• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 22:21:09
Алматы
+35°

11 Шілде, 2018 Саясат

Бурабайда шаңғы трамплинін ашқан президент туризмге баса назар аударуды тапсырды (фото)

Бурабайда жасалатын бірінші мәселе – ішкі инфрақұрылымын жұмыстарын бітіру.

Бурабайда шаңғы трамплины пайдалануға берілді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі тілшісі. Аталған аймақта шаңғы базасы сәуір айында ашылған болатын.

Трамплин

Бүгін Щучинск қаласында «Бурабай» атты жаңа трамплиннің ашылу салтанаты өтіп, оған Елбасы арнайы қатысты. Президент шаңғы базасынан өзге екі кешенді аралады. Ақмола облысы Бурабай ауданында көптен күткен шаңғы базасының қолданысқа берілу салтанатында президентпен бірге вице премьер Асқар Мәмин, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақмола облысы әкімі Мәлім Мурзалин болды. Жаңадан ашылған трамплинде шаңғышылар президент алдында секіріп, өнерлерін көрсетті. Жаңа республикалық шаңғы спорты базасында шаңғы жарыстары, биатлон, шаңғы-роллер спорты бойынша жаттығулар мен халықаралық жарыстар өткізу жоспарланған.

Трамплин

Ашылуда жоба туралы «Еліміздің жер байлығын көбейтіп, оның әдемілігін халыққа көрсету керек. Қазақстанның жері әншейін жатқан дала емес, неше түрлі керемет демалатын жерлер бар екенін көрсетейік. Оның үстіне Астана іргесіндегі Бурабайда неше түрлі шаралар өткізілетін болады, соған жағдай жасайық. Мұның барлығы әкімшіліктің қарауында. Туристік жерлерді көбейтіп, бағасын қолжетімді етіп қою керек. Әлі де атқарылатын жұмыс көп. Туризмді – экономиканың бір саласы ретінде қарауымыз керек. Бізге Ресейден, Орта Азиядан туристер көптеп келеді. Елімізге келетін туристердің санын үш миллионнан он миллионға арттыратын болсақ, одан түсетін қаржы 8 пайызға артады», деген Елбасы әр аймақтың әкімдеріне біршама жұмыстар тапсырды.

Трамплин

Елбасы Бурабай демалыс аймағында қандай жұмыстар жасалу қажеттігіне тоқталды. «Бурабайда жасалатын бірінші мәселе – ішкі инфрақұрылымын жұмыстарын бітіру. Себебі, біз сыртқы жұмыстарды аяқтадық. Ол үшін тиісті жұмыстарды жүргіздік. Астанадан Бурабайға авто және теміржол салынды. Көкшетаудың аэропорты жөнделді. Енді іштегі инфрақұрылымды қолға алу керек. Егер біз барлық объекьтілерге су тартып, электр жүйелері мен кәріс жүйесін әкелетін болсақ, мемлекет туризмді дамытады. Оны мемлекеттен басқа ешкім салмайды. Сонда инвесторлардың келуіне мүмкіншілік жасалады», - деді ол. «Сондықтан менің тапсырмам бойынша мемлекет тарапынан 2023 жылға дейін (туризмді дамыту бойынша автор) бесжылдық бағдарлама қабылданды. Мен оның орындалу жолдарын қазір тыңдадым. Үкімет пен министрлік өкілі, облыстың әкімі не істеп жатқанын көрдік. Бұл жұмысты біз бітіруіміз керек», - деді Елбасы сөзінде.

 

Президент

Қысқы спорт түрімен айналысатын атлеттер мұнда жыл бойы жаттығу өткізе алады. Спорт кешені шартты түрде шаңғы базасы деп аталғанымен, мұнда трамплин, биатлон, шаңғыдан халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады. Мұнда 2 тұғыр бар. Біреуінің биіктігі – 125, екіншісі – 90 метр. Трамплиннің жалпы аумағы 125,54 га жерді құрады. Объект екі құрылыс нысанынан тұрады: 1) Жалпы көлемі 111 га жерді құрайтын шаңғы спорт базасы; 2) Шаңғы трамплині. Мемлекеттік сараптама қорытындысына сәйкес, құрылыс жұмыстарына бюджеттен 38,5 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалды.

Трамплин

Нысан теңіз деңгейінен 430 метр биіктікте орналасқан. Мердігер компанияның өкілдері барлық халықаралық талап сақталғанын айтады. Құрылыс компаниясының директоры Мирко Горниктың айтуынша шаңғышылар кеше ғана трамплиннен секіріп көрді. Ол – 125 метр. Нысанның құрылысын Халықаралық шаңғы федерациясы жоғары бағалап отыр. Трамплин салынған аймақта желдің жылдамдығы секундына 3 метрден аспауы керек.

Трамплин

Еске сала кетер болсақ, бұл Қазақстандағы екінші шаңғы трамплины. Бұған дейін Азияда ойындары үшін Алматыда шаңғы трамплины ашылған болатын. 

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір