• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 15:32:22
Алматы
+35°

20 Қараша, 2017 Әлеумет

Дәйекшесі немесе қос таңбасы көп әліпби қолайсыз

Дүниежүзі қазақтарына ортақ, ғылым-технологияның жаңа заманғы талаптарына сай, кемелді латын әліпбиінің нұсқасын қайтадан қарап қабылдау керек

Ғылым-технология мен сауда-саттық саласында ағылшын тілі халықаралық ортақ тіл ретінде қолданылып отырған қазіргі заманда қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің қажеттілігі жұртқа мәлім. Бұл Қазақстанның батыс елдерінің тілін, ғылым-технологиясын үйренуін жеңілдету үшін ғана емес, бүкіл дүниежүзі қазақтарының өзара хат-хабар алысуына да қажетті маңызды іс. Біз шетелде ғылыми зерттеумен айналысып жүрген қазақ ретінде, өзіміздің латын әліпбиі жөніндегі ойымызды Қазақстан халқының назарына ұсынып, келесі кезекті қазақ әліпбиін жобалаудың ғылыми талқыларында біздің де пікірімізді қоғам қайраткерлері мен халық елеп-ескерсе екен деген үміттеміз.

26-шы қазанда қабылданған әліпбиде “X” пен “W” әріптері жоқ. Бұл қазіргі ғылым-технологияда қолданылатын көптеген терминдерді жазуға қолайсыз. Мысалы, химияда Xenon (ксенон) мен Tungsten (вольфрам) деген элементтерді “Xe” және “W” таңбаларымен белгілейді. Хylene, xanthate, wadsleyite, whiteite деген химиялық заттар да бар. Медицинада көп қолдынылатын X-хромосома, X-синдромы, Waardenburg синдромы, Wolfram синдромы, Warfarin, Western blot деген атау, сөздер бар. Физикада тоқ күшін W (Watt) таңбасымен белгілейді. Егер осындай атаулардың бәрін қазақшалап немесе орысша атаулармен жазамыз десек латын әліпбиіне көшудің нендей маңызы болмақ? Бұдан сырт, жер, адам аттары, мәселен, New York, Washington, Lexington, Alexandria, Oxford, Xiamen деген қалалар көп тілде осы қалпында жазылады. Ал бұл қалаларды латынның қазіргі қабылданған нұсқасымен қалай жазу керек? ‘W’ мен ‘X’-тің орнына қай таңбаны қолданамыз? Тіпті қазақтар өз аттарын, мәселен Уатқан, Шыңғыс деген аттарды ағылшын тілді мақалаларда У’atqan, С’in’g’is деп жазсақ, шетелдіктер қалай оқиды?

Қазір дүниежүзіндегі әр елдерде өмір сүріп жатқан қазақтардың ортақ бір әліпбиі жоқ, компьютер, ұялы телефон арқылы қазақ тілінде байланыс жасау қолайсыз. Өткен бір ғасыр ішінде қазақ әліпбиі үш рет өзгертілді, араб қарпінен латын жазуына, латыннан кириллицаға. Әр реткі өзгеріс барысында қазақтар діни идеология немесе саяси қысымның әсерінен өзінде жоқ “һ, Ю, Я” қатарлы таңбаларды пайдалануға мәжбүр болды. Ал осы жолғы әліпби өзгерту Қазақстан тәуелсіз ел болғаннан кейінгі алғашқы әрі соңғы рет әліпби өзгертуі болады деп сенеміз. Бұл латын әліпбиімен қазақтың жастары компьютер программаларын жасап, оқу орындарында, ауруханаларда және үкіметтік мекемелерде жаппай пайдаланатын болады. Сол себепті, осы жолғы латын әліпбиін жобалауда діни идеологияға, саяси көзқарас немесе жеке бір адамның ұнату-ұнатпауы қатарлы істердің ықпалына ұшырамай, ғылыми негізде, сабырмен, ақыл-парасатпен дүниежүзі қазақтардың бәріне бірдей қолайлы әліпби қабылдау керек. Осыны ескере отырып, жаңа латын әліпбиі төмендегі жеті негізгі талаптарды қанағаттандыруы керек деп ойлаймыз.

  1. Ағылшын тіл пернетақтасындағы (keyboard) әріптерді толық әрі ѳз орны бойынша пайдалану;
  2. Қазақ латын әліпбиінің пернетақтасын неміс және Ирландия пернетақталары секілді ағылшын тіл пернетақтасы негізінде жобалау;
  3. Microsoft Office (Word, Excel, PowerPoint), Photoshop, Graphpad Prism қатарлы ғылыми зерттеуде әрі күнделікті өмірде көп қолданылатын бағдарламаларды пайдалануға қолайлы болу;
  4. Компьютер бағдарламаларын құруға қолайлы болу;
  5. Халық арасында ортақ қолданылып жүрген атау-терминдер көп өзгеріссіз жазылатын болуы;
  6. Шетелдік адам, жер аттары көп өзгеріссіз жазылатын әрі дұрыс оқылатын болуы;
  7. Қазақтың өз адам, жер аттары ағылшын тілінде мүмкіндіктің барынша дұрыс оқылатын болуы.

Және бір ескеретін маңызды іс, бұл жолғы латын әліпбиін жобалауда дәстүрлі пернетақтаның оңтайлылығын ғана ойламай, 40-50 жылдан кейінгі ғылым-технологияның даму беталысын толық ойластыру керек. XIV ғасырда басталған ренессанстан кейін Батыс Еуропа елдері дүниені ғылыми жолмен түсінетін болып, әрқандай бір мемлекеттің болашағына қатысты маңызды істерді 40-50 жылдан кейінгі тиімді-тиімсіз жақтарын әр саланың мамандарымен толық ақылдасып, халықтың пікірін тыңдап шешіп келеді. Сол себепті ғылым-технология мен экономика жағынан 500 жылдан бері дүниенің алдында жүр. Керісінше, біздің мұсылман бауырларымыз әлі күнге дейін пайда мен оңтайлылықты ғана ойлап, ғылым-технологияда әлемнің ең артында келеді. Ал ѳзіміздің осы жолғы 26-шы қазанда қабылданған жоба (26-қазан-жоба) мен алғашқы жарияланған жобаны (алғаш-жоба) қарап кѳрсек, тіл мамандарымыз дәстүрлі пернетақтаның оңтайлылығын ғана ойластырған.  Басқа жаратылыстану ғылымдары саласындағы мамандар талқыға қатыспаған ұқсайды. Мысалы, алғаш-жобада “X” әрпі жоқ, 26-шы қазандағы жобада “X” пен “W” әріптері жоқ. Химия мен физика мамандары әліпби талқылауларына қатысқан болса, “X” және “W” әріптері халық арасында ортақ қолданылатын ғылыми атау-терминдерге қажет екендігін айтқан болар еді. Бұдан бөлек, 40-50 жыл емес, 20 жыл ішінде қазіргі дәстүрлі пернетақта қолданыстан шығып, сымсыз, оптикалық, виртуалды, немесе басқа түрдегі көп функционалды, электронды пернетақталар жалпыласып кетеді. Сол кезде компьютер пернетақтасының орналасуын бір тілден екінші бір тілге ауыстыру бір пернені басумен ғана орындалатын болады.

40-50 жылдан кейін қағаз, қаламсыз толықтай электронды заманға жеткенде, теру жылдамдығы мен дәлдік бірінші мәселе болып табылады. Әліпбиде қос-таңба немесе дәйекше ѳте кѳп болса, теру жылдамдығына да дәлдікке де кері әсер тудыратыны анық.

Әліпбиде дәйекшелі әріптер өте көп болса компьютер бағдарламасын жазуға да үлкен қолайсыздық тудырады. Мысалы, Standart Unicode-да (UTF-8/16) “ A’ ”-ны бір әріп және бір пунктуациядан құралған екі таңба деп есептейді. Ал “Ä”-ны “Ə” деп қолдансақ Unicode-да 0x00C4-мен белгілеп, бір таңба деп есептейді. Батыс елдерінде “X”, “Q” әріптерімен жазылатын ғылыми атаулар мен адам, жер аттары бар, бірақ өте аз. Қазақ латын әліпбиінде “X” және “Q” әріптерін сәйкесінше “X” және “Қ” деп қолдансақ ешқандай қолайсыздық туындамайды. Алайда “J” әрпін “Й” деп, “Y” әрпін “Ы” деп оқу өте ыңғайсыз. Xалық арасында кеңінен қолданылатын тілдердің көбінде “J, Y, W, Sh, Ch, Ng” деген таңбаларды сәйкесінше “Ж, Й, У, Ш, Ч, Ң” деп оқиды. Мысалы, ағылшын тілімен, жапонның ромадзиімен (Rōmaji; romanized Japanese Alphabet), қытайдың пининімен жазылатын (мысалы, Jefferson, New York, Washington, Chicago, Fujisan, Tokyo, Yokohama, Sushi, Shanghai, Wuhan, Jiangsu) сөздердің бәрінде “J, Y, W, Sh, Ch, Ng” әріптерін сәйкесінше “Ж, Й, У, Ш, Ч, Ң” деп оқиды. Оның үстіне, осы таңбалармен жазылатын сөздер өте көп. Сол себепті, осы таңбалардың дыбысталуын “Ж, Й, У, Ш, Ч, Ң” деп оқысақ, Ағылшын тілді пернетақтаның ерекшелігін пайдалансақ, сонымен қатар компьютер бағдарламаларын ойластырсақ, төмендегідей жоба-1 де көрсетілген әліпбиді жобалауға болады.

 Жоба-1 мен халық арасында ортақ қолданылып жүрген ғылыми атауларды, адам, жер аттарын өз қалпында жазып, ағылшын тіліне жақын дыбыспен оқуға болады. Мысалы, X-xromasoma, Wolfram, Watt, Joule деген ғылыми атаулар, New York, Washington, Jacksonville, Shanghai деген жер аттары өзгертілмей жазылып, дұрыс оқылады. Егер “Ä, Ö, Ü, Ë” әріптерін пайдаланбаймыз десек, жоба-2 де көрсетілген қос таңбалар қазақ тіліндегі ерекше дыбыстарды бейнелеуге үйлесімді деп ойлаймыз. Мысалы, “O” мен “Е”-ні қосып оқыса табиғи түрде “Ө” болып оқылады. “A” мен “І”-ні, “U” мен “І”-ні қосып оқысақ сәйкесінше “Ә” мен “Ү”-ге жақын оқылады. “Sh” және “Ch” таңбаларын сәйкесінше “Ш” және “Ч” деп оқығанда, “Eh”-ні “Ы” деп оқуға әбден болады. Жоба-2 де жоба-1 секілді ғылыми атаулар мен жер, адам аттарын өзгертпей жазып, дұрыс оқуға болады. Қазақ әліпбиіндегі таңбалардың оқылуы ағылшын тіліне, қытайдың пининіне және жапонның ромадзиіне қанша жуық болса, тіл үйренуге, ғылым-технологияны игеруге сонша қолайлы болар еді. Латын әліпбиіне көшудің түп мақсаты да осы болар деп ойлаймыз.

Eгер жоба-2-ні қолдансақ, алғаш-жоба мен 26-шы қазандағы жоба секілді, ағылшын тіл пернетақтасындағы таңбаларды пайдаланып қазақша жазуға болады. Бірақ осы үш жобаның бәрінде қос-таңба немесе дәйекше ѳте кѳп. Екінші жобада немесе алғаш жоба мен жазылған қазақ сѳздерінің қазақ әліпбиіне тән өзіндік бір ерекшелігі жоқ. 26-шы қазандағы жоба мен жазылған сѳздерді оқу ѳте қиын. Мысалы, тѳмендегі бірнеше қазақ сѳздерін тѳрт түрлі жоба мен жазып, салыстырып кѳрейік.

Жоба-1 мен жазылған жазу ретті, анық, оқуға оңай, қазақ әліпбиіне тән, басқа тілдерден ерекшелеп тұратын өзіндік өзгешелігі бар. Басқа үш жобамен салыстырғанда теру жылдамдығы да тез дәлдігі де жоғары. Eгер жоба-1-ді қолдансақ, компьютер пернетақтасын жобалауға ешқандай қиындық туындамайды. Батыс Еуропа тілдерінде қолданылып жүрген пернетақтада (мысалы, неміс немесе Ирландия пернетақтасы) секілді, қазақ пернетақтасын төменде көрсетілгендей ағылшын тіл пернетақтасы негізінде жобалауға болады.

 Неміс стильді пернетақтасын пайдалансақ, әдетте кѳп қолданылмайтын “{}, [], ;, :, ‘ ” қатарлы таңбалардың орнына “Ä, Ö, Ü, Ë” әріптерін қойып, “{}, [], ;, :, ‘ ” таңбаларын “Alt” пернесімен қоса басып теретіндей етіп жобаласақ, қазақ сѳздерін әрі тез әрі дұрыс теруге болады. Егер Ирландия стильді пернетақтасын пайдалансақ, “Alt” пернесімен қоса “A, O, U, E” пернелерін терсек, сәйкесінше “Ä, Ö, Ü, Ë” әріптері жазылады. Осы екеуінің қайсысы болса да әріптердің пернетақтадағы орны ағылшын пернетақтасы негізінде жобаланғандықтан есте сақтауға өте жеңіл. Ал ұялы телефонға келсек, тѳменде кѳрсетілгендей, “Ä, Ö, Ü, Ë” әріптерін неміс пернетақтасы секілді қазақ пернетақтасының бірінші бетінде көрсетуге болады, “A’, O’, U’, E’” қатарлы дәйекшелі әріптер немесе “Ai, Oe, Ui, Eh” қатарлы қостаңбаны теруге қарағанда көп жеңіл болмақ.  

Жоба 1-дің әзірше және бір қолайлы тұсы, шетелдегі қазақтар қазақ латын әліпбиі пернетақтасының бағдарламалары компьютер мен ұялы телефонда дайын болғанға дейін ағылшын пернетақтасын пайдаланып қазақша жаза беруіне де болады. “Ä, Ö, Ü, Ë” әріптерін ағылшын пернетақтасын пайдаланып жазғанда “Ctrl”, “Shift” және “ : ” бір уақытта басып қойса “A, O, U, E” бассақ сәйкесінше “Ä, Ö, Ü, Ë” әріптері шыға келеді.  Sumsung, iPhone қатарлы қол телефондарда A, O, U, E-ні бір секунд басып тұрсақ “Ä, Ö, Ü, Ë” әріптері шығады. Демек Қазақстан нарығына арнап жасалған компьютер, ұялы телефон болса да, шетелдегі қазақтар ағылшын тіл пернетақтасын пайдаланып қазақ тілінде хат алысa береді.

40-50 жылдан кейінгі ғылым-технологияның даму беталысын ойлағанда, жоба-1-мен қазақ тілінде мақала жазу басқа үш жоба мен салыстырғанда көп оңай болмақ. Сол кезде қазақ пернетақтасында ағылшын тіліндегі секілді емле тексеру қолданылатын сѳздерді есте сақтау қатарлы функциялардың барлығы болады. Егер қазір дәстүрлі пернетақтаның оңтайлылығын ғана ойлап дәйекшелі немесе қос таңбасы кѳп әліпбиді пайдалансақ, 40-50 жылдан кейін қолайсыздығын байқаған кезде, әліпбиді тағы ѳзгертеміз бе? Бұған дейінгі өзгерістер де аз болған жоқ. Дегенмен, біздің ұсынып отырған жобаларымызда кемшіліктер әрине бар. Сол себепті біздің қайталап айтқымыз келгені, бұл жолғы латын әліпбиін жобалауда жеңілдікті ғана ойламай, алыс болашақты көздеп, қоғамның әр саласындағы мамандармен кеңесіп, дүниежүзі қазақтарына ортақ, ғылым-технологияның жаңа заманғы талаптарына сай, кемелді латын әліпбиінің нұсқасын қайтадан қарап қабылдау керек деп есептейміз.

Қасым Қабылқақ, PhD, University of Iowa, Iowa City, IA, USA

Дәурен Қазымбек, PhD, Illinois Institute of Technology, Chicago, IL, USA

Дубек Қазыкен, PhD, University of Michigan, Ann Arbor, MI, USA

Манат Мәуленбай, PhD, Reflexion Medical Company, Hayward, CA, USD

Әсет Әpiн, MSc, Caterpillar Inc. Mannheim, Germany

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір