• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 17:17:42
Алматы
+35°

24 Қаңтар, 2018 Экономика

Биыл Қазақстан экономикасын не күтіп тұр?

Былтыр тауар сатып алған ақшамызды биыл дәл сол тауарға жеткізе алмаймыз

Бұл күн жақсы жаңалықтармен басталды. Голландия соты ұлттық қордың шетелде бұғатталған $22 млрд активін босатты. Сонымен қатар ұлттық валюта курсы 321,51 теңге болды. Былтыр теңге бағамы күрт түсіп кеткен еді. Биыл да қайта құлдырамай ма деген қауіп бар. Оған мұнай бағасы да әсер ететінін ескеру қажет. Сарапшылардың болжауынша, 2018 жылы мұнай бағасы $65 шамасында болады. Егер болжам расталса, ол теңгенің жағдайына оң ықпалын тигізетіні анық. Экономист Мақсат Халық ұлттық валюта бірнеше себептерге байланысты нығайғанын айтады.

- Теңгенің күш жинағаны ең алдымен компаниялардың мемлекет алдындағы салықтарын есептеу кезеңіне түсіп тұр. Көптеген компания қаңтарда өздерінің мемлекет алдындағы салықтарын есептейді. Жинақта тұрған долларын теңгеге ауыстыра бастайды. Бұл – теңгенің нығаюына әсер ететін бірінші фактор. Жылда осы уақытта теңге күшейеді.

Ал екінші фактор ретінде мұнай нарығындағы тұрақтылықты айтуға болады. Жалпы мұнай баррелінің бағасы 70 долларға дейін өсіп, теңгеге оңтайлы әсер етіп тұр. 

Үшінші фактор – рубльдің нығаюы. Оған да мұнай бағасы оған қолайлы жағдай туғызды. Бір жағынан Ресей президентінің сайлауалды жағдайы бар. Сондықтан алдағы уақытта да рубльді күшейтуі ықтимал. Өздеріңізге белгілі, теңге мен рубльдің корреляциялық байланысы тығыз болғандықтан, теңге бағамы да рубльмен тығыз байланысты, - дейді экономист.

Соңғы үш жыл Қазақстан экономикасы үшін ауыр болды. Теңге құлдырады, мұнай бағасы арзандады. Сарапшылардың пікірінше, оның салқыны әлі біраз уақытқа дейін сезіледі. Десе де өсім жоқ емес.

- Экономикалық циклдың фазалары болады. Дағдарыс, одан кейін депрессиялық жағдай, экономикалық циклдың тоқырау фазасы. Қазақстан осы кезеңдердің барлығынан өтті. 2015, 2016 жылдарда жалпы ішкі өнім 1 пайыздың көлемінде ғана болды. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, жалпы ішкі өнім 4 пайызға өсті. Бұл – қуанатын нәрсе. Керемет өсім бар деп айта алмаймыз. Дегенмен қайта жоғарылауға бағыт алдық. Бұл дегеніміз – экономика фазасының жандану, тірілу деңгейіне өтуі, - дейді Мақсат Халық.

2017 жылы ЖІӨ 4 пайызға жетсе де, әлеуметтік жағдай әлі де нашар. Сарапшылар оған 2015, 2016 жылдардағы дағдарыс жағдайы себеп дейді. 2017 жылы да халықтың нақты жалақысы қысқарды.

- Рейтинг агенттіктері мен дүниежүзілік банк Қазақстанның ЖІӨ биыл 3,5 пайыздың көлемінде өседі деп болжайды. Осы нәтижеге жетсек, Қазақстан үшін жақсы көрсеткіш. Керемет өсім болады деуден аулақпыз.

2017 жыл өте қиын жылдың бірі болды. Себебі халықтың нақты жалақысы қысқарды. Жалақының екі түрі болады: атаулы жалақы, яғни халықтың қанша жалақы алатыны көрсетіледі, екіншісі - нақты жалақы.

2017 жылмен салыстырғанда халықтың жалақысы тауар алу қабілетімен сәйкеспейді. Сайып келгенде, былтырғымен салыстырғанда халықтың нақты жалақысы азайып кеткенін байқауға болады. 2017 жылы тауар сатып алған ақшамызды биыл дәл сол тауарға жеткізе алмаймыз, - дейді экономист.

Былтыр бензин тапшылығы айқын сезіліп, жүргізушілерді біраз әбігерге түсірді.

Мақсат Халық ондай нәрсенің қайталанбауы үшін шенділердің жұмысы нақты стратегиялық түрде жоспарлануы қажет деген пікірде.

Ал экономист Мақсат Сералының сөзінше, бензин тапшылығы болмауы үшін жанармайға алдын ала тапсырыс берген жөн. Бастысы – төртінші мұнай өңдеу зауытын салу қажет. Экономист Атыраудағы мұнай өңдеу зауытына жаңа құрылғылар орнатылғанын және оны Шымкент пен Павлодардағы зауыттарға да орнатса, жанармайға қатысты біраз мәселе шешілуі мүмкін екенін айтады. Себебі жанармайды тек көлікке ғана емес, басқа да мақсаттарға пайдаланады.

- Мұнай тапсырушылардың үлкен қателігі – Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарының жөндеу жұмыстары үшін жабылатынын біле тұра, алдын ала тапсырыс бермеуі. Егер жанармайды белгілі көлемде алып қойса, мәселе ушықпаушы еді. Әрине оны сақтайтын қойма жоқ болуы мүмкін. Бірақ оның барлығы – шешілетін мәселе», - дейді сарапшы.

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір