• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 17:35:54
Алматы
+35°

12 Сәуір, 2018 NEWS

«Бұл – біздің интеллектуалды әлеуетімізді көрсететін бастама»

Ашығын айту керек, бұндай бастама ешбір елде болмаған. Әлемге танымал шығармалар тікелей қазақ тіліне аударылып отыр.

Астанадағы Назарбаев орталығында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптардың таныстырылымы басталды. Салтанатты шараға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Шара барысында Елбасы кітаптардың тиімді тұстарын атап, жобаның мақсатымен бөлісті.

Нұрсұлтан Назарбаев

«Негізі, кітаптардың барлығы менің үстелімде жатыр. Бір аптадан бері отырып, бәрін парақтап, біз оқыған кезде қолға тимеген дүниелер екеніне көзім жетті. Менеджмент болсын, басқару болсын, бәрін біліп-танып жатырмыз ғой. Бірақ мынау псиxология, тіл тариxы сияқты ғылым салаларымен терең танысқанымыз жоқ. Ағылшын тілінде оқыған жастарымыз оқыған шығар. Бірақ қазақтың баласы әлі таныспаған. Сондықтан біз бір жағынан қазақ тілін байытып, екінші жағынан білімді одан ары өсіреміз деп, осы жобаны қолға алып отырмыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Шараға қатысқан «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Карин де «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының тиімді тұсын айтты.

«Мәселен, Карен Армстронгтың 1994 жылы жазылған «Құдайдың тариxы» атты кітабы әлемнің 30 тіліне аударылып, Кебридж, Гарвард, Оксфорд және тағы басқа жетекші жоғары оқу орындарында кеңінен қолданылып келеді. Ол - бір. Екіншіден, аталған оқулықтардың бағасы да арзан емес. Ұлыбританияда әрбір кітап 30 фунттан жоғары тұрады. Шетелде ондай оқулықтарды іздеп жүріп, сатып алады. Ал біздің студенттеріміз оның бәрін тегін оқи алады», - деп атап көрсетті Е.Қарин.

100 жаңа оқулық

«Жастарымыздың сапалы білім алуына тағы бір маңызды қадам жасалды. Енді әлеуметтік және гуманитарлық салада әлемдік шедевр саналатын әрі дүниежүзінің ең үздік оқу орындарында оқытылатын оқулықтарды қазақ жастарының өз ана тілімізде танып, білуіне даңғыл жол ашылды, - дейді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Ол оқырманға жол тартқан 18 оқулықтың Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында басылып отырғанын атап өтеді.

«Оқулықтардың мазмұнына көз жүгіртсеңіз, ешбір әсірелеусіз, олардың бүгінгі біздің қоғам үшін ауадай қажет екенін оңай аңғарасыз. Мәселен Гарвард университетінің профессоры, экономист Николас Грегори Мэнкью мен Вашингтон университеті бизнес мектебінің деканы Марк Тейлор жазған «Экономикс» оқулығында қаржы дағдарысы мен оның себептері, дағдарыстан кейінгі әлем және жаңа теориялардың пайда болуына қатысты тың деректер келтірілген. Экономика қай кезде де бүкіл әлемнің ең басты мәселесі екенін ескерсек, бұл оқулықтың қаншалықты маңызды екенін өзіңіз пайымдай беріңіз. «Экономикстің» атақты Оксфорд, Кембридж университеттерінде оқытылуының өзі-ақ көп жайттан хабар береді», - деді Әшімбаев.

Ол жоспарлау, жүргізу, ұйымдастыру және бақылау ісінің қыр-сырын түсіндіретін «Менеджмент» оқулығын Гарвард бастаған әлемнің маңдайалды алты бірдей университетінің студенттері оқитынын айтты.

«Давос Бүкіләлемдік экономикалық форумының негізін қалаушы және президенті, әлемге әйгілі экономист, профессор Клаус Швабтың қаламынан туған «Төртінші индустриялық революция» кітабының да қазақ тіліне аударылуы отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосатыны сөзсіз. Жобаның тағы бір игілігі ретінде тіліміздің дамуына қажетті ғылыми мазмұн мен лексиканың одан әрі жетіле түсуін айтуға болады. Отандық оқу орындарының әлемдік биікке көтерілуіне, олардың халықаралық деңгейде жұмыс істеуіне де мол мүмкіндік туды. Одан бөлек, бұл бастама елімізде аударма мектебінің жандануына да оң әсерін тигізбек», - деді ол.

Оның айтуынша оқулықтардың 40%-ке жуығы осыған дейін орыс тіліне аударылғанына қарамастан барлығы түпнұсқадан тікелей қазақ тіліне аударылған.

«Әзірге тек жобаның бірінші кезеңі ғана аяқталды десек, осы аралықта ауқымды жұмыстар атқарылғанын аңғару қиын емес. Қазақ тіліне аударылатын оқулықтарды іріктеуден бастап оның дизайнына дейін жүйелі әрі тыңғылықты жұмыс жүргізілгені анық байқалады. Аударма ісіне кәсіби білікті мамандар жұмылдырылған», - деді Әшімбаев.

Айта кетейік, алғашқы оқулықтардың ішінде Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін»; Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы. Антика философиясы» І-томы және «Батыс философиясының жаңа тарихы. Орта ғасыр философиясы» ІІ-томы; Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы»; Дэвид Бринкерхоф, Роуз Уейтс, Сюзан Ортеганың «Әлеуметтану негіздері»; Джордж Ритцер, Джеффри Степницкидің «Әлеуметтану теориясы»; Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе»; Дуэйн Шульц, Сидней Эллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы»; Дэвид Г. Майерс, Жан М. Туенждің «Әлеуметтік психология»; Н. Грегори Мэнкью, Марк П. Тейлордың «Экономикс»; Дональд Ф. Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика»; Рикки У. Гриффиннің «Менеджмент»; Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны»; Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамстың «Тіл біліміне кіріспе»; Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация»; Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы»; Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революциясы» бар.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір