• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 22:38:51
Алматы
+35°

20 Шілде, 2018

Димаш үшін қорқамын

Бүгін Қазақстанның айнасы шытынаған күн.

Айналдырған екі-үш сағаттың ішінде Денисімізден айырылып қалдық. Тал түсте пышақталып кетті деген хабарды естігенде «жазылып кетеді» деген сенімде болдық. Алайда болмады. Аман қалмады. Жалындаған жиырма бесінде қыз-қырқынды емес спортты ойлап, спортпен тыныс алған таланттың қазасы қабырғамызды қайыстырып кетті. Кешкі ас ішуге деген тәбет болмады, түні бойы марқұмның өнерін қайтадан тамашалап, көз жасымызға ерік бердік. Таң атса да көңіл-күй жақсармады. Жұмыс істеуге деген ниет жоқ. "Кім өлтірді, қашан ұстайды, қалайша аямады, үш литр қанды қалайша жоғалтқан, жедел жәрдемді шақырған кім?" деген сұрақтар ойға маза берер емес. Бүгін халық сүйкімді спортшысынан, талантты жасынан, Қазақ елінің патриотынан айырылған күн. Шешесінің жалғыз ұлынан көз жазып қалған күн. Бүгін – Қазақстанның айнасы шытынаған қаралы күн. Дәл бүгін мен Димаш үшін қорқып отырмын.

Кезінде журналист Ержан Байтілес «Егемен Қазақстанда» жариялаған мақаласында: «Ал осы Құрманғалиевті біздің бүгінгі қоғам біле ме? Атыраудың Құл­сарысында туып, табаны ті­лінгенше дала төсінде жа­лаңаяқ жүгіріп жүріп түйе бақ­қан бала Америкаңызды аузына қаратқан жоқ па? Гол­лан­дияңыз тікесінен тік тұрып құрмет көрсетіп еді ғой. 2007 жылы ешбір елеусіз ғана о дүниеге аттанып кете барды. Іздеген, жоқтаған адам болмады. Одан арыда кім бар еді дегенде, біздің есімізге Амангелді Сембин түседі. Миланның «Ла Скаласында» ән айтқан атақ­ты қазақ. Бірақ бар ғой, тірі күнінде көзге шыққан сүйелдей боп түртпек көрген талант өлі­сінде де аса көп бағаланып жат­қан жоқ. Соған қарап отырып, арда қазақтың аруағынан да қорықпайды екенбіз деп ой­лайсың кейде. Небәрі жиырма жасында жиырма жыл бойына сарыла күткен Олимпиаданың сары алтынын аялап алақанымызға салып еді ғой Бекзат саңлақ. Үш дүркін Олимп шыңын бағындырамын деген арманы бар болатын. Қайтейік-ай?! Әселхан Қалыбекова апамыз айтпақшы, «құшағы қатты халық екенбіз». «Бекзатты үш ай құшағымызға қатты қыстық та» мәңгілік мекеніне аттандырып сала бердік қой.  Осы ретте жиырмаға жетпей бұ дүниеден көшіп кеткен қарағандылық боксшы Ермек Серіков еске түседі. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлемдік жарыстың бәрін ұтқан жалынды жігіт ересектердің арасына қосылғанында қапияда қаза тапты. Қарағандының тү­бінде әлдебіреулер пышақтап кетіп, ақыры қансырап өлді. Болашақта Амангелді Сем­­бин, Ерік Құрманғалиев, Оразалы Досбосынов, Бекзат Саттарханов, Ермек Серіков сияқты таланттардың тағдырын ендігі ұрпақ кешпеуі керек. Сондықтан мемлекеттік дең­гейде таланттарды сақтайтын, оларға қамқорлық көрсететін комиссия құрылуы қажет. Сан сала бойынша олардың тізімі жасақталып, әрбір күні есепке алынып, әрі-беріден соң қайда барып, қайда қоятыны, не ішіп-жейтініне дейін тіркеліп, хатталып отыруы тиіс» деп үлкен мәселені көтерген болатын.

Бейбіт заманда қаланың қақ ортасында тапа-тал түсте көліктің айнасын ұрлайтын қарақшының пышағынан көз жұмуды ресейлік БАҚ «глупая смерть» (болмашы себеп үшін қиылған өмір) деп қазақ қоғамын сынап-мінеп тастады. Азиада, ЭКСПО деп қасықтап жинаған абыройымыз шелектеп төгілді. Қылмыс өршіп тұрған, ұры-қарақшы көбейген, жұмысы жоқ, қарны аш қоғамымыздың бет-бейнесін көрсетті. Әлеуметтік желі Денис Тенді жоқтап, Қазақстандағы былық-шылықты, жаулап алған жемқорлық туралы жазылған өткір ойлы, мазмұны ащы жазбаларға толы. Кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев айтпақшы "қылмыс - қоғамның қалыпсыз экономикаға деген қалыпты жауабы". Денистің түкке тұрғысыз айнаға бола өлуі қоғамның кір-кір, сатпақ-сатпақ бет-бейнесін айқындап, көзімізге шұқып көрсеткендей болды. Сондықтан да сырт көзге ғана тыныш заманда таланттарымыз үшін қорқатын болдық. Денистен кейін Димаштың қауіпсіздік мәселесі толғандырады. Күміс көмей әншіміздің аман-есен жүріп, тыңдармандарын бақытқа бөлеп, қуаныш қана сыйлап жүргенін шын қалаймыз. Қазақстан атын бүкіл әлемге мәшһүр етіп жүрген таланттар қатыгез, мейірімсіз қоғамның құрбанына айналмауы тиіс.

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір