• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 12:16:36
Алматы
+35°

17 Қазан, 2017 Ұлт болмысы

Байрағымыз – Бөрі. Ұранымыз – Алаш

Қасқыр тотемінің бейнесі көшпелі башқұрт халықтарының мифтік әңгімелерінде, шежірелік аңыздарында сақталған

Бұған дейін Qamshy.kz ақпарат агенттігі "Байрағымыз – Бөрі. Ұранымыз – Алаш"-тың  1-ші бөлімін жариялаған. Енді 2-ші бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. 

ІІ. БӨЛІМ. «БӨРІ»-ден БАЙРАҚҚА

 Қандай іс немесе бастама болсын алдымен идея түрінде пайда болады. Қазақылық салтта белгілі бір идеологиялық шатырдың астында өсіп-өнгені, дамығаны сөзсіз  және оның ірге қазығы берік, діңгегі мықты болуы тиіс еді. Далалық өлкелерде тәуелсіз, еркін өмір сүру салтын қалаған қазақылық мүддеге қызмет ететін идеологиялық құралды тотем бабаларға деген наным-сенім атқарды. Түркілердің тотемі - далалық өңірдегі ең жыртқыш, азулы, әрі азатшыл аң қасқыр.

Қасқыр тотемі туралы әңгімелер ғұндар, көк түріктер, үйсіндер, оғыздар сынды ежелгі халықтардың көне мифтерінде сақталған. Айталық, Қытай жазбаларында сақталған ғұн мифтерінің бірінде ғұндар - хан қызы мен қасқырдан тараған ұрпақтардан өсіп-өнген халық. Ал ендігі бір тұсында қасқыр – ғұндар жаулап алған көне Үйсін елі билеушісінің баласын емізіп, құтқарып қалған киелі аң.

ҮІ ғасырда тарих сахнасына дүркірей көтерілген көк түріктер де өздерін ғұн тайпасының ханзадасын асырап алған қаншық қасқырдан тараған Ашина тайпасының ұрпағымыз деп деп санаған. Ашина тайпасы түркілердің билеушілер династиясы болған. Л. Гумилевтің жазуынша, «Ашин» сөзі екі түбірден тұрады. «А» түбірі - қытай тілінде құрметтеу префиксі. Екінші түбір «шина»- моңғолша «шоно, чино» сөзі. Бұл қасқыр дегенді білдіреді. Демек, «Ашина» - «қадірлі бөрі» дегенді білдіреді.

Көк түркілер қасқырды ерекше құрмет тұтқан. Мысалы, Құтылық қағанның әскери гвардиясы «бөрілер» деп аталған және олардың жау келгенде көтеретін  байрағына да алтынмен зерленген бөрінің басы бейнеленген. Түрік қағанаты тұсында тастан қойылған Бугут қорымындағы белгіде (стела) қасқырдың бейнесі бедерленіп, оның бейнесі көркем жыр жолдарына түседі. Бұл поэтикалық образды Орхон-Енесей жазба ескерткішіндегі Күлтегін жырынан көруге болады. Жырда түркілердің әскері бөріге теңеледі:

Әкем қағанның әскері

бөрідей бопты

Жаулары қойдай бопты.

            Қасқыр тотемінің бейнесі түркілердің бір бұтағы оғыздардың да фольклорлық мұраларында да сақталған. Мысалы, оғыздардың көне жыры «Оғызнамеде» қағанды жеңісті жорықтарға бастайтын аң - көктен түскен көкжал. Ежелгі қыпшақтардың да қорғаушы бабасы – қасқыр. Жорыққа аттанар алдында қыпшақтар бөріден көмек тілеп, жалбарынады. ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы қыпшақтардың арасында ел билейтін хандар шығып отырған Елбөрі атты мәртебесі жоғары тайпа болған.

«Моңғолдың құпия шежіресінде»: «Қара түнде қасқырша аулап, Жарық күнде қара қарға болып», - деген жолдар кездеседі.  Мұнда «Қара түнде қасқырша аулап» деген тіркес ханға аталмыш кісілердің соғыс, жорық кезінде атқарған істерін білдірсе, «жарық күнде қарға болып» деген жол бейбіт өмірде көрсеткен қолғабысының, жанашырлық істерінің  сипаты ретінде беріліп тұр.       

Қасқыр тотемінің бейнесі көшпелі башқұрт халықтарының мифтік әңгімелерінде, шежірелік аңыздарында сақталған. Онда қасқыр бірде башқұрттарды жаңа қонысқа бастап келген киелі аң болса, енді бірде қаншық қасқыр сұлу қызға айналып аңшы жігітке тиеді. Одан туған бала Башбөрі атанып, сол сол рудан башқұрттар тарайды.

Қазақтың батырлық жырларында «бөрідей тиді», «бөрідейін түн қатып» деген жолдар жиі кездеседі. Тіпті, атақты Алпамыс жырындағы Байбөрі мен Қарақыпшақ Қобыланды батыр жырындағы Құртқаның есімінде қасқыр ұғымының жүруі кейдейсоқ емес. Түркі халықтарының дала жыртқышы қасқыр (бөрі) бейнесі қазақтың жауға шапқанда жауынгерлік рухын оятатын байраққа бедерленген:

Бөрілі менің байрағым,

Бөрілі байрақ көтерілсе,

Қозып кетер қайдағым, - деп жырлайды атақты Сүйінбай ақын.

БЕЛОРТАДАҒЫ ТҮЙІН. Көшпелі тірлік құрған жауынгер, азатшыл түркі халқының бір ұрпағы қазақтардың байрағына бөрінің басы рәміз ретінде алынуы – көне рухтың белгісі. Ол рух  «біз көк бөрінің ұрпағымыз» деген ұғымды береді Қазақ - көне түркілердің елдің рухын жігерлендіретін  бөрілі байрақ рәмізін сақтап қалған халықтың бірі. Аталмыш мысалдар мен талдаулар Сүйінбай ақын жырына бөрі бейнеленген байрақтың не себептен кестеленгенін анық ұғындырады деп ойлаймыз. Ендігі кезекте жауға қарсы бөрілі байрақ көтерілгенде, сол байрақтың бойына жан бітіретін «Алаш» ұранының  түпкі мағынасына зер салайық.

Шыңғыс Алаша

Жалғасы бар...

"Ұлт болмысы" байқауына арналған шығарма

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір