• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:48:19
Алматы
+35°

15 Ақпан, 2018 Денсаулық

Екпенің пайдасы мен зияны. ҚР ДСМ Qamshy.kz сауалына жауап берді

Діни себептер бойынша вакцинациялаудан бас тарту көрсеткіштері жоғары өңірлерге Ақтөбе және Атырау облыстары кіреді

Кейбір ата-аналар баласына екпе салдырудан бас тартып жатады. Бірі екпенің сапасына күмәнмен қараса, екіншісі «вакцина бала денсаулығына кесірін тигізеді» дейді. Діни сеніміне байланысты қарсы болатындар – өз алдына бір төбе. Жас нәрестелерге салынатын вакциналар қайда өндіріледі? Екпеден бас тартудың соңы неге әкеп соғады? Qamshy.kz ақпарат агенттігі осы мәселелерге байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдаған еді. Жауабы 20 күннен кейін келді. Мархабат!

Қазақстандағы балаларға салынып жатқан екпелер қайдан әкелінеді?

Қазақстан Республикасында инфекциялық ауруларға қарсы бір ғана вакцина шығарылады. Ол – обаға қарсы вакцина. Ал басқа вакциналар Франция, Бельгия, Үндістан, Ресей, Корея және Жапониядан әкелінеді.

Шетелде өндірілген вакцина қандай тексеруден өтеді? 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған вакциналарды сатып алады.

Сатып алынатын вакциналар Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өтеді. Мемлекеттік тіркеу кезінде вакцинаға  көп кезеңдік зертханалық тексеру жүргізіледі. Шетелден сатып алынған вакциналардың әрбір партиясы Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығында арнайы тексеріледі.  Вакцинаның қауіпсіздігі расталған кезде ғана республиканың медицина ұйымдарына таратылады. Ал вакцинамен жұмыс істейтін мамандар (дәрігерлер, медбикелер) екпені егу, қолдану мәселелері бойынша арнайы дайындықтан өткізіледі.

Екпе қандай аурудың алдын алады?

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, вакцинациялау халық денсаулығын сақтауға, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ұлттық күнтізбеге енгізілген инфекциялар – полиомиелит, туберкулез, дифтерия, көкжөтел, сіреспе, қызылша, қызамық, паротит, В гепатиті, пневмококк, гемофильді инфекциялар. Аталған ауруларға қарсы адамдарға жоспарлы түрде екпе егеді.

Бұдан бөлек, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша да егілетін инфекциялар бар. Олар:  құтыру (жануар тістегеннен кейін), оба, кене энцефалиті, іш сүзегі, туляремия, сібір жарасы немесе күйдіргі.

Екпенің кесірінен сәбилер шетінеген деректер тіркелген бе?

Республика бойынша вакцинациялаумен қамту деңгейін, сондай-ақ вакцинадан кейінгі кезеңде тіркелетін реакцияларды  мониторингілеу жүргізіліп отырады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, республикада вакцинациялаудан кейін көз жұмған балалар туралы мәлімет тіркелмеген.

Вакцина енгізілгеннен кейін қолданушылар денсаулығына шағымдана алады. Шағым түскен  әрбір жағдай арнайы комиссиямен тексеріледі, денсаулық күйінің ауытқу себептері анықталады. Ал тіркелген жағдайлардың басым бөлігі баланың денсаулығы мен вакцина енгізудің арасында байланыс жоқ екенін айғақтап отыр.

Балаларға неше жыл сайын екпе салынуы керек?

Министрліктің айтуынша, екпе салынатын мерзім кездейсоқ анықталмайды. Ол ғылыми тұрғыда зерттеліп, негізделген. Оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған.

Бала туберкулез бен «В» вирустық гепатитіне қарсылық көрсете алмайтындай әлсіз болып туады. Ал дифтерияға қарсы 2-3 ай, қызылшаға қарсы 6 ай бойы ана антиденелері бала организмінде сақталады. Бұл ерекшеліктер вакцинациялау мерзімдерін анықтауда ескерілген. Сол себепті туберкулезге немесе «В» гепатитіне қарсы екпе бала дүниеге келген алғашқы күндері, ал дифтерияға қарсы 2 немесе 3 айлығында егіледі.

Екпеден кейін қандай асқынулар болуы мүмкін?

Профилактикалық екпеден кейін жергілікті және жалпы реакциялар дамуы мүмкін. Дифтерияға қарсы егуден кейінгі 5 пайыз жағдайда 380С-ге дейін дене қызуының көтерілуі, жөтелу фактілері тіркелген. Ал екпе енгізілген орынның қызаруы, қызылшаға мен паротитке қарсы егулерден кейін барлығы 6 пайыздан аспайтын реакциялар болуы мүмкін. Оның ішінде дене қызуының көтерілуі - 2%, жөтел - 1%, тұмау - 2%. Ал полиомиелитке қарсы егуден іс жүзінде реакциялар жоқ, қызамыққа қарсы екпеден кейін қызару, бөртпе, лимфотүйіндердің үлкеюі егілгендердің 10 пайызында дамуы мүмкін.

Вакцинаны енгізгеннен кейінгі пайда болатын реакцияларды инфекциялардан кейін дамитын асқынулармен салыстыру мүмкін емес. Дифтериямен науқастанғаннан кейінгі өлім-жітім 30 пайызға, жүректің зақымдануы 60 пайызға жетеді, сіреспемен науқастанғандардың 25-70 пайызы қайтыс болады. Полиомиелитпен ауырған адамдардың 100 пайызы да өмір бойына сал болып қалады.

Елімізде діни сеніміне байланысты екпеден бас тартқан ата-аналар көбейіп келеді. Оларға қандай шара қолданылады? Дәрігерлер ата-аналарды балаға екпе салдыруға мәжбүрлей ме?

Вакцинациялаудан бас тартулар санының ұлғаюын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген вакцинациялаудан бас тартудың алдын алу жөнінде іс-шаралар жоспары әзірленген. Оған сәйкес, өңірлерде денсаулық сақтау ұйымдары, ішкі саясат, дін істері, жастар саясаты, білім басқармалары, салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталықтары, діни конфессиялар өкілдерінің қатысуымен консультациялық топтар құрылған. Діни қоғамдардың өкілдерімен 2017 жылы 789 кездесу, халықпен 10018 әңгімелесу өткізілген.

Екпеден бас тартқандар қай өңірде көп?

Діни себептер бойынша вакцинациялаудан бас тарту көрсеткіштері жоғары өңірлерге Ақтөбе және Атырау облыстары кіреді.  Жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін еліміздің жетекші ғалымдары тартыла отырып, республикалық деңгейдегі мамандар тобының сапары ұйымдастырылған.

2017 жылғы 17-18 қарашада Алматы қаласында «Сену және өмір сүру» атты Екінші әлеуметтік-медициналық форум өткізілген.  Ол иммундаудың өзекті мәселелерін тек медицина қызметкерлерімен ғана емес, сондай-ақ халықпен де талқылауға мүмкіндік берді.

Жыл сайын сәуірде Қазақстан Еуропалық иммундау аптасына қатысады. Апталықта  халыққа вакцинациялаудың маңыздылығы, тиімділігі туралы ақпарат кеңінен ұсынылады.

2017 жылы жүргізілген жұмыстың нәтижесінде вакцинациялаудан бас тартатын адамдардың 2026-сы егуге рұқсат берген.  

Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 156-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында жүрген жеке тұлғалар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егілуге құқылы.

Оңтүстік Қазақстан облысында бас тарту себебінен  қызылшаға қарсы қосымша вакцинация алмаған 19 жастағы жасөспірім 2015 жылы осы инфекциямен ауырып, көз жұмған.

2017 жылы бас тартулардың ішінде балалар арасында көкжөтелдің 12 жағдайы тіркелген.

Соңғы уақытта жануарлар тістеген кезде де вакцинациялаудан бас тарту үрдісі байқалады. Мысалы, Ақтөбе облысынан ит қапқан бір науқас профилактикалық вакцинациялаудың толық курсынан бас тарту нәтижесінде қайтыс болған («Құтыру, асқыну сатысы»).

Профилактикалық егулерден бас тарта отырып, ата-аналар баласының инфекциялардан және оның салдарларынан өзін қорғау құқығынан айыратынын есте сақтау қажет.

Батыс елдері екпеден әлдеқашан бас  тартқан деген ақпарат бар. Бұл шындыққа жанаса ма?

2017 жылдың басынан бастап еуропа елдерінде қызылшамен сырқаттанудың эпидемиялық көтерілуі байқалады. Ең көп жағдай Румынияда тіркелген. 9 мыңға жуық аурудың 35-і өліммен аяқталған. Италияда 4 мыңнан астам қызылша жағдайы тіркеліп, оның үшеуі қайтыс болған. Грекияда 2017 жылдың мамыр-қыркүйек арасында 100 мыңнан астам адам қызылшамен сырқаттанған.

Қызылшамен сырқаттану Австрия, Бельгия, Болгария, Венгрия, Германия, Исландия, Испания, Португалия, Чехия, Швейцария, Швеция, Францияда тіркелген.

Батыс елдері қызылшамен сырқаттану көрсеткішінің өсуі халықты вакцинациялаумен төмен қамту салдарынан болып отырғанын мәлімдейді.

Сол себепті тұрғындардың денсаулығын сақтау мақсатында италиялық билік органдары 16 жасқа дейінгі балаларды егілуге міндеттеуді ұйғарды.

Aigerim Taubay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір