• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 02:44:20
Алматы
+35°

06 Қазан, 2017 Алаш-Орда

«Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады»

«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден»

Таяуда Семей шаһарында Алаш қозғалысының  100 жылдық мерейтойына орай, ұлт көсемі, белгілі мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхан  ескерткішінің ашылу салтанаты болды.

Сонымен қатар,  өткен жылы “Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын”, - деп ел тәуелсіздігінің жолына басын тіккен  Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның   15 томдық  шығармалар жинағы жарық көрген еді. Біз осы еңбектерді парақтай отырып, ел  көкірегіндегі  көптеген сауалдың жауабын Алаш басшысының мол қазынасынан  тапқандай болдық. 

Ең бастысы, осыдан  бір ғасыр  бұрын  қазақ зиялылары  көтерген ұлттық  мәселелердің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың   ұлттық сананы жаңғырту бағытындағы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру“   мақаласымен үндестік табуы.

Алаш көсемі, публицист  Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханмен “жүргізілген” рухани сұхбатты  назарларыңызға ұсынамыз.

– Тәуелсіз ел болу - Алаш арманы. Осы асыл мұратқа жету үшін қазақ халқы  не істеу керек?

– Біздің іздегеніміз – Алаштың аты бәйгеден келгені.  Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар.

Бостандыққа қуансаңдар, мені басшымыз деп айтқандарың шын болса, міне, мен – өле-өлгенше сендерге қызмет қылуға уәде беремін, сендер уәде бересіңдер ме бостандықтың жолымен болуға? Бостандықтың жолымен болсаңдар: бишараны жемеуге, партияны қойып, бірігуге, бас пайдасы мен жұрт пайдасын бірдей көруге, барлық күштеріңді ғылым жолына, бостандық арқасымен көгеру жолына жұмсауға керек. Міне, бостандық болғалы осыларды қылып отырған шығарсыңдар. Осыларды қылмасаңдар, бостандық өзінен-өзі сендерге түк әкеп бермейді.

 Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау.

Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар, төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр: есікте қалмай, төрге тырмысалық. Басқалар төрге қалай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік.

Бұл тіршілік үлкен талас, бір бәйге: жүйрік алады, шабан қалады. Жүйріктік ақыл, ұсталық — жаһитшілікте. Еріншек-езге – жол, бәйге, сыбаға, мүше жоқ.

Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады.

Бірліктен айырылған – ел қаңғып қалады.

– Ұлттың рухани мәдени  дамуының негізгі жолдарын атап өтсеңіз.

– Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниедегі жер билігі күннен күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады. Еуропада ұлы патша атанған жұрт, халықтың ақылды-ұсталығына сүйеніп ұлы патша болып отыр. Біздің қазақ жерін мұжық алғанда табан ет, маңдай теріне сүйеніп алып отыр.

Қыр халқы ғылым-білім жайып жатқан һәм өздері  ғылым-білімге көңіл бөлген себебінен кешікпей-ақ жақсылықты біліп, еңсесін көтеруге аяқ басар, өздерінің сүйектеріне берген ақылы-санасы болған соң, сол заманда болған балаларымыз бізден ақылды болып, біздің заманымыздағы аталарымыздың қылғандарын көріп таң қалар, я ойламай қатырар.

Білімге – жақсы да, жаман да жоқ. Білім – алмас  қанжар.   Кім  қолына  алса,   соның  қолы,   салып  қалса, жақсы-жаманды айырмай, басты алып түседі.

Рухани мәдениеттің бір белгісі – жалпы оқу, газета, кітап оқып, ғылым жолын тану, қол жеткені ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу.

Оқуда жүрген жастарға жәрдем қылу – жұрт борышы деп білсек, бұған мойын ұсынсақ, енді мұны іске айналдыру шарасын қылу керек. Бізден рухани мәдениеті озған жұрттың бұл туралы салған қысқа жолы бар. Біз де сол жолға түсу жөн. «Жәрдем» қауымының ісін бастауға, атқаруға таза пікір, талап, жаһұт қана шарт. Менің жоруымша, бұл іс қолынан келетін жігіттер қазақта осы күні бар.

– Жер басты байлығымыз ғой. Алаш жұртының  Жер Анаға деген ұстанымы қандай болу керек?

–  Жер – десе дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі негізгі ғұмыр мәселесінің ең зоры. Жер ісін: «ала қашты, тартып алды, тиіп кетті» қылмай, ақылмен, сабырмен атқарған оң.

Жерсіз халықтың өз алдына ұлт болып жасай алмайтындығы белгілі. Жерін жоғалтып, біріккенде, қазақ не опа табады? Не қазақ болмай, не түрік болмай, «жер мен көктің ортасында асулы қалатын пақырсыз ораза» сияқты болады.

Қанша құрбандық берсек те, қашан алсақ та, жерлі автономиядан бергіге ешкіммен бітісе қоймаспыз! «Халық сөзіндей» біз дүниеден үмітімізді біржола кесіп кете алмаймыз. Ақырында болса, ауыр да болса, жерлі автономияға қарай жол сала береміз. Жолдың пайдасын қазіргі буын көрмесе де келешектегі буын көрер. Бізге жерлі автономияның идеясы қымбат.

Біздің қазақ жақсы жерін алты бөліп, 4-іне егін салып, 2-сіне пішен шауып, мал бақса, осыны көтерер. Жылда басқа, көзге төпелеп, жаңа келген хохолша жыртса, жылдан жылға астықтың шығымы кем болып, жер иесі қазақ жерін тоздырып, қаңғып қалар.

Қазақ жұрт қызметшілерін түзетпесең, жұрт болып шаруға айналып жарыспасаң, мұжыққа жер закон арқылы емес, тіршілік жарысы арқылы кетеді. Оралдағы башқұрт ағаңша жерді мұжыққа тиын-сиынға қызығып жалдап қойып, ақыр-соңында сол мұжықтың сиырын бағасың!

– Елге тұлға болып жүрген азаматтардың ұлт  алдындағы жауапкершілігі қандай болу керек?

–  Кім шебер болса, жалықпай талмай ізденсе, бірігіп – тізе қосып, әдіс қылса – ғұмыр бәйгесі сонікі. Қазақ тып-тыныш жатып, еріншек, еш нәрсе қылмайды деп ойламаңдар! Олар қайратты, жұмыстың бәріне жарайды. Бірақ оларды қозғау керек.

Жалғызбын, азбын демей, бізден бұрында өтіп кеткен, біз не қыламыз демей, аспай-саспай, тасымай іс қылса, адам баласының қолынан келмейтін іс болмайды. «Тамшы – тас теседі».

Жұрт үшін қиядағы қиынды алған, жұртқа қызметі май болған Халамидің ғұмыры бақытты жігіт ғұмыры ғой! Жүйрік, қыран күшін қиянға салса, жұрт мақсатын орнына апарса, мұнан артық не бақыт бар, бауырлар!

Адам баласы істеп жүрген ұсталықтың ең оңайы етік тіккен, міні, бұ да кім болса соның, кез-келгеннің қолынан келмейді, бұ да етікшіні күтеді. Саясат ісі – адам баласы істеп жүрген ұсталықтың ең қиыны, етікке қылатын амал тарамыспен бітеді, саясат жолында тарамыс орнында адам баласы. Тарамыс та шеберді күтеді.

Байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздемей, жұртты тонап, момынды жылатып іздеген мырзалар, қысты күні үңгірде жатып, өз аяғын сорған аю мысалында ғой, қанша қомағайланса да, сорғаны – өз аяғы.

Аз адам атқа міндім деп қасқыр болып жұртқа шапса, мұндай жұртта береке қайдан болсын?

Елдің тұрмысын,  тілін,  мінезін білмеген кісі – көш басын да алып жүре алмайды.

Жүйрік, қыран күшін – қиянға салса, жұрт мақсатын орнына апарса, мұнан артық не бақыт бар, бауырлар!

Бізде бірлік болып,  іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті!

– Ұлт ұрпағына айтар өсиетіңіз ...

–  Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден.

Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек.

Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар.

Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу – аш түйенің күйсеуі сынды дәрменсіздік.

Біздің  әрбір  ісіміздің  негізі  – бос,   өмір  – қысқа. Оқығандарымыз бар – қалтасы тесік, байларымыз бар – төбесі тесік. Екеуі бір жерге желімдесең де қосылмайды.

Бейнет ете беріңіздер, ағайындар, табан ет, маңдай теріменен қылғандарың арамнан дәурен сүргеннен жақсы! Құдайға сеніңдер – Құдай деген қор қалмас!

Бұрынғының көбі – күш-қуатты тиісті орнына жұмсамай, бірінің көзін бірі шұқудан уақыты артылмады, істегенінің бәрі жәбір, залым болды, қалғанының бәрі зорлық-зомбылық еді. Егер тарих оқысаң, пайдасы бар істің қандай екенін біліп, соны істемекшіміз! Зарарлы істен қашпақшымыз! Бұрынғының оңды ісінен үлгі алмақшымыз!

Алаштың азаматтары! Ақсақ қойдай басқадан кейін қалғанымыз ба? Жоқ, қалмас амалын іздеп қамданамыз ба? Қалмаймыз десең, қарап жатпалық. Көп іске – көп болып жабылайық!  Ұлық іс – ұсақтан ұлғаяды. Кірпіш зор емес, қаласаң қандай зор үй шығады. Шөпшектеп жиып, шөмеледей илеу істейтін құмырсқаны көрмейміз бе?

Алла Тағала Құран Кәрімде: пайдалы орынға өздеріңнің сүйген нәрселерің мен малдарыңды шығармай тұрып ізгілік, жақсылық деген нәрсеге жетісе алмайсыңдар - деп бүтін адам баласын шын көңілімен ұлт ісіне қызмет етуге қызықтырады.

 Сұхбаттасқан  Дәулет Тілеубердиев

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір