оқушылары металл сынықтарын жинау сынды қоғамдық жұмыстарға жұмылдыратын. Сонда Нұрекең 21 баланы екіге бөліп, бір бірімен жарыстырып, жұмыс істететін. Сондай ұйымдастыру нәтижесінде біздің топ басқалардың алдында жүретін.

Бүгінгі ел басқарып отырған Нұрекеңнің басшылық қасиеттерінің негізі сол кезде қалыптасты дейсіз ғой

Иа, Нұрекең Теміртауға келгенде де белсенділігінен айнымады. Жұмыс істеп жүріп, кешке политехникалық институттан білім алды. тынбай ізденді. Осы қасиеттер оны бүгінгі биігіне қондырды деп ойлаймын.

Өзіңіз мемлекеттік қызметте, басшылықта болдыңыз ба?

1960 жылы мен Шымкентке, қорғасын зауытына барып жұмыс істедім. Сол жерде жұмыс істеп жүріп, «Лениншіл жас» газетіне шыққаным бар. Ол менің еңбегіме берілген алғашқы баға деп білемін. Сөйтіп жүріп халық шаруашылығы институтында оқыдым. Әр жылдары нормировщик, бухгалтер, экономист, бас бухгалтер болып қызмет атқардым. 1988 жылы зейнетке шықтым. Бүгінде 3 ұл, 2 қызым, 11 немерем бар.

Кітап жазғаныңыз бар екен. Сол еңбегіңіз туралы айта отырсаңыз.

1999 жылы Украинаның Днепродзержинск қаласының басшысы бір кітап жазып, Нұрекеңнің алдына әкеліп көрсеткенін теледидардан көрдім. Ол «Предсказание» (Болашақты болжау) деген кітап еді. Сосын маған ой келді. Бұлар жазған кітапты неге мен жаза алмаймын? Біраз шаруаның басы-қасында өзім де жүрдім ғой. Осындай ой келді. Сөйтіп 1999 жылдың соңына таман бастап, екі жыл жаздым. Сосын екі тілде дайындап, 2003 жылы Нұрекеңнің өзіне жіберіп, алғысын алдым.

Біз өзі Елбасымен әр бес жыл сайын кездесіп тұрамыз. Ол кездесулер туралы да кітап жазып, елге тараттық.

Қор туралы да айта отырсаңыз.

Теміртауда 2008 жылы өткен кездесуден кейін қор құру туралы ой келді. Көп ойлана келе қордың жарғы, ережелерін әзірлеп, басқа ұйымдардың құжаттарымен танысып, 2014 жылы қор құрдық. Бұрын Украинадан оқыған 68 студент болсақ, соның қалған 25-іне туған күні бар, өлім-жітім бар, жетім-жесір бар, соларға көмек көрсету мақсатында құрылды.

Қазақстан азаматы ретінде ел президентінің саясатына көңілдеріңіз тола ма?

Президент Назарбаев бізбен курстас болған Назарбаевтан өзгеріп бөтен адам болып кеткен жоқ. Қарапайымдылығын, көшбасшылығын, турашылдығын, іскерлігін айтам. Ол бұрыннан айналасына қамқор болатын. Президенттік қызметінде бүкіл Қазақстанның жақсы ғұмыр кешуіне, болашағына күш салып жатқанына біз ғана емес халық куә. Арысын айтпағанда биыл ғана дүркіреп өткен «Astana EXPO 2017» ұлттық көрмеміз Елбасының тікелей еңбегі емес пе? Әлем алдында абыройымызды тіктедік. Сыртқы саясаттағы беделімізді өсірді.

Ал, сәуір айындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасы елдің ертеңін айқындады. Қазақтың қасиетті топырағын ардақтауға, ғылым-білімге ұмтылуға халықты шақырды. Әліпбиімізді ғылым мен білімнің графикасы латын әрібіне ауыстырмақпыз. Бұл уақыты келген, пісіп жетілген мәселе еді. Алыптар арасында Қазақстанның алшаңдап басып жүруі президенттің сыртқы және ішкі саясаттағы көрегендігі. Алайда бар жұмысты президентке артып қойып отырған дұрыс емес, елдің әрбір азаматы атсалысуы қажет. Сонда ғана Алаш арыстары армандаған елге айналамыз.

Елбасының еңбегін дәріптеу бағытында қандай жұмыстар жүруде?

Біз бір жылдары Елбасының еңбегін ескеріп, Нобель сыйлығына ұсыну туралы бастама көтергенбіз. Өткенде депутаттар Елбасының атын әуежайға беру туралы бастама көтергенін білеміз. Мен бұған шыны керек намыстандым. Әуежай, вокзал деген ол қаланың кіретін, шығатын есігі ғой. Елбасының атын есіктің аузына қойғанымыз дұрыс па? Осыған наразы болдым. «Заман» газетіне осы ойымды жаздым. Бұл сөзімді әркім әрқалай қабылдады. Біреулер «Мұның не? Оппозицияға кеттің бе?» деп жатты? Ешқандай да оппозиция емес, басқа емес. Елбасы саясатын қолдаймыз. Елбасының абыройын ойлаймыз. Бұл пікірім де сондай мақсаттан туған еді.  

Сұхбаттасқан Ерлан Төлеубай

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір