• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 13:29:19
Алматы
+35°

23 Қаңтар, 2018 Экономика

Досым Сәтпаев: Бизнес пен саясаттың бірлесуі - қылмыс

2016 жылдан бері Қазақстан нарығында жұмыс атқаратын екінші деңгейлі банктердің саны 35-тен 32-ге кеміді.

Ұлттық банкті қоспағанда, елімізде қызмет атқаратын барлық банктер екінші деңгейлі банктер болып саналады. Олардың қызметі жөнінде ҚР «Банктер мен олардың заңды қызметі туралы» 1995 жылдың 31 тамызынан № 2443-құжатында айтылған. Осы заңға сәйкес Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер заңды тұлға ретінде, басты мақсат - пайда табу үшін коммерциялық қызмет атқарады. Бұл мақалада Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің тарихы мен оларға иелік ететін акционерлердің банк ісіне ықпалы туралы жазады. 


Қазақстан нарығындағы екінші деңгейлі банктер

2016 жылдан бері Қазақстан нарығында жұмыс атқаратын екінші деңгейлі банктердің саны 35-тен 32-ге кеміді. 2017 жылы қарашаның соңындағы көрсеткішке сай, олардың жыл бойындағы жиынтық активтері 5,9% -ға (1,5 трлн тг) төмендеген, яғни бар-жоғы 24,2 трлн теңгені құраған. Бұл сектор айтарлықтай азайып келеді,  мәселен, 2017 жылы екінші деңгейлі банктердің портфеліндегі кредит берудің салыстырмалы салмағы 63%-дан 57%-ға, яғни 3%-ға азайған. Бұл туралы Ranking.kz сараптамалық агенттігі жариялаған болатын.

«SAS Қазахстанның» атқарушы директоры Андрей Суставовтың айтуынша, бүгінде екінші деңгейлі банктердің керекті қаржы қорына екі түрлі жолмен қол жеткізуіне болады. Оның бірі банк акционерлерінің қаржыландыруы мен өзге серіктес табу болса, екіншісі өзге банкпен бірігу арқылы ірілену және осы жолмен нарықтағы банк санын азайту.

Банктердің бірігу үдерісі аталмыш сектордың іріленуіне әкеледі дедік, мәселен, Халық Банк+Qazkom, Цеснабанк+Ценр Кредит банкі, Capital+Tengri Bank және RBK банкі+Qazaq Banki.   Олардың ішінде, Халық банкі Qazkom-ды иеленсе, Цеснабанк Центр Кредитті өзіне қосып алды. Осылайша аталмыш банктер нарыққа қатысын ұлғайтты. Бұған қарамастан, Qazkom мен Ценр Кредит жеке қаржы институты ретінде қызметін атқарып келеді.

Банк нарығындағы позициясын нығайту мақсатында Capital Bank пен Tengri Bank біріксе, RBK мен Qazaq Banki керісінше, алдағы уақытта бірігіп жұмыс істеу процесін доғаратынын мәлімдеді.

Билік пен бизнестің қосындысы неге тең?

Еліміздегі банк секторына белгілі саясаткерлер мен олардың отбасы мүшелері иелік ететіні рас. Сондықтан, банк акционерлерінің құрамы, яғни иелерінің беделі рейтинг құрастырғанда басты артықшылығы болып табылады. Алайда банктің болашағына қатер төндіруі де мүмкін дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Досым Сатпаев

-Қазақстанда билік пен кәсіпкер арасында «бейресми корпоратизм» немесе екеуінің бірігуі, яғни билікке әсер ете алатын фавориттер бар. Кезінде әлемдік рейтингтік агенттіктердің бірі Қазақстандағы көптеген бизнес құрылымдарды саясатқа қатысы бар адамдар иелік ететіні туралы жазған. Әрине, кәсібі бар саясаткерлердің қолында билік бар кезде олардың ықпалы да, табысы да мықты болады. Алайда, биліктегі күшін жоғалтқанда, экономикалық емес, ішкі элиталық жағдайға байланысты құрдымға кетіп жатады. Өйткені, көптеген қаржылық, салық жөніндегі тексерістер жүргізіліп, ұйымның беделіне нұқсан келе бастайды. Олай болмаған жағдайда, кәсіпті өзге адам иемденіп кетеді. Осылайша, кәсіп пен биліктің бірігуі көптеген қиындықтар туғызады.

Біріншіден, билік пен бизнестің бірігуі нарықтағы бәсекелестікті жояды. Екіншіден, экономикада бәсекелестік болмауы себепті, нашар менеджментпен немесе атқарған жұмысы нәтижесіз болса да мемлекет оларды қаржыландырады. Кәсіптің көзін таба алмаса да, мемлекетке алақан жайып отыра береді. Үшіншіден, басшысы биліктен тайған немесе елден қашып кеткен, жап-жақсы қызмет етуші ұйымның жабылып қалуы. Мысалы, Мұхтар Әблязов кетіп қалғаннан кейінгі БТА банктің жағдайы күрт өзгерді. Әблязовқа қатысы барлар түрмеге қамалды, шетелге қашты, болмаған күнде қызметін босатты. Айта берсек, тәуелсіздің 25 жылы ішінде орын алған осыған ұқсас жағдайлар өте көп. Олардың біршамасы талан-таражға салынған кәсіптері үшін билікті сотқа бергісі де келген.

Билік пен бизнестің бірлесуі Қазақстан экономикасын бәсекеге қабілетсіз етуде. Менің ойымша, аталмыш жағдайдың өзгеруі бірден бола қоймас. Өйткені элитаның өзі осы жүйені мақұлдайды.

Әйткенмен, билік ауысып, экономикамыз да, жалпы саяси жүйе өзгерсе, маңызды жаңғырту керек болып, шынайы демократия орнаса, қоғам билік пен бизнестің бірігуіне бәрібір қарсылық танытады.

Әлемнің өзге елдерінде билік пен бизнес арасында тығыз қары-қатынас орнаса, бұл қылмыс болып саналады. Өйткені олар бұл жүйенің  көлеңке тұстарын біледі. Егер кәсіпкердің саясатқа қатысы болса, ол қандай да бір жемқорлық әрекеттерде, яғни саясатқа лауазымға барса ол сол компанияға қаржылай көмек көрсете алуы мүмкін деген күдік туындайды. Сол себепті өзге елдерде оған жол берілмейді. Айтып кеткенімдей, Қазақстандағы элитаны қазіргі жағдайды өзгертетін болса, экономикада бәсекелестік пайда болады. Онсыз біз бәсекелестікке қабілетті мемлекет бола алмаймыз.

«Қазақстанның халық банкі» АҚ және Qazkom

«Қазақстанның халық банкі» АҚ бұрынғы ҚР Жинақтық банктың орнына құрылған және қаншама жыл шамасында ҚР билігінің зейнетақы мен жәрдемақы төлеудегі агенті болып келеді.  2017 жылы наурызда «Халық банкі» және Qazkom «Халық банкі», «БТА Банк» және «Казкоммерцбанктің» ірі акционерлерінің бірі Кеңес Рақышевтың қатысуымен мәміле жасасқан еді.

Еліміздегі банк секторының 38% үлесі  Qazkom мен «Халық банктікі», ал екі банк акцияларының бақылау пакеті Тасмағанбетовтың күйеу баласы Кеңес Рақышовтың иелігінде.

Ал жеке «Халық банкке» келер болсақ, акционерлерінің ішіндегі ең ірісі Назарбаевтың ортаншы қызы Динара мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевтар бақылауындағы «АЛМЭКС» тобы. Олардың үлесі 72,3%-ды құрайды. «Халық банктегі»БЖЗҚ АҚ  бағалы қағаздар үлесі 7,8% болса, 16,7% -ы ғаламдық депозиттер қолхатына берілген, 3,2% -ы басқа да акционерлерге тиесілі. 

«Цеснабанк» АҚ және Ценр Кредит банкі

2017 жылдың 1 ақпанында «Ценр Кредит» АҚ-ң 41,93% бағалы қағаздарын иеленетін  Kookmin Bank «Цесна» Қаржылық фондын» және Бақытбек Байсеитовты ЦентрКредит АҚ-ның таңдамалы сатып алушылары ретінде таңдады. Ал 17 сәуірде Kookmin Bank Co., Ltd өзіне тиесілі бағалы қағаздарды толығымен Бахытбек Бәйсеитовке, «Цеснабанк» АҚ және «Цесна» Қаржылық фонды» АҚ-а сатып жіберді.

Цеснабанк акцияларының сомалық нарықтық құны 114 413,75 млн теңгені ($353,09 млн) құрайды.

KASE қор биржасының мәліметінше, банктің барлық бағалы қағаздарының 59,68 % -ы бүгінде «Цесна» Қаржылық фондының» иелігінде болса, 8,53%-ы Уандықов Шыңғыс Берікұлыныкі, БЖЗҚ АҚ тиесілісі - 7,92%, TOO «АППАРАТKZ» – 7,05%, ТОО «KINESIOKZ» – 5,21% және қалғаны АО "Цесна Капитал" – 0,50% үлеспен тиесілі.

Осылайша, өткен жылы Ресейдегі ірі қаржы банктер қатарына жататын «Плюс банктің» басшылар кеңесінің орынбасары Уандықов Шыңғыс «Цеснабанктің» жаңа акционері болып келді. Цеснабанктің қалған иелері бұрынғысынша, Жақсыбеков Дәурен Әділбекұлы, Жақсыбеков Әділбек Рыскелдіұлы, Мещеряков Николай Ильич, Мещеряков Илья Николаевичтер болып қала береді.

35 жастағы Цеснабанктің акционері Шыңғыс Берікұлының әкесі Уандықов Берік Құсманұлы ҚР инвестиция және даму Министрлігінің «Қазақстан су жолдары» РМҚК басшысы қызметін атқарады.

Банк Ценр Кредит АҚ акцияларының сомалық нарықтық құны 32 535,22 млн теңгені (($100,40 млн) құрайды.

Банктің 36.26%-ын  Б. Байсейітов, Цеснабанк АҚ - 27.96 % «Цесна» Қаржылық фонды» АҚ - 13.42% иелік етеді.

«Сбербанк» АҚ акциясының 100%-ы «Сбербанк России» АҚ-ға тиесілі. Ал түпкі акционері РФ Орталық банкі болып қала береді.

 «ForteBank» АҚ

2014 жылы миллиардер Болат Өтемұратов өзінің беделі арқылы үш банктен құралған Темір банк + Альянс банк+ ForteBank-тің тұтынушыларын баулып, екі проблемалық банктің орнына Forte bank атымен аталатын жалғыз қаржы институтын құру туралы жоспарын мәлімдеген болатын.

ForteBank-тің акцияларының сомалық нарықтық құны – 92 318,69 млн теңге ($284,90 млн). Негізгі акционері Болат Өтемұратов (2017 жылы жасалған Forbes Kazakhstan тізіміндегі ең бай 50 кәсіпкердің қатарында), оның банктегі жай акциялар үлесі 88,23% құрайды.

2016 жылдың 20 желтоқсанынан бастап, басқарма төрағасы лауазымын атқарған Талғат Қуанышевтың орнына басшылар кеңесі құрамына кірген Мағжан Әуезов келді.

«Kaspi Bank» АҚ

Қазіргі кезде Kaspi Bank сұранысқа ие, көрсетілетін қызметтері жөнінде өзгелерден оқ бойы озық тұр. Банктің басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе және ол банктің 9,10%-на иелік етеді. Банк акцияларының көп бөлігін Baring Vostok Funds – 35,16% иеленсе, Кайрат Сатыбалдыулы – 27,35%, Вячеслав Ким – 19,56% және 2,51% - Goldman Sachs-тың құзырында.

Қазақстан банктерінің шынайы иелері туралы ақпаратты KASE қор биржасынан көруге болады. Төменде Ranking.kz сараптамалық агенттігі ұсынған Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің тізімін ұсынамыз:

«АТФ банк» АҚ-ң 99,77 %-н ТОО "KNG FINANCE" арқылы Forbes Kazakhstan рейтінгісінде 19-шы болып тұрған Ғалымжан Есенов иеленеді. 2016 жылы «АТФ банк» ықпалды ұлыбританиялық басылым The Banker рейтингісі бойынша «Жылдың үздік банкі» деген атаққа ие болды.

«Банк RBK» АҚ

Банктің ірі акционерлері қатарына «Фонд-Инвест» (19,04%) мүлікті басқару дирекциясы, SBS Group қазақстандық өндірістік кәсіпорынының басшысы Фарид Люхудзяев (9,53%), Дінмұхамет Ыдрысов (7,52%) және басқалары кіреді.

Қазақстанда қызмет ететін екінші деңгейлі банктер өздеріне иелік ететін акционерлердің ықпалына, саяси байланысына және беделіне бағынышты екендігін жоғарыда көрсетілген мысалдардан білдік. Банктердің дербес және өздерінің басты мақсатына жетуі үшін билік пен бизнестің аффилиирленуі болмауы қажет. Төменде Ranking.kz сараптамалық агенттігі соңғы рет жасаған қазақстандық екінші деңгейлі банктердің тізімін ұсынамыз.

ranking.kz

Zamira Pulatova

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір