• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 20:25:19
Алматы
+35°

18 Қаңтар, 2018 Саясат

Биліктің ресми сайттары мемлекеттік тілді менсінбей ме?

Qamshy.kz ақпарат агенттігі тілге байланысты олқылықтардың реттелуін ТАЛАП ЕТЕДІ!

Қазақ халқы күні бүгінге дейін күресіп, итжығыс түсіп келе жатқан бір мәселе бар, ол – тіл. Тәуелсіз Қазақстанда қазақ тілі мен орыс тілі бір-біріне кіндігінен байланған. Заң тұрғысында қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ресми тіл. Бұл жерде мемлекеттік тілдің ресми тілден бір саты биік тұратынын ескеруіміз керек.

Ал мемлекеттік органдардың ресми сайттары мұны әлі күнге дейін ескермей келеді. Доменінен бастап тарататын ақпаратына дейін негізінен орыс тілінде.

Осыған орай Qamshy.kz ақпарат агенттігі мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктерінің интернет-ресурстарын тізіп шығып, ондағы тілге байланысты олқылықтардың реттелуін ТАЛАП ЕТЕДІ:

Мемлекеттік органдар ресми сайттарының доменін қазақ тіліне ауыстырсын!

Қазақстан Республикасында 16 министрлік жұмыс атқарады. Олардың ресми сайттарының домендерін бір сүзіп шығайық.

16 министрліктің тек үшеуінің домені қазақ тіліне негізделіп жасалған екен.

Олар:

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі (adilet.gov.kz –РК);

Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі (diakom.gov.kz);

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі (enbek.gov.kz).

Алты сайттың бесеуі орыс тілінде аталған:

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі (mcx.gov.kz - Министерство сельского хозяйства);

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі (mz.gov.kz – Министерство здравоохранения РК);

ҚР Қаржы министрлігі (minfin.gov.kz – Министерство финансов РК);

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі (mks.gov.kz – Министерство культуры и спорта РК);

ҚР Ішкі істер министрлігі (mvd.gov.kz – министерство внутренних дел РК).

Сегіз сайт халықаралық стандартқа сай ағылшын тілінде жазылған:

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі (mic.gov.kz – Ministry of Information and Communication of the Republic of Kazakhstan);

ҚР Білім және ғылым министрлігі (edu.gov.kz - Ministry of Education and Science of the Republic of Kazakhstan);

ҚР Қорғаныс министрлігі (mod.gov.kz – Ministry of Defense of RK);

ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (mdai.gov.kz - Ministry of Defense and Aerospace Industries);

ҚР Сыртқы істер министрлігі (mfa.kz - Ministry of Foreign Affairs of RK);

ҚР Ұлттық экономика министрі (economy.gov.kz - Ministry of National Economy of RK);

ҚР Энергетика министрлігі (energo.gov.kz - Ministry of Energy of RK).

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі (mid.gov.kz - Ministry of Investment and Development of the Republic of Kazakhstan);

Ресми сайттарының доменін орысша жасаған мемлекеттік органдар мұнымен шектелмейді:

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті (knb.kz – Комитет национальной безопасности РК);

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (enpf.kz - Единый накопительный пенсионный фонд);

ҚР Жоғарғы соты (sud.gov.kz – Верховный суд РК).

Міне, осы мекемелер орыс тілінің ықпалынан шығуға асықпайтын сияқты. Тек ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (kyzmet.gov.kz) мен ҚР Бас прокуратурасының (prokuror.gov.kz) ресми домендерін қазақша жасаған.

Ал ҚР Ұлттық банкінің (nationalbank.kz – National bank of Kazakhstan) сайт атауы ағылшын тіліне негізделген.

Сонымен қатар Қазақстандағы 16 облыстың екеуі орыс тілді доменді пайдаланып келеді. Олар Қарағанды облысы әкімдігі (karaganda-region.gov.kz) және ШҚО әкімдігі (akimvko.gov.kz).

Мемлекеттік органның ресми сайтына кіргенде бірінші қазақ тіліндегі беті ашылсын!

Ресми сайттарды орысша атағанда тұрған ештеңе жоқ деп ойлауы мүмкін мемлекеттік орган  өкілдері. Бұдан айтарлықтай проблема да көрмейтін шығар. Алайда бір кішкентай ғана доменнің өзі – қазақ тілінің ресми мәртебесін көрсететін үлкен мысал.
Одан үлкені тағы бар. Сайтқа кіргенде бірінші болып орыс тіліндегі беті ашылатыны бәрімізге аян. Бұған дейін Qamshy.kz ақпарат агенттігі «Қазақстандағы әкімдіктердің сайттары кім үшін жұмыс істейді? Халық үшін бе?» деген тақырыпта мақала жариялаған. Онда облыс сайттарындағы қазақ тілінің мүшкіл күйі жазылған. Бірақ сыннан қорытынды шығарған ешкім жоқ.

Ал министрліктердің сайттарында тіл мәселесі қалай шешілген? Оны да байқап көрелік.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі және Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурстарына кіргенде автоматты түрде орыс тіліндегі беті ашылады. Мемлекеттік тілдегі бөліміне тек «Қазақ тілі» деген тетікшені басып өте аламыз. Негізі керісінше болуы керек еді. Ал қазақ тілін меңгермеген оқырман өзіне қажетті орыс немесе ағылшын тілін таңдап алуға тиіс.

Ақпарат бірінші қазақ тілінде жариялансын!

Интернет-ресурстардағы ақпараттар бірінші орыс тілінде жарияланады. Ал қазақшасы кем дегенде 1-2 сағаттан кейін бірақ шығады. Оның өзі әлгі орыс тіліндегі ақпараттың аудармасы екенін аңғару қиын емес. Мұны Президенттің ресми сайтынан бастап облыстық, қалалық әкімдіктердің сайтынан байқауға болады. Қазақ тілінде жаңалық оқығысы келген оқырманның біраз уақыт күте тұруына тура келеді. Бұл да – өзекті мәселенің бірі.

2014 жылы Qamshy.kz ақпарат агенттігі осы мәселе турасында «Ақорда сайтының оқырмандары ресейліктер ме?» тақырыбында мақала жариялаған. Онда Ақорданың сайтына кіргенде Ресейдің мемлекеттік тілімен ашылатыны жазылған. Сондай-ақ бірінші болып орыс тіліндегі ақпараттардың жарияланатыны да айтылды. Алайда содан бері төрт жыл өтті, Қазақстан Республикасы президентінің ресми сайтының бүгінде қазақ тіліндегі беті бірінші ашылғанымен, әлі күнге дейін оқырман алдымен орыс тіліндегі ақпаратпен танысады. Бұл олқылықтың түзелуіне әлі қанша уақыт керек?

Сонда билік органдарының бұл әрекетін қалай түсінеміз? Орыс тіліне деген үлкен құрметі ме, әлде қазақ тіліне мұрнын шүйіре қарағандары ма? Әйтеуір орыс тілінің мәртебесіне қатты алаңдайтын шенеуніктер қазақ тіліне салғырт қарайтын әдеттен арылмай қойды.

Кез келген мемлекеттік мекеме заң бойынша бірінші кезекте мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге міндетті. Тәуелсіз Қазақстан азаматтары ретінде әрі тәуелсіз қазақтілді ақпараттық сайт ретінде жоғарыда айтылған кемшіліктердің түзетілуін талап етуге толық құқымыз бар.

Елбасымыз 2012 жылғы Жолдауында: «Тілге деген көзқарас шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарай алмаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде елімізді «Қазақ мемлекеті» деп атайтын боламыз», - деген. Содан бері бақандай бес жыл өтті. Қазір «Қазақ мемлекеті» деген атауға лайықпыз ба? Сауал бізден, жауап сіздерден болсын, құрметті мемлекеттік органдар!

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір