• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 00:08:59
Алматы
+35°

16 Мамыр, 2018 Аймақтар

БҚО-да газ тапшылығы жоқ, бірақ түйткілдер бар

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ – бұл салада монополист

 «ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Олар болашақта жаһандық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болады. Бірақ шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек»

ҚР  Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты  Жолдауынан 

БҚО кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің жанындағы энергетика және көлік комитетінің бірінші отырысында «ҚазТрнасГазАймақ» АҚ-ның тауарлық газды бөлшек саудада өткізу жөніндегі келісімшартындағы 8.1. және 8.2. пункттері талқыға салынды.

– Кәсіпкерлер тарапынан әр ай сайын белгілі газ көлеміне алдын ала 100% төлемақы төлеу қарастырылған пункттер бойынша шағымдар түсуде. Егер де пайдаланылған газ белгіленген көлемге жетпей қалса немесе асып кетсе, онда айыппұл салынады. Бұл, әрине, дұрыс емес. Келісімшартта әр айдың 20-сына дейін түзету енгізуге болатыны көрсетілген. Бірақ өндірістегілер ай сайын қанша газ жағылатынын нақты айта алмайды. Сондықтан белгіленген газ көлемінің алдын ала ақысын төлеп сатып алсақ та, айыппұл төлей береміз бе? – деді аталмыш комитеттің төрағасыТұрарбек Тілемісов.

«Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ның басшысы Валерий Крыловтың пікірінше, өңірдің күрт құбылмалы ауа райы жағдайында келесі айда пайдаланылатын газ көлемін дәл айту қиын. Бұл жағдайда тұтынушы өзі белгіленген газ көлемінің құнының 10%-ы шамасында айыппұл төлейді немесе жыл мезгіліне қарай газ шығындағаны үшін 1,2-1,5 коэффициентті қолдана отырып, газ ақысын төлейді. «Газ бізге қымбатқа шығады. Соның нәтижесінде шығындардың барлығы өнімнің өзіндік құнының қымбаттауына соқтырады. Бұдан тұтынушы зардап шегеді», –деді В. Крылов.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ – бұл салада монополист, кәсіпкерлік субъектілері онымен келісімшарт жасаудан бас тарта алмайды. Мұның өзі сайып келгенде, өндіріс ошағының  жұмысын тоқтатумен тең.

  – Келісімшарттағы 8.1. және 8.2. пункттері 2011 жылы енгізілді. Егер кәсіпкер оның шарттарымен келіспесе, Азаматтық кодекс бойынша келіспеушілік хаттамасымен келсін, қарастырамыз. Мұндай жағдайда келісімшарт келіспеушілік хаттамасымен бірге жасалады, – деді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ БҚӨФ-ның заңгерлік бөлімінің бастығы Нұрлыгүл Қойшыбаева.

Аталмыш филиал директорының  бірінші орынбасары Нұржан Жолдасбековтың айтуынша, БҚО-да газ тапшылығы жоқ, сондықтан айыппұл салу тәртібі әлі қолданылмаған. Газ жетіспеушілігі көбіне еліміздің оңтүстік облыстарында кездеседі. Олар газды Өзбекстаннан және өзге республикалардан алады. Бұрындары қыс мезгілінде өзге елден көгілдір отын жеткізуде түйткілдер болғаны рас.

 «Батыс Қазақстан облысында нарықты газбен қамтамасыз ете аламыз. Айыппұл салу жөніндегі әңгіме қисынсыз. Еліміздің барлық облыстары үшін бірдей келісімшарт жасалады. Қазір бұл мәселе ҚР Жоғарғы сотында қаралуда. Егер қандай да болсын өзгерістер болатын болса, біз қарсы емеспіз», – деді Н. Жолдасбеков.

Газға байланысты түйткілдер Ақтөбе облысында да болыпты.

–  «Коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар келісімшарттың 8.1 және 8.2. пункттерімен келіспесе, онда келіспеушілік хаттамасымен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ға келсін. Онда бұл хаттама қаралмаса, Азаматтық кодекс талаптарына сәйкес Ақтөбе хром қосындылары зауыты сықылды сотқа жүгіне алады. Сот үрдісі барысында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ бұл пункттерді қайта қарастыру үшін бейбіт келісім жасауға ұсыныс жасады. Зауыт үшін 100% алдын ала төлемді алып тастады, бірақ ол келісімшартта сақталып қалды және ондай төлемді алдын ала сұрамайтын болып келістік. Газды артық-кем пайдаланған үшін  айыппұл салынбайды. Келіспеушілік хаттамасын жіберіңіздер деп кеңес айтамыз. «ҚазТрансГазАймақ» оны қарамайтын болса, сотқа жүгініңіздер», – деді ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Әлібек Құлжанов.

Кәсіпкерлер бастаған істі соңына жеткізуге ниетті. Энергетика және көлік жөніндегі комитеттің бірінші отырысында бұдан басқа логистика және жолаушылар тасымалы мәселелері қаралды. Аутопаркты жаңғырту, субсидиялау және нормативтік құжаттардың орындалуы жайында келесі отырыста егжей-тегжейлі қаралады. Қажетті болған жағдайда аталмыш комитет түйткілді мәселелерді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы деңгейінде көтермек.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір