• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:02:49
Алматы
+35°

14 Шілде, 2018 Әлеумет

Дерті асқынып, дәрмені таусылған Айнұрдың рухы күннен-күнге күшейіп келеді

«Берілме, бірге жеңеміз» деді күйеуі, «Анашым, сен жанымызға ораласың» деді балалары, «Мен өмір сүремін» деді Айнұр.

«Мен өмірді сүйемін. Өмір – Алла Тағаланың берген ең керемет сыйы. Оны бағалау керек, тек алға жүруге талпыну керек», - дейді қатерлі ісікке шалдыққан Айнұр Сүлейменова.

Ал сіз үшін өмір деген не? Өмірге қаншалықты құштарсыз? Кей сәттерде бәрінен түңіліп, қолыңызды бір сілтеп, әлемнен баз кешіп кетуді аңсайсыз, солай ма? Деніңіз сау, бауырыңыз бүтін бола тұра өмірден жалығасыз. Айтуға тұрмайтын қиындыққа шыдай алмай, өліп кетуге дейін барасыз. Алайда бұл ойларыңыздың бәрін 360 градусқа бұрып, сізді өмірге талпындыратын, оның шын мәнісінде ғажап екенін сездіретін жандар бар. Тек сізден айырмашылығы, олардың басына түскен қиындық әлдеқайда ауыр. Бүгінгі кейіпкеріміз Айнұр осыдан жарты жыл бұрын өзінің қатерлі ісікке шалдыққанын біледі. Дәрігерлердің қателігінен жас келіншек ісігін асқындырып алды, дерттің ең ауыр санатына шалдыққан. «Үміт үзілді-ау» деп ойлады туыстары, «емдей алмаймыз» деді мамандар. Бірақ... бірақ... «Берілме, бірге жеңеміз» деді күйеуі, «Анашым, сен жанымызға ораласың» деді балалары, «Мен өмір сүремін» деді Айнұр.

Айнұр Сүлейменованың жеке мұрағатынан

«Диагнозды дұрыс қоймаған»

Денсаулығым сыр берсе, бірден ауруханаға қаралатын адаммын. Осыдан жарты жыл бұрын да солай істедім. Былтыр күзде кеуде тұсым ауырып жүрді. Дәрігерлерге жүгіндім, тексерілдім. Олар маған «фиброзды-кистозды сүт безінің ауруы» деген диагноз қойды. Қарашадан ақпан айына дейін аталған диагноз бойынша емделіп жүрдім. Алайда жағдайым күн санап нашарлай берді. Тіпті өз бетімше жүріп-тұрудан қалдым. Технология дамыған заман ғой, интернеттің де көмегіне жүгіндім. Менің жағдайымда не істеуге болады, бәрін оқыдым. Биопсия алу керек екен. Одан да өттім, кеудемнің айналасына түрлі жаралар шығып, іріңдеу бастады. Дәрігерлер іріңді сорып алмақ болып, сүт безін тескен сәттен бастап, жағдайым күрделене түсті. Терім де әбден зақымданған.

Айнұр Сүлейменова

Бірде ұйқымнан тұрсам, көкірегімнің бір жерге қарай қисайып қалғанын байқадым. Интернеттен мұның да себебін білуге тырыстым. Онкологияның алғашқы белгісі екен. Күйеуім екеуміз мені емдеп жүрген дәрігерлерден күдіктене бастадық. Білікті маман іздеу үшін Қазақстанды араладық.

«Мендегі ісік асқынған»

Түбінде Алматыда Мұрат Исаұлы деген дәрігерге жолығып, ол кісі маған тағы да биопсия алуым керек екенін ескертті. Ақылы түрде биопсияға тапсырып, 10 күннен кейін үшінші дәрежелі сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққанымды білдім. Әрі мендегі ісік асқынған екен. Дәрігерлер ота жасауға рұқсат бермеді. Ісік қанға түсіп кетеді екен. Ондай жағдайда барлық ағзам зақымданады. Тек химиотерапиядан өттім. Алайда белгіленген сегіз химиотерапияның бесеуін ғана өттім. Қалғанына шамам жетпегендіктен, үзуге тура келді. Жүрегіме ақау түсті, ағзаларым ауыра бастады.

Сәуірде Кореядан мамандар келіп, маған үміт сыйлап кетті. Ісікті алып тастайтындарын, елде ондай медицина дамығанын айтып қуантты. Ал Қазақстанда дәрігерлер «қатерлі ісікті алып тастағанның өзінде орнына жабатын тері жоқ, тері бұзылған» деп ота жасаудан ат тондарын ала қашатын.

Сөйтіп жүріп көлігімізді, кей дүниелерімізді сатып қаражат жинадық. Өзіміз тұрғызған үйімізді сатылымға қойдық. Рамазан айында қаражат жинауда қол ұшын созғандардың қатары көп болды. Қазақстанды аралап жүріп, бір дәрігерді тауып алдым. Ол да дертімнің асқынғанын айтты, үміт сыйлап, уәде бергісі келмеді. Алайда қолынан келгенін аянбайтынын да жасырмады. 10 шілдеде маған алғашқы операция жасалды. Сейсенбі күні. Әзірге әсері, нәтижесі белгісіз. 10 күннен кейін бәрін анықтайтын боламыз. Тек дәрігерім есімін жасырын ұстауды өтінді. Ал маған бір жағдай болып қалса, дәрігерге кінә артпайтынымызды айттық. Себебі мендегі дерттің ауыртпалығын менен артық ешкім білмейді.

Енді медициналық оңалту процесіне бармақшымын. Қаражатымыз жетпесе де, күйеуімнің қолдауымен өмірдің бұл баспалдағынан да өтеміз.

Айнұр Сүлейменова

Балаларының көңіліне қаяу түсірмес үшін жасанды шашпен жүреді

«Жұбайым – қамқоршым, балаларым – қолдаушым»

Өмір сүргім келеді. Талпынамын. Тырысамын мықты болуға, ата-анама, балаларыма қиналып жүргенімді көрсетпеуге, жанымның қажығанын білдірмеуге.

Күйеуім екеуміз 5-сыныптан бері бірге оқимыз. Бір партада отырып, қол ұстасып мектепті бітірдік. Шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы болдық. Өмірде тек бақыт қана болады екен-ау деп жүргенде, Алла Тағала басымызға осындай бір ауыр сынақ беріп қойды. Өмірдің ағымен қоса, қарасын да қабылдауды үйретті. Осы сәттерде жарым, шаңырағымыздың отағасы әрдайым менің жанымда болды. Мен қиналғанда, мықты болуыма сол жан септігін тигізді. «Бәрін бірге жеңеміз, дертіңнен құлан таза айығасың, әлі талай бақытты күндерді бастан өткереміз, тек сен берілме» деген сөздері маған қанат бітірді. Қалайша жеңіле саламын?!

Айнұр Сүлейменова

Жары Дастанмен

Қазір ауруханада жатырмын. Кіші қызым Айша күнде таңертең хабарласып «Анашым, қайырлы таң!» деп айтады. Алладан менің тезірек сауығып кетуімді тілейді, дұға етеді. Балаларым да қиналып жүргендерін маған көрсетпеуге тырысады, менің мықты болуыма олар да септесіп жүр. Олардың осындай ақылды, саналы болып өсіп келе жатқандарына шүкір деймін. Олар мені күтіп жүр. Қалайша жеңіле саламын?!

Айнұр Сүлейменова

Айнұрдың балалары: Даниэл 13-те, Иманəлі 6-да, Айша 4-те

Туыстарым, таныстарым мендегі дерттің үшінші дәрежелі екенін білген соң жандары ашыған түр көрсетіп, менен бас тартады. Сол сәтте-ақ өлдіге санайды. Ал мен сауығатыныма, отбасыма оралатыныма сенемін. Қалайша жеңіле саламын?!

Менің тілеуімді тілеп отырған ата-анам бар. Әкем үш қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, бойымызға нағыз қазақ қызына тән қасиеттерді дарытып өсірді. Олардың көңілдеріне қалайша қаяу түсірмекпін?! Керісінше, бізге, маған артқан үміттерін ақтап, қуантып жүруден асқан қандай бақыт бар? Айтыңызшы, қалайша жеңіле саламын?!

«Өмірге ғашық болыңыз»

Басына қиындық түскен жандарға айтар кеңесім: өмір қамшының сабындай қысқа. Бағалай білу керек. Ешкімнің басына ақша бұлт, табанының астына түбіт төсеп қоймайды. Әлсіздік танытпаңыз. Əлем əдемі. Адамнын жан дүниесі, ойы барлық дəріден мықты.

Айнұр Сүлейменова

Аспанға бір көз салыңызшы... Қандай тамаша! Кеудеңізді демге толтырып, Жаратқанға шүкіршілік етіңіз! Өмір деген кереметтің әрбір сәтінен рухани азық алыңыз! Сіз мықтысыз!

Қараңызшы, дерті асқынып, әл-дәрмені таусылса да, Айнұрдың рухы күннен-күнге күшейіп келеді. Өмірге деген құштарлық оның үмітіне үміт сыйлап, мықты болуына септігін тигізді. Тіпті оны «науқас» деуге де аузың бармайды екен, жоқ Айнұр науқас емес, ол – мен білетін ең жігерлі ана, ең батыл ару. Мұны өзінің Instagram парақшасындағы әр жазбасы дәлелдей түседі. Оқыңыз, үлгі алыңыз, сіз де дұғада болыңыз. Өмірді сүйетін жанға өмір сыйлауға атсалысыңыз.

Қаржылай көмек үшін:

КАSPI GOLD картасы: 5169 4931 0085 6007

Сүлейменова Айнұр Қабылқақызы ЖШС: 820701401432

СБЕРБАНК картасы: 4424 7710 1226 4095

Жары Мырзахметов Дастан ЖШС: 820721300992

ЦЕНТР КРЕДИТ картасы 4667209620942154

ХАЛЫҚ БАНК картасы: 4402573556822098

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір