• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 03:05:17
+35°

19 Қазан, 2016 Денсаулық

Дәрінің өзі у болса қайтеміз?

Дәрі-дәрмекті талғамсыз қолдану белең алып барады

Дәрі-дәрмекті талғамсыз қолдану белең алып барады

Бүгінде кім болса да  бас ауырып, балтыр сыздаса қажет болар деп алдын-ала дәрі сатып алатыны белгілі. Біреулер бір уыс дәріні қорапқа салып сақтаса, кейбір үйлерде бір шкап түгел дәрі-дәрмекке тола. Бірде таныс әжейдің үйіне барсам, ас бөлмесінде күріш, арпа, нан салатын шкабы кішкентай екен. Ал дәрі-дәрмекті қабырғаның жартысын алардай үлкен шкапқа толтырып қойыпты. «Мына дәрінің бәрін ішесіз бе?» десем, әжеміз «Әйтеуір керек болар деп ала салғам» деді. Кейбір кісілер дәрігердің кеңесінен басқа таныс-бейтаныс адамдар айтқан дәрілерді де ала береді. Дәріханалардағы дәрілердің барлығы жанға шипа, дертке дәру болады десек артық болар. Әлем ғалымдары зерттеп дәлелдеген бір шындық бар— қандай дәрі болса да адамға пайдасымен қоса зиянын тигізеді.

Қалай десек те, бұл заманда дәрісіз күнің жоқ. Біреулер ауырған жерін емдеу үшін пайдаланса, біреулер жай ғана түшкірсе де дәрі ішеді. Дәрі атаулы ең алдымен бүйрек пен бауырдың жұмысын зақымдайтынын мамандар отыз-қырық жыл бұрын анықтаған. Бірақ біз дәріні пайдаланудың жөнін білмей, оңды-солды іше беретін кезіміз болады. Жарнамасына елтіп, бір дәріні банкісімен қотара ішумен қоса, бүкіл отбасы болып, тамаққа қосып, басына, қарнына жағып дегендей,оңды-солды пайдаланатындар бар. Ал химиялық препараттың ешқайсысы жан-жақты қолдана беруге болмайтын заттар. Дәрі сатушыларға тауарының өткені қажет. Адамның денсаулығы оларға көк тиын. Сондықтан сыртында шет елдің аты жазылып тұрса болды, дәрінің сақталу мерзіміне де қарамастан бірден орамын ашып, ауызға салуға асығамыз.

«Өмірлік маңызы бар» деген дәрілердің өзі адам өміріне қауіпті

Қазақстандағы дәрілердің 80 пайызы шет елден келеді екен. Оның 57 пайызы «өмірлік маңызы бар» дәрілер санатына жатады. Сол «өмірлік маңызы бар» дәрілердің өзі адам өміріне қауіпті екенін АҚШ ғалымдары анықтапты. Дәріден келетін зиян (оның ішінде адам өліміне әкеп соғатыны да бар) соңғы сегіз жылда үш есеге артқан. Дәріні пайдаланарда көрінгеннің сөзіне сене салмай, дәрігермен кеңесу керектігін де ұмытамыз. Қазақстанда дәрі-дәрмек сапасын бақылау туралы заңнамалық құжаттар қабылданса да қатаң бақылау жоқтың қасы. Фармацевтикада алдыңғы орында тұрған Германия мамандары қолданыстан бірнеше дәріні шығарып тастаған. Мысалы, бұл елде жұрт жаппай қолданған клобутинол деген жөтелге қарсы дәрінің жүрек жұмысына зақым келтіретіні анықтала салысымен өндіруге тиым салған. Дәрігермен кеңеспей, өз бетімен сатып алған антибиотикті қолдану дисбактериозға әкеліп соғады.

Кейбір дәрілердің ішінен қоқыс табылған

Өткен жылдың желтоқсан айында Ресейде 1 миллион орам дәрі-дәрмектің көзі жойылды. Сапасыз деп танылған дәрілердің арасында валидол, нафтизин сияқты жиі қолданылатындар бар.  Дәрілердің сапасын дәріханалардың ішінде тұрып тексерген Ресей мамандары дәрілер құрамынан қоқысты көп тапқан. Атап айтқанда, ел күнде ішетін дәрілердің ішінен қыл-қыбыр, әйнек сынықтары, темір үгінділері шыққан.

"Супер дәрі" ішемін деп өмірден озды

Сонау 1990 жылдардың басында Алматыдағы ірі мекемелерде Батыс елдерінен  әкелінген «жасартатын», «арықтататын», «ішек-қарынды тазалайтын», т.б. дәрі-дәрмектер көптеп сатылғаны есімізде. Бір таныс көкеміз Ғалымдар үйінде адамды «жасартып, өмірін ұзартатын қасиетке ие» шет елдік дәріні сататын саудагермен жолдас боп, оның тауарын өткізуге көмектескен еді. «Өзіміз күнде ішеміз. Керемет екен. Бұрынғыдай емес, өзімізді жеңіл сезінетін болдық» деген олардың жарнамасына елпіген талай адам сол дәрілерді жалақысының төмендігіне қарамай алды да. Супер дәріні сатқан екі дос екі жыл өтпей бірінің жүрегі, екіншісінің өкпе-бауыры ауырып, дүниеден озды. «Өмір жасты ұзартып, әжімді кетіретін, жасартатын» дәрілерді тұтыну нарық қиындығын бастан өткерген қалалықтарға әдет болды. Құрбымның әпкесі арықтататын дәріні көптеп алып, аямай ішіп, ауруханадан бірақ шыққан. Толықтығы болмаса, бұрын ауырмаған бұл апай сол оқиғадан кейін денсаулығы күрт нашарлап кетті.

Дәріні сатып аларда нені ескеру керек?

Мамандар дәріні сатып аларда мынаны ескерген жөн дейді: Біріншіден, қандай дәрі болсада орауы бүтін болуы керек. Екіншіден, дәрінің сыртындағы жазуларды мұқият оқып шығу керек. Ең маңыздысы — дәрінің сақталу мерзімі. Егер дәрінің сақталу мерзімі бір күн болса да өтіп кетсе, ол дәрі ішуге жарамсыз. Үшіншіден, арзан дәріге қызықпаңыз, көрінген адамнан сатып алмаңыз.

 Өткен жылы қазан айында Ресейдің бір депутаты Ресей федерациясында адам өміріне қауіп төндіретін сапасыз дәріні өндірушілерді өмірлік бас бостандығынан айыру қажет деген ұсыныс айтқан еді. Әрине, бұндай заң қабылданған күннің өзінде дәрі сапасына қатысты мәселелер  бірден өз шешімін табады дей алмаймыз. Өйткені, бұл бір елдегі ғана емес, дүниежүзіне ортақ мәселе боп тұр. Заңсыз дәрі-дәрмек өндірісі наркобизнестен де артық табыс әкеледі екен. Басқалардың денсаулығын ойламай, қара бас пайдасын күйттеген сондай саудагерлердің талайы олигарх дәрежесіне жеткен көрінеді. Обалды ойламағандарға әзірше ешбір елдің заңы тосқауыл бола алмауда.

Әр адам тамақ сапасына қалай мән берсе дәрі-дәрмекке де мұқият қарағаны жөн. Дәрілердің басым бөлігі ішуге арналған. Ішке барған дәрі «өз орнын табуы керек». Құрамындағы қажетті заттар ауруды басуға (ешбір дәрі ауруды бірден толық емдеп тастамайды) жұмсалса, қалған химиялық қоспалар бүйрек пен бауырға барып ағзаның жұмысын бұзады. Бұл әсер бірден байқалмаса да уақыт өте келе дәрінің зардабы шығатыны сөзсіз. Әр адам өз денсаулығына өзі абай болғаны дұрыс.

Шарафат Жылқыбаева

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір