• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:14:44
Алматы
+35°

27 Мамыр, 2017

БАРША АЛАШТЫҢ ҰЛЫ БОЛҒАН «АЛАШҰЛЫ» ТОБЫНЫҢ КЕШІ ЕЛІН РУХТАНДЫРДЫ

26 мамыр күні қазақ елінде, қазақ жерінде қазақтың нағыз азаматтары қойған ұлы кеш өтті. «Бізбен бірге» деп аталатын қайырымдылық шоу концерті...

26 мамыр күні қазақ елінде, қазақ жерінде қазақтың нағыз азаматтары қойған ұлы кеш өтті. «Бізбен бірге» деп аталатын қайырымдылық шоу концерті залға жиналған дүйім жұрттың жүрегін басталмай жатып жаулады.

Алашұлы тобы – 2009 жылы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының қабырғасында құрылған ұлттық дәстүрді ұлықтаған музыкалық топ. Бүгінде бар қазаққа танылып үлгерген. «Бір атаның емес, барша Алаштың ұлы болайық» деген ниеттегі азаматтардың басты мақсаты – жастардың рухын көтеріп, қазақтың ұлттық өнерін кеңінен насихаттау, қазақ елін жаһанға таныту. Бүгінгі таңда ұмыт болып жатқан термелер мен жырларды қайта жаңғырту, тарихымызды ұлықтау. Сол мақсаттарына жетті де. «Бізбен бірге» кеші соның нақ айғағы. Ата салтын ардақтаған «Алашұлының» әндері жұрттың делебесін қоздыратын мәнерімен бірден жүректерді жаулап алды. Үстіндегі ұлттық киімдері де, билері де «Алашұлы» деген атқа лайық жарасып, ерекше өзіндік стильдерін таныта білді.

«Батырлар ұраны», «Гиккәй», «Угәй», «Елім менің аңсаған», «Жүрегім қазақ», «Бізде бәрі қазақша», «Тұраным», «Пай-пай», «Махамбеттің жыры», тағы да басқа әндері қазақ жерін түгел шарлап, жүректерге жетіп, рухтандыра білген ұлы күшке ие. Сол күшті халыққа сездіре алған «Алашұлы» тобының жігіттерінің орны Алаш жұрты үшін қашан да биікте.

«Бізбен бірге» шоу концертіне жиналған жұрттың бір де бірі немқұрайлы отырмады, бәрі атсалысты, әншілермен қоса ән шырқады, биледі,  шапалақты ұзақ соқты. Себебі жігіттердің әндері халықтың жүрегіне жетті. Кішкентай ғана «Алатау» дәстүрлі өнер театрында қойған кештері әп сәтте үлкен шоуға айнала кетті.

Топ әншілерінің «ендігі кешімізді Республика сарайында дүркіретіп өткізгіміз келеді» деген ақ арманын дүйім жұрт қолдады.  Өздерін алар асуы алда екенін айтады Алаштың жігіттері. 

Қамшыгер: Гүлім Жақан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір