• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 23:52:31
Алматы
+35°

20 Сәуір, 2018 Аймақтар

«Біздер - қазақтар қызық халықпыз ғой өзі»

Кеудесіне кең дүние сыйған қазақ­тың парасатты перзентіне айналған Герольд Бельгер ұлтжандылықтың үлкен үлгісін көрсеткен таудай тұлға

Кеудесіне кең дүние сыйған қазақ­тың парасатты перзентіне айналған Герольд Бельгер ұлтжандылықтың үлкен үлгісін көрсеткен таудай тұлға. Дала данышпандарына айналған бабала­рымыздың баталы сөздерін жастайынан жанына балап, жаттап өскен парасат-пайымы биік азамат адам­заттың тарихи белестерінде тағдырлы ғұмыр кешкен, тарихи үлкен өмір жолынан өткен қазақ еліне қызмет етуді өзінің перзенттік асыл парызы әрі биік мақсаты санады.

Ұлтымызды ұлықтау­дың үлкен үлгісін танытқан тұлғаның ұлт көгіндегі орны бөлек. Ежелден тамыр жайған халық мұрасынан, жыр­мен дестеленген дастандарынан, даналық нәрінен сусындаған зердесі зерек сөз зергерінің дүниетаным биігі­нен ой толғайтын терең түбірлі туын­дылары ұлттық әдебиеті­міздің алтын қорының ғана емес, әлем әдебиетінің қымбат қазынасына айнал­ғаны ақиқат. Тағылымы терең рухани мұрасы арқылы елдігіміздің рухани еңсесін биіктетуді көздеген жазушының жан тебіренісінен, шуақты сезімінен, қуатты қаламынан туған туындыла­рының әрқайсысы ұрпақты алтын қазығына – тарихи тамырына жақын­датып, жан шырағын жағуды мұрат қылады. Әдебиет жолында Абай мұраларын зерттеген сөз зергері «Гете және Абай», «Асылға абай болайық» және тағы басқа қазақ, орыс, неміс тілдерінде мақалалар мен көркем әңгімелер, сондай-ақ, екі мыңға жуық еңбек жазды. Герольд Бельгердің Ғабит Мүсірепов, Әбді­жәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Дүкенбай Досжан және тағы басқа қазақ әдебиеті өкілдерінің шығарма­ларын орыс тіліне аударғаны барша­мызға белгілі. «Достық үйінде» өткен «Герольд Бельгер – рухтардың тарты­лысы» атты республикалық ғылыми конференция мәңгілік мұралары арқы­лы қазақ халқымен әлі талай ғасырға тәкаппарлықпен қарайтын қоғам қай­раткерінің өнегелі өмірі мен шығарма­шылық әлемін тереңдей тануға септігін тигізгені анық.

Жазушы, сыншы, аудармашы, пуб­ли­цист, әдебиет зерттеушісі,  «Парасат» орденінің иегері Герольд Бельгердің ғибратты ғұмырына арналған ізгі шараны «Wіedergeburt» немістер кеңесі» республикалық қоғамдық ұйымы мен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы ұйымдастырды. Жиынға республикалық этномәдени бірлестіктердің, шығармашылық бір­лес­тік­тердің, Ресей мен Германия Бас консулдығының өкілдері, сондай-ақ, бірқатар зиялы қауым өкілдері қатыс­ты. Ізгі шараның шымылдығын ашқан «Wіedergeburt» немістер кеңесі» рес­пуб­ликалық қоғамдық ұйымының төрағасы Александр Дедерер өз сөзінде  жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беруде Герольд Бельгердің шығармашы­лығы­ның рухани маңыздылығы зор екендігін атап өтті. Жиында жазушының ғибратты ғұмырынан бір үзік сыр шертетін деректі фильм жиналған жұртшылық назарына ұсынылды. Сондай-ақ, шара шеңберінде  өмірі өнегеге айналған талант­ты тұлғаның шығармашылық жолына арналған кітап көрмесі ұйым­дастырылды.

Дулат ИСАБЕКОВ,

жазушы драматург,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

– Герольд Бельгердің есімі күллі қазаққа таныс. Ауылдағы қарапайым қазақтар да оның есімін естігенде «Ол өзіміздің қазақ қой» деп айтып жатқа­нына талай рет куә болғаным бар. Міне, қарап отырсаңыз, бұл халықтың берген бағасы болып табылады. Ал өмірде халықтың берген бағасынан басқа биік баға бар ма? Расында да, ол төл тарихы­мызда, халқымыздың жүрегінде нағыз қазақ болып қалды! Тағдырдың жазуы­мен, жүрегінің қалауымен жазушының қазақтар зиратына жерленуі оның нағыз қазақ халқының перзентіне айналғанын дәлелдей түсетіндей.

Смағұл ЕЛУБАЙ

жазушы, кинодраматург:

– Тіл мен Тәуелсіздік екеуі өзара ажырамайтын біртұтас ұғым. Тіл жоқ жерде Тәуелсіздік болмайды, Тәуел­сіздік болмаған жерде Тіл де болмайды. Тарих бізге сондай сабақ үйреткен. Қазақта «Тау алыстаған сайын биік­тейді» деген даналық бар ғой. Тынымсыз тіршіліктің тарих көшіндегі уақыт керуені алға қарай жылжыған сайын Гер-ағаның бейнесі биіктей беретіні сөзсіз.  Қазақстандағы тіл мәселесіндегі оның өшпес өнегесі күн өткен сайын тау шыңындай биіктеп бара жатқаны ақиқат. Өйткені, қазіргі қоғамда өзге ұлт өкілдерінің арасында дәл Герольд Бельгердей тіл мәселесін терең түсінген, қазақ тілі үшін күрескен жанашыр аза­маттар сирек. Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің тағдыры үшін жанашыр   болған Герольд Бельгер мен Асылы Османның алдында бас иеміз. Герольд Бельгер тек қана аудармашы әрі жазу­шы емес, ол қоғам қайраткері ретінде де Қазақ­станның тіл майданындағы ерен ерлігімен, еңбе­гімен, қазақ тілінің тағдырына жана­шыр­лығымен үлкен үлгі болған тағы­лымды тұлға. Бүгінгі жылдардың биігінен қарағанда, Герольд Бельгердің тіл майданында жүріп өткен жолы өнегеге толы. Осы орайда, бұл ізгі ісінен оның адамгершілік асыл қасиеттері айқын аңғарылады, асқақ рухты азаматтық тұлғасы көрінеді.

Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ,

кинорежиссер:

– Герольд Бельгер қазақтың тари­хын, түп-тамырын, тілін терең білетін білімділігімен таңғалдыратын. Оның ұлтжандылық қасиеті барша Қазақстан халқына әрқашан үлкен үлгі-өнеге. Герольд аға туралы алғаш рет 1963 жылы Асқар Сүлейменовтен естіген едім. Асқар Сүлейменов екеуміз бір ауылдың адамдарымыз ғой. Оның үйіне барып, жиі әңгімелесіп, айтқан кітап­тарын оқып, өзара араласып тұратынбыз. Кейде үйіне барып, ұзақ күтіп қалатын едім. Сол кезде қайдан келгені жайлы қызығушылықпен сұрағанымда «Гера дейтін қазақпен шахмат ойнап келдім» дейтін еді. Кейін­нен Герольд Бельгер екеуміздің де әңгі­меміз әдемі жарасып кетті. Шынымды айтсам, оның жанында көбірек жүруге тырысатын едім. Салмақты да, салиқалы сөздерінің арасында қалжың қалқып жүретін. Ол кейде өзінің неміс екенін тіпті ұмытып кететін. «Біздер – қазақтар қызық халықпыз ғой өзі» деп қоятын еді, жарықтық. Сол сөзімен-ақ, ол мені өзіне әрқашан магнит тәрізді тартып тұратын. Шоқан Уәлиханов ескерт­кішінің алдында талай рет жолы­ғып, тағылымды әңгімелерін тыңдаудың сәті түсті. Әңгіме-лекция десеңіз де болады. Ол отбасы, ошақ қасы жайлы жәй әншейін әңгіме емес, қазақ руха­нияты, тарихы, әдебиеті мен мәдениеті, өмірдегі жалпы адамзаттық құндылық­тар жайлы тағылымы теңіздей терең әсерлі дүниелер еді. Жазушының қымбат қазынаға айналған мұраларын жауқазын жастарға кеңінен насихаттау, ұрпақты ұлтжандылыққа  тәрбиелеу мақсатында жыл сайын Герольд Бельгер оқуларын өткізу елімізде дәстүрге айнал­са, жастардың дүниетанымы тереңдей түсетін еді.

Жиынға жиналғандар жазушының есімін ел есінде мәңгі сақтап қалу мақсатында Алматы қаласында еңселі ескерткіш орнатып, көшелердің біріне қайраткер­дің есімін беру туралы мәселені көтеру қажеттігіне тоқталды. Ал жазушының аяулы жары Раиса Хисматуллина өмірлік жолдасы жайлы жүректегі жылы лебіздерін жеткізген жұртшы­лыққа алғыс айтып, ыстық ықыласын білдірді.

Алматы Ақшамы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір