• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 03:30:31
+35°

03 Сәуір, 2018 NEWS

Бас прокуратура: Қазақ тілін білмейтін шенеуніктер жауапқа тартылмайды

Бұл нені білдіреді? Бұл Елбасы бұйрығының ешқандай да заңдық күші жоқ, небәрі хаттамалық тапсырма ғана екенін білдіреді.

Биыл 26 ақпанда президент Нұрсұлтан Назарбаев «Парламент пен Үкіметтің жұмысы тек қазақ тілінде жүргізілуі керек» деп нақты тапсырма берген болатын. Осыған байланысты Qamshy.kz ақпарат агенттігі Бас прокуратураға ресми сауал жолдаған еді. Араға ай салып, жауап келді.

«Прокуратура туралы» ҚР Заңының 6-бабына сәйкес, прокуратура мемлекеттік мекемелер мен өзге де ұйымдардың заң шеңберінде әрекет етуін қадағалайды. Оның ішінде тіл заңнамасы талаптарының орындалуына бақылау жасау да прокуратураның құзыретінде.

«Қамшы» порталына жолдаған хатында Бас прокуратураның баспасөз қызметі: «ҚР Конституциясы бойынша мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», - деген сөзге ерекше екпін беріпті.

Ресми хаттың орта тұсында: «Мемлекеттік тілді білмеу үшін ҚР Заңнамасында ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған», - деп елеусіздеу ғана жазылыпты. 

Бұл нені білдіреді? Бұл Елбасы бұйрығының ешқандай да заңдық күші жоқ, небәрі хаттамалық тапсырма ғана екенін білдіреді.

Ақиқатына жүгінсек, осы уақытқа дейін мемлекеттік билік бір бөлек те, мемлекеттік тіл бір бөлек, әрқайсысы өзінше тірлік кешіп келді. Қазір де жағдай түзеліп кеткені шамалы. Тек президенттің пәрменінен кейін сең қозғалғандай көрінген.

«Ендеше мұнша байбалам салатындай не болды?», - дейтін шығарсыз. Оның мәнісі бар. Ойлап қараңыз, президенттің тапсырма бергеніне бір айдан енді асты. Шенділер сөз таба алмай қиналса да, тілдері келмей тұтықса да, әйтеуір қал-қадерінше қазақша сөйлеп жүр (бірен-саран орысша сөйлейтіндер бар, оларды келесі мақаламызда жіпке тізіп береміз). Алайда бірер айдан соң бұл бастаманың да ұмытылуы (нақтырақ айтсақ, ұмыттырып жіберуі) әбден мүмкін. Сол кезде Үкімет пен Парламенттің қайтадан орысша сайрай жөнелмесіне кім кепіл?

Қазірдің өзінде Үкімет пен Парламент отырысында болмаса, өзге жиындарда орысша шүлдірлейтін басшыларды көріп жүрміз.

Сонымен, Бас прокуратураның жауабынан ұққанымыз – қазақша сөйлемейтін шенеуніктерге ешкім шара қолданбайды. Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді білмегені үшін қызметінен қуылмайды, жылы орнынан айырылмайды.

Нұрсұлтан Назарбаев екі жыл бұрын ресми мекемелерде мемлекеттік, яғни қазақ тілінде ғана жауап беру үрдісін сынаған еді. 2016 жылғы 16 ақпанда Алматыдағы бір жиында: «Маған жеткен ақпараттар бойынша, орыс тілді адам мекемелерге барып орысша сөйлесе, ол қазақша жауап алады. Кім бұған рұқсат берді? Прокуратура неге Қазақстан заңдарының бұзылуын тексермейді? Егер ол орысша өтініш жасаса – орыс тілінде жауап алуы тиіс…» деген болатын. Президенттің пікірінше, билік өкілінен өтініш жасаған тілде жауап ала алмау — «заңсыздық». Назарбаевтың бұл сөзін әлеуметтік желі қолданушылары түрліше қабылдап, әрқалай түсініктеме бере бастаған.

Мемлекеттік органдар да Елбасының бұл пікірін сол сәтте іліп әкеткен болатын, ал Елбасының Үкімет отырысы қазақ тілінде өткізілуін тапсыруы қызу талқыға түскен жоқ. 

Ал Үкімет пен Парламенттің бір күнде тіл сындырғаны уақытша, науқандық құбылыс болуы ықтимал. Жалпы біздегі жақсы үрдістердің ғұмыры қысқа келеді. Сондықтан президент тапсырмасын заң жүзінде шегелеп қоюымыз керек. Әйтпесе қазақ тілін шетке қағып, орыс тілін оздырғысы келетіндер әлі көп.

Aigerim Taubay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір