• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 14:50:30
Алматы
+35°

07 Қараша, 2017 Ұлы көш

Белгілі меценат Асқар Жәкулин тірі болғанда бүгін 52 жасқа толар еді

Асқар Әнуарұлының туған күнінде оны білетін сағынған жұртпен бірге құрметтеп, еске аламыз.

Асқар Әнуарұлы ұзаққа созылған науқастан 2016 жылы 2 ақпан күні Қытай астанасы Бейжіңде мәңгілік сапарға аттанды.

Бір жыл бұрын марқұмның туған күніне орай Qamshy.kz Асқар Жәкулиннің жары Жайна Жәкулинаның «Жүректі елжіретер хатын» жариялаған болатын.

Ал, жылдық асында Асқар Әнуарұлына 50 жылдығында берілген «Тарбағатай ауданының құрметті азаматы» атағы отбасына табысталды.

Өмірі туралы айта кетсек, оның екі тегі де қаракөк болған. Өзінің атасы ­Жәкулә Күшікұлы 1885 жылы Омбыдағы фельдшерлік техникумді бітірген. Сол замандағы патша армиясының әскери дәрігері болған. 1909 жылы сол кездегі Прожевский (Қырғыз жерінде) губерниясының хатшысы деңгейімен қызметтен босап, туған жері - Ақсуатқа қайтқан. 20 жылдары Алаш қозғалысымен ниеттес, тілектес болғаны үшін қудаланып, ақыры балаларын-ауылын алып, қарулы қарсылықпен Шәуешекке өткен кісі. 1933 жылы Шәуешекте белгісіз жағдайда оққа ұшқан.  Жәкуланың інісі - Әбілмәжін де 1912-1917 жж. Варшава мал дәрігерлік институтын бітірген кісі. 1936 жылы алашшыл "халық жауы" ретінде атылған.

Асқардың нағашы тегі де Қу дауысты Құттыбай би, Байғара би, Ақтайлақ би болып, Абылайхан заманынан бастау алатын әйгілі тұлғалардан келеді.(Құттыбай мен Ақтайлақ 1761 және 1773 жылдары Қазақ хандығының елшісі ретінде Пекинге барып, Чин императорымен келіссөз жүргізген кісілер) Ал Асқардың әкесі Әнуар, оның ағасы ­Мағауия Қытайдағы үш аймақ үкіметінің белді кадрлары болған, ол жақта Іле қазақ автономиялы облысы құрыларда екеуі екі аймаққа басшы болған адамдар. Ал анасы - Бәтима Жәкулина да өз ғұмырында үлкен лауазымды қызметке жеткен жазушы, шешен тілді аса тәрбиелі, беделді адам болған.

Асқар өзі Қытайда туып-өскен, біраз жыл Германияда тұрды. Кейін Қытайға қайта келіп, Пекинде үлкен жеке меншік құрылыс компаниясын құрып, ірі ғимараттар тұрғызды. Бай болды, үйленді. Сөйте тұра сәбилі болар сәттерінде Пекинді, байлықты бәрін тастап, жары Жайнаны жетелеп, Тәуелсіз Қазақстанға - Алматыға біржолата оралды. Онымен сұхбаттас, сырлас болған азаматтар оның соншама терең білімді екенін, Еліне, ұлтына, ұлттық мемлекетіне деген сүйіспеншілігі шексіз екенін, және оның биік мәдениетті әрі жайсаң азамат екенін біледі. Ол атымтай жомарт,­ үлкен меценат еді, әрі керемет іскер ұйымдастырушы еді. Қазақстанға келгеннен кейін, ол «Асай» деген компания құрып,­ оны биік қаржылық мекемеге айналдырды. ­Ірі мәдени шараларды ұйымдастырды.

Оның өсиет хаты «Қамшы» порталында жарияланған. Асқар Жәкулин бірнеше тілде (қытай, неміс, ағылшын, түрік және өз ана тілінде ) еркін сөйлейтін. Елге оралған соң қазіргі кириллица жазуымен қоса орыс тілін де жақсы меңгеріп алып еді. Ұйғыр тілінде де әдемі әзілдер айтып, шалқая шашылып күлетін.

«Мен үшін өмірімдегі ең керемет оқиға - Қазақстанның тәуелсіздік алуы, ең ұлы шешімім - Қазақстанға қоныс аударуым» деп келетін марқұмның ақтық хатында. Қазақстанның тәуелсіздік алуы шетелде ғұмыр кешіп жатқан 5 миллионнан астам қазақтың өміріндегі керемет оқиға. Ел елге оралу әрібірінің ұлы арманы.

Асқар Әнуарұлы өмірден өткен соң Жайна Жакулинаның «Асқар Жәкулин атындағы қайырымдылық қоры» Қазақстан көлемінде науқас балаларға көмек көрсетіп, ауруханаларға жабдықтар сыйлап ірі көлемдегі медициналық қайырымдылық жасаумен айналысып келеді.

Асқардың өмірі мен атқарған ісінен отанға,  ұлтқа деген ұлы сүйіспеншілік көрініп тұратын. Біз, Асқар Әнуарұлының туған күнінде оны білетін сағынған жұртпен бірге құрметтеп, еске аламыз.

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір