• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 17:14:08
Алматы
+35°

21 Мамыр, 2018 Ғылым-білім

Бір әріп үйреткен ұстазға өмір бойы тағзым ет!

Топырлап қалмақтардай айғай шумен жүретін біздің сынып бұл апайдың сабағына кіргенде молдаға ұйыған жамағаттай үнсіз қалатынбыз.

Ұстаз деген ұғымның қасиетін қанша сөзбен әрлесең де жеткізе алмасың анық. Тек бұл есімді алдағы жетістіктеріңмен ғана ұлықтай аласың дегенге келісемін. Қазір кішкентай ғана қиырда мекен тепкен Күншалған ауылына қарасты  мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Сәдуақасова Гүлбаршын Анасқызы туралы қалам тартпақпын. Әрине кез келген ауылды мекендегі оқушылар, табиғаты әсер еткеннен бе, әйтеуір, әдебиет, қазақ тілі секілді гуманитарлық пәндерге икемді келеді ғой. Тек дұрыс жол көрсетсең болғаны, ал осы бағытта жөнді бағдар беретін ол ұстаз. Педагог дегеніміз жаңа ұрпаққа ғасырлар бойы жинақталған барлық бағалы дүниелерді беріп, жалған сенімдерді, кінәраттар мен кеселдерді бермеуге тиісті адам. Дәл қазіргі сәт санамнан сарқып шыққан ойлар, бір арнаға тоғысар емес, өйткені айтқым келетін жайт өте көп. Менің қазіргі шабуыма себепші болған да осы тұлға болғандықтан, айтарымды қағазға сыйдыра алмаймын ба деп зәразап болып отырған кейпім осы.

Топырлап қалмақтардай айғай шумен жүретін біздің сынып бұл апайдың сабағына кіргенде молдаға ұйыған жамағаттай үнсіз қалатынбыз. Ол ұстаздың ораторлық қабілетінің жоғарғы шегі деп пайымдадым. Сол кісі арқылы қазақтың ақын жазушыларын таныдық. Бұл – аса маңыздысы. Апай ешқашан ақын жазушыларды бөліп жармайтын, оларға деген құрметі ерекше болатын. Өзінің мамандығын ерекше құрметтейтін, бұл өзін де ерекше құрметтейді деген сөз.

Қазір екі сөздің басын құрап мақала шимақтап отырғанымның өзі сол адамның арқасы. Ұлағатты ұстаз өмірге басқаша көзқараспен қарауды үйретті. Мектеп оқушысы ретінде емес, әр балаға тұлға ретінде қарап, адам болсын деген тілегі болды. Бұл нағыз педагогтың ұстанымы деп топшыладым. Бәйгеге жаратқан жылқыдай бізге бар білгенін үйретіп түрлі кіл жүйріктердің додаларына қосатын. Ал бәйге аттарының арасына түскен болдырма аттың өзі намысқа тырысып шауып кететіні белгілі ғой. Гүлбаршын Анасқызы дәл өзім жетістікке жетер жолда ешқашан берілмеуді үйретті. Талай жарыстарда омақасып түскен кездерім, жүлделі болған күндерім де болды. Сол сәтте қолдау білдіріп кішкентай оқушының бетін қақпай, белін буып жігер берген бұл ұстазға деген шәкірттік алғысым шексіз.

Айта берсең көп енді. Бір тілім ұшында тұрған жайт. Жерден таяқ жеп жүрген кішкентай балаға қазақтың дана тұлғасы Абайдың қаншама өлеңдерін жаттатқаны не деген ерлік дерсің. Жыл сайын бар жаттаған өлеңдерді жинақтап аудан орталығына саудаға шыққан ана мен баладай баратынбыз. Сондағы тауарымыз ұстаздың үйреткен білімі мен жеңіске деген сенімі. Бала кезден үлкен жарыста топқа түскен жеткіншек, өмірінде де сол қылықты әдетке айналдырады екен. Дарынды деп даралап, белгілі бір кескіннен шығарып, өмірден өз жолымды табуға дәнекер болды. Міне, мен үшін нағыз мұғалімнің міндеті – осы.

Қазір Елбасы бастауын ашқан бағдарламалар өте көп. Оның ішінде мұғалімдердің мәртебесін көтеру туралы көптеген бастама көтерілгені белгілі. Осы орайда ұстаз деген тұлғаның әр тамшы маңдай тері ұлықталатыны, ешқашан ұмытылмайтынының дәлелі.

Ал маған дейін, менен кейін де қаншама оқушыға қазақ тілі, әдебиет пәнін үйретіп, білім нәрімен сусындатқан Сәдуақасова Гүлбаршын Анасқызына айтарым: Бүгінде екі баланың анасы, аяулы әже атанған ұстазымызға алдағы өміріңізде шәкірттеріңіздің бағындырған белестерімен шаттанып, жұмысыңызда толағай табысқа жетіңіз. Денсаулығыңыз мықты болып, Қазақстанның үздік ұстазы болыңыз. Сіз бұған әбден лайықтысыз!

Гүлбаршын Анасқызы

Уатхан Қабылтайұлы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір