• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 02:37:14
Алматы
+35°

18 Мамыр, 2018 Аймақтар

Биыл Орал қаласындағы 50 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмек

Қазіргі уақытта 26 көшеде жол құрылыс жұмыстары басталды.

«Әкімдер тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесін мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде белсенді шешуі керек. Ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қою қажет».

         ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан

Ақ Жайықта  құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Осы орайда Батыс Қазақстан облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарының жұмыс барысымен танысты.

Облыс басшысы алдымен күрделі жөндеуден өтіп жатырған Ақтөбе көшесінің Ружейников және Кузнечная көшелері аралығындағы  жол учаскесінде болды. Мұндағы күрделі жөндеу жұмыстары «Түркістан Жол Сервис» ЖШС-ның мердігерлігімен жүзеге  асуда.

– Ақтөбе көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жеті ай мерзімге қарастырылған болатын. Біз  жұмысымызды 12 сәуірде бастадық. Жолдың жалпы ұзындығы  740 метр. 900 метр жаяу жүргінші жолы салынды.  Құрылыс жуырда пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда жол белгілері  мен  таңбаларын  орналастыру жұмысы ғана қалды. Жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша жолды уақытша ашып қойдық, – дейді «Түркістан  Жол Сервис» ЖШС-ның бас инженері Нұрлыбай Жандәулет.

Аталмыш көшенің тұрғындары да күрделі  жөндеу жұмыстарына дән риза.

– Бұл ауданға 1960 жылдың төртінші сәуірінде көшіп келдім. Содан бері бұл жол мұндай күрделі жөндеуді көрген жоқ. Көктем мезгілдерінде жаяу жүргінші жолы  су, балшық болып жүруге келмейтін. Үйім жолдың жиегінде  орналасқандықтан, жолдағы  еріген қардың суы үйдің кіреберіс есігіне дейін келетін. Қаланың орталығына  бару үшін екі аяқ киім таситын едік. Қазір қуанышымызда шек жоқ. Күрделі жөндеумен айналысып жатырған балалар таң ала кеуімде келіп, қараңғы түскенше жұмыстанды. Еңбекқор жандар екен. Нәтижесіне қуанып отырмыз, – дейді Ақтөбе көшесінің тұрғыны Мария Иванченко.

          Облыс әкімі жүктелген міндетті сапалы әрі мерзімінен бұрын орындаған «Түркістан Жол Сервис» ұжымына алғысын білдірді. Мұнан кейін Алтай Сейдірұлы қайта салынып жатырған Депо көпіріндегі жұмыс барысымен танысты.

Құрылыс жұмыстары «КА – Строй ЛТД» ЖШС-ның мердігерлігімен жүзеге асып жатқан аталмыш көпір биыл күзге дейін  пайдалануға берілмек.

– Қазір көпірдің монолитті бөлігі бойынша жұмыстардың 95 пайызы орындалды. Бүгінгі таңда үстеме плита төселуде. Мамыр айының аяғына дейін монолитті бөлігін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Көпірге үстеме плита  салған  соң гидролизациялық материалмен  жабамыз. Содан соң асфальт төселеді. Жұмыстар  қарқынды жүруде. Жобаға сәйкес көпірдің ені төрт бағыттағы аутокөлік қозғалысына лайықталып, сегіз метрден 19,5 метрге дейін кеңейеді. Екі жағына жаяу жүргінші жолы тартылады, – деді учаске бастығы Бақыт Бектұрғанов.  

Осы орайда айта кетсек, шаһардағы М. Мәметова атындағы көше бойымен осы Депо көпіріне дейінгі аралықтағы жол күрделі жөнделуде. «Nursat» ЖШС-ның мердігерлігімен жүзеге асып жатырған құрылыс жұмыстарының басым бөлігі атқарылған. Учаске бастығы Бақтияр Қарабасовтың айтуынша, жөндеу жұмыстары бір ай көлемінде аяқталмақ.

Облыс әкімі мердігер мекеме өкілдеріне жұмыс барысында мүмкіндігінше жергілікті құрылыс материалдарын пайдаланып, құрылыс нысандарын мерзімінде әрі сапалы тапсыру қажеттігін жеткізді. Ол содан соң Әбубәкір Кердері мен Мәншүк Мәметова атындағы көшелердегі жылу жүйелерін қайта құру жұмыстарымен танысты. Құрылыс жұмыстары «Уральскводстрой» ЖШС-ның мердігерлігімен жүзеге асуда. Сала мамандарының айтуынша, бұл көшеде орналасқан жылу құбырлары 1987 жылы салынғандықтан, жарамсыз  болған. Қазір құрылыс жұмысының 45 пайызы орындалып отыр.  Ыстық су шаһар орталығындағы  көпқабатты үйлерге шілде айында берілмек.

– Биыл Орал қаласындағы 50 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қазіргі уақытта 26 көшеде жол құрылыс жұмыстары басталды. Жалпы қала бойынша 50 км жол жөнделеді деп күтілуде. Берілген қаражат толық игерілуде. Өздеріңіз куә болғандай, Ақтөбе көшесіндегі жол 60 жылдан бері жөндеу көрмеген.  Алты-жеті айға жоспарланған құрылыс мердігер компания қызметкерлерінің белсенділігінің арқасында бір айдың ішінде аяқталып отыр. Жөндеу жұмыстары өткен жолдарды болашақта да қадағалайтын боламыз. Жол құрылысының сапасы тексерілуде.  Сондай-ақ бүгін стратегиялық маңызы бар Депо көпірінің құрылыс жұмысымен таныстық. Құрылыс жұмыстары былтыр наурыз айында басталған көпір күзге таман оралдықтардың игілігіне берілмек. Мердігерлермен бірлесіп жұмыс жасаудамыз. Жіберген қателіктерін түзетудеміз. Сондай-ақ қаланың Әбубәкір Кердері көшесіндегі  жылу құбырлары  ауыстырылуда.  Бұл ТМ-2, ТМ-7 магистральдары болатын. Екі бағыттағы жылу құбырларын ауыстыруға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, игерілуде. Мердігер «Уральскводстрой» ЖШС-ның осы салада бірнеше жылдық тәжірибесі бар. Жылу құбырларының  екі шақырымдай бөлігі ауыстырылған.   Жаз айларында құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Сонда  Орал қаласы бойынша тас жолдардағы  жылу магистралдарын жөндеу аяқталып, кезең-кезеңімен жүзеге асатын кварталішілік жылыту тұрбаларын ауыстыру жұмыстары  қалмақ. Жұмыстың ауқымды бөлігі жазда жалғаспақ, – дейді Орал қаласының  әкімі Мұрат Мұқаев.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір