• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 14:27:19
Алматы
+35°

19 Қыркүйек, 2017 NEWS

Былтыр 33 мың 754 этникалық қазақ тарихи Отанына оралды

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова көші-қон саясатының жаңа тұжырымдама жобасын таныстыру барысында баяндады

Өткен жылы елімізге 2016 жылы 16 мың 417 отбасы немесе 33 мың 754 этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, оралман мәртебесін алды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ведомство мәліметінше, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 8 есеге көп.

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова көші-қон саясатының жаңа тұжырымдама жобасын таныстыру барысында баяндады. 

Жобада мемлекет басшысының Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында министрлікке берген тапсырмалары қарастырылған. Оған сәйкес, этникалық қазақтарды тек көшіріп алу мәселесін ғана емес, сонымен бірге олардың әлеуетін тұрғылықты жерінде қалдыра отырып пайдалану мүмкіндігі ұсынылады.

Айта кетсек, Қазақстанға келген оралмандардың көпшілігі, яғни, 65,5% - Өзбекстаннан келген. Сондай-ақ, 24,9% - Қытайдан, 3,2% - Түрікменстаннан, 2,7% - Моңғолиядан, 3,7% - өзге елдерден оралған қандастарымыз.     

Олардың басым бөлігі, яғни 33,9% - Оңтүстік Қазақстан облысына, 25,4% - Алматы облысына, 10,6% - Маңғыстау облысына, 5,8% - Жамбыл облысына, 24,3% - еліміздің өзге өңірлеріне қоныстанды.        

Елге оралған қандастарымыздың 65,4% - еңбекке қабілетті жаста болса, 16 жасқа дейінгілері – 28,6%, зейнеткерлер - 6% құрайды.

Еңбекке жарамды этникалық қазақтардың 10,8%-ның жоғарғы білімі бар болса, 20,3%-ында орта арнаулы білім бар, 65% - жалпы орта білімі бар азаматтар, ал 3,9%-ның білімі жоқ.

"Бүгінде елге оралған қандастарды Атажұртқа ұтымды қоныстандыру мақсатында оларды қосымша еңбек ресурстарын қажет ететін аймақтарға жолдау шаралары қабылдануда. Яғни, шет елде тұрып жатқан этникалық қазақтарды, оның ішінде білікті мамандар мен жетістікке жеткен адамдарды тарту үшін жеке электрондық дерекқор жасау қарастырылып отыр. Сондай-ақ этникалық қазақтарға уақытша еңбекпен қамту үшін, жұмыс берушілерге рұқсатты жеңілдетілген тәртіппен тегін берілуде. Осыған орай Жұмыспен қамту орталықтарының функционалын кеңейту ұсынылып отыр. Аталған орталықтар оралмандармен де, ішкі қоныс аударушылармен де "бір терезе" қағидатымен жұмыс істейтін болады", - деді министрліктегілер.

Еске сала кетейік, өткен жылы этникалық қазақтардың қайта оралуына кедергі келтіретін бірнеше проблемалар өткен жылы қабылданған Заң аясында өз шешімін тапқан болатын. Дәлірек айтсақ, бүгінде этникалық қазақтарға оралман мәртебесі, қоныстану аймағына қарамастан, 1 жыл мерзімге берілуде. Сонымен қатар, олардың ҚР азаматтығын алу мерзімі төрт жылдан бір жылға дейін қысқартылып, тұрақты тұруға рұқсат алғаннан кейін бірден азаматтыққа құжаттарын тапсыру мүмкіндігі қарастырылады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір