• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 13:23:16
Алматы
+35°

01 Маусым, 2018 Сұхбат

Дос Көшім: "Тілдер туралы" заңның атауын өзгертіп, орыс тілін алып тастау керек

Қазақ тілінің мәселесі «рухани жаңғырудан» басталған жоқ және оны «рухани жаңғыру» да шешпейді. Бұл – біздің қоғамымыздың дерті.

Мемлекеттік қазақ тіліне бетбұрысы байқалмайды. Президенттің «Үкімет пен Парламент тек қазақ тілінде жұмыс істеуі керек» деген сөзіне қарамастан, шенеуніктер үлкенді-кішілі жиындарда әлі де орысша сөйлейді. Бұл туралы қоғам қайраткері, саясаттанушы Дос Көшім айтты. Оның Qazaqstan Zaman газетіне ерген сұхбатын Qamshy.kz ақпарат агенттігі ықшамдап, оқырман назарына ұсынады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының мемлекеттік тілге әсері

Қазақ тілінің мәселесі «рухани жаңғырудан» басталған жоқ және оны «рухани жаңғыру» да шешпейді. Бұл – біздің қоғамымыздың дерті, қазақтың намыссыздығы мен рухынан ада бола бастағанының көрсеткіші. Мемлекеттік мекемеде, заң саласында қызмет жасайтын азаматтарымыздың қазақ тілін қолданғанына қазақ қоғамының риза болуы – мемлекеттік тілдің қазіргі кезеңдегі сорлы жағдайының көрсеткіші.

Мемлекетке, мемлекеттің қызметкерлеріне қазақ тілінің қажеті шамалы, алайда қоғам деген күш бар, қазақ деген ұлт бар. Қоғам мен сол қоғамға қызмет жасаушы биліктің екі түрлі ұстанымда болуы жақсылық емес, бірақ бұл мәселеге 30 жылда киноның билеттерін немесе кассаның талонын мемлекеттік тілде бере алмай отырған Мемлекет қана кінәлі.

Парламенттің мемлекеттік тілге деген көзқарасы

Парламент осы уақытқа дейін қазақ тілі туралы жаңа заң қабылдау мәселесін көтерген жоқ. Бұл олардың Президентке де, қазақтілді қауымға да «сендерді ұрғаным бар» деген жауабы сияқты қабылданады. Мәдениет министрлігі қазақ тілін меңгерген адамдардың есебі 85 пайызға жетіп қалғанын жариялады. Алайда «қазақ тілін білетін адамдар» санатына жатқызу шарттарымен таныспаған соң осынша пайыз азаматтарымыз мемлекеттік тілді меңгерген екен деп айта алмаймын.

Президенттің 2020 жылға дейін тұрғындардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі керек деген межесінен шығу үшін жыл сайын 1-2 пайыз қосып, сол межеге келетініне де күмәнім жоқ. Бірақ әңгіме қазақ тілін қолдану қажеттілігін тудыруда жатыр. Сонда ғана «қанша адам қазақ тілін меңгерді» де есеп-қисап жүргізбейміз.

«Оғыз феномені»

Егер бұл «феномен» болса, тек шетелдік азаматтың қазақ тілі үшін күрескенінің феномені болар. Ал Оғыз сияқты өзінің қай тілде сөйлеу құқығы үшін күресі жүрген жандар біздің азаматтардың да ішінде жеткілікті. Бұндай жағдайлар Кеңес одағы кезінде де болған. Мен үшін «Оғыз феноменіндегі» көңіл бөлерлік мәселе — оған, оның жасап жүрген іс-әрекетіне қарсы шығушылардың пайда болуында. Бұл не, «біз неге сондай болмадық» деген жаман намыс па, әлде «біздің ішкі мәселемізге шеттен келіп араласпаңыз, өзіміз-ақ қатырамыз» деген ақымақ патриотизм бе? Меніңше, бұл — журналист болғаннан кейін сауатты жұмыс істей білетін адамға деген іштарлық пен осы адамның ісі басқаларға, қазақстандықтарға үлгі болып кетер ме екен деген қорқыныш қана. 

Қазақ тіліне деген қажеттілікті қалай жасауға болады?

Барлық өркениетті, құқықтық елдерде Тілге деген қажеттілік тек заңдық жолмен жасалынады. Мен бұрынғы заңға — қостілділікті сақтап қалуға бағытталған заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге толықтай қарсымын, бізге жаңа заң атауынан бастап, соңғы нүктесіне дейін қайта жазылған жаңа заң керек. Алайда сөздің басын қазіргі қолданыстағы «Тілдер туралы» заңнан бастайық. Біздің қазіргі қолданыстағы заңымыз Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» заңы 1989 жылдың 21 қыркүйек айында қабылданып, 1997 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл — буыны қатпаса да толқыны кемерден асып бара жатқан ұлттық жаңғыру мен демі бітіп бара жатса да, басқа ұлттарды уысынан шығарғысы келмейтін ұлыдержавалық шовинизмнің арасынан аман өтуге тырысқан екіұдай кезең болатын. Әрине, заңда қазақ тіліне мемлекеттік тіл статусы берілді, бірақ, шын мәнінде, бұл — қостілділікті сақтайтын, дамытатын, қолдану жолдарын реттейтін заң болатын. 

Ал жаңа «ҚР Мемлекеттік тіл туралы» заңның қоғамға қажеттілігін дәлелдеуіміз керек.

Біріншіден, заңның атауы өзгертілуі керек. Ол «Мемлекеттік тіл туралы» деп аталынуы шарт.

Екіншіден, заңда орыс тілінің статусы нақтылануы керек.

Орыс тілінің мәртебесі

Жаңа заңда орыс тіліне ешқандай мәртебе берілмеу керек. Мемлекеттік тілден басқа тілдердің құқықтары бірдей. Демек орыс тілі – Қазақстандағы көптеген диаспоралардың біреуінің тілі.

Мемлекеттік тілдегі құжат мәселесі

Орыстілді шенеуніктер Қазақстанды баяғыда-ақ қостілді елдердің қатарына қосып қойды. Оған мүмкіндік беріп отырған да — өздеріміз. Ал орыс тіліндегі құжаттардың көшірмесін сұраудың не талап етудің ешқандай құпиясы жоқ — сол жерде отырған қызметкерлер мемлекеттік тілден мақрұм, сондықтан аударманы өздерінің жұмыстарын жеңілдету үшін біздерден сұрайды. Ол — заңсыз талап, сондықтан бұл заңсыздықпен бар күш-жігерімізді салып күресуіміз керек! Ал Жаңа заңда бұл мәселе жеке бап есебінде нақты көрсетілуі шарт.

Тіл туралы заңның кемшіліктері

Біріншіден, жауапкершіліктің жоқтығы – мемлекеттік тілді мазақ қылған немесе қорлаған жандарға айып белгіленбеген.

Екіншіден, заңда нақтылық жоқ – 9-бап. Мемлекеттік органдар актілерінің тілі. «Мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн»
«Мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленеді»… Неге «мемлекеттік тілде қабылданады» деп, нақты айтылмайды…

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір