• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 12:16:29
Алматы
+35°

15 Қаңтар, 2018 Сегіз өрім

Бақытжан Сағынтаев кешірім сұрай ма?

2016 жылы қанша шенеуніктің жауапқа тартылғанын сұраған. «2900 лауазымды тұлға» деген еді сонда Қ.Қожамжаров.

«Сегіз өрім бұзау тіс, былшылдамай аттан түс!» дейтін қазақы тәмсілдің қисынымен «Қамшының» бетінен «сегіз өрім» атты айдар ашып тастадық. Бірақ бірден ескерте кетейік, бас жарып, көз шығармақ ойымыз жоқ. Әлдекімдерге «Аттан түс!» деуден де аулақпыз. Әйтседе бұл айдар қарашаның есебінен «нан жеп» жүрсе де, халықтың мұң-мұқтажын ұмытып кете беретін атқамінерлер үшін ашылғанын жасырғымыз келмейді. Егер өзі сұранып тұратындар кезіксе, сыбағасын беруге де даярмыз. Ал әзірге Атыраудан ескен лептің екпінімен үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевты сипай қамшылап қойғанды жөн көрдік.

Күні кеше Атырау қаласының әкімі facebook әлеуметтік желісі арқылы жұртшылықтан кешірім сұрап, бүй деді: «Орайы келгенде айта кету керек, соңғы кездерде БАҚ мен әлеуметтік желілерде екі бірдей коммуналдық қызмет көрсету мекемелері басшылары мен қалалық ТҮКШ бөлім басшысының орынбасары қамауға алынғандығы туралы ақпарат қызу талқыға түсуде.

Қазір бұл азаматтардың барлығы қамауға алынып, сот процесін күтуде. Олардың кінәлілік деңгейін сот анықтайды.

Айта кету керек, коммуналдық қызмет қөрсету саласындағы басшылық қызметте болған бұл азаматтардың жауапкершілікке тартылуы мені қатты қынжылтты. Қала басшысы ретінде мен бұл жағдайлардың орын алғаны үшін тұрғындардан кешірім сұраймын!. Біз өз қатарларымызда жемқорлықпен күресті үдетіп, абыройымызды нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеу үшін барымызды салатын боламыз!».

Серік Шапкеновтің бұл сөзін ақпарат құралдары бір-бірінен ала қашып, жарыса жариялап жатыр. Неге? Өйткені қоластындағы қызметкерінің кеңірдегіне ие бола алмай, бәлелі іске шатылуы – бірінші басшының абыройына келген үлкен нұқсан. Оны түсіне білген адамның халықтан кешірім сұрауы да сондай жарасымды көрінеді. Көптің алдында кішірею, кемшілігіне кешу сұрау – кемдіктің емес, кемелдіктің нышаны. Мұндай сөзге жұрттың іші жылиды. Көңіл түкпірінде әкімге деген сенім ұялайды. Билік пен халықтың арасы тым алшақтап кеткен қазіргідей кезеңде бұл өте қажет-ақ.

Енді осы бір жағымды жаңалықты Атыраудан Арқаға бұрып, Бақытжан Сағынтаевқа қарай сырғытып көрейікші. Үкімет жемқорлықтан ада ма? Қайдағы! Шонжарлардың жемқорлықпен тұтылуы әлі жалғасып келеді. Қ.Қожамжаров Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қожалық етіп тұрғанда, дәлірек айтқанда, 2017 жылдың ақпан айында президент одан 2016 жылы қанша шенеуніктің жауапқа тартылғанын сұраған. «2900 лауазымды тұлға» деген еді сонда Қ.Қожамжаров. Күйінген президент оларды сатқындарға теңеген. Енді сол сатқындардың қаншасы Б. Сағынтаевтың тұсында аймақтардан емес, үкіметтің маңынан құрықталды? "Қазақстан инжиниринг" АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков,  Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорының бұрынғы төрағасы Руслан Ерденаев, Ауыл шаруашылығы министрлігінің комитет төрағасы болған Сақташ Хасенов секілділерді есептемегенде, бір Қ.Бишімбаевтың өзі не тұрады?! Рас, Қуандық Бишімбаев үкімет тізгінін Бақытжан Сағынтаев ұстамай тұрғанда министр болып тағайындалған. Алайда өзіне ұнамаған министрді төбесінен түртіп отырып, топтан шығарып жібермесе де, оның кондитатурасын талқыға салуға премьер-министр әбден  құқылы еді. Олай етпеген жағдайда, санаулы министрінің бірі жемқорлықпен шатылып жатса, бетінің қызылы бар үкімет басшысы ұяттан өртеніп кетуі тиіс-тін.

Оның үстіне, жемқорлық індеті еліміздегі ішкі және сыртқы қауіпсіздікке жауапты министрліктерді ерекше дендеген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, алдыңғы орында Ішкі істер, Әділет Қорғаныс министрліктері тұр. Азық-түлік қауіпсіздігінің әуресімен айналысатын Ауыл шаруашылығы министрлігі де алдыңғы қатарда.

Ауыл шаруашылығы дегеннен шығады, кезінде М.Өміряев құрықталғанда сол тұстағы министр А.Мамытбеков «Орынбасарымның кінәсі дәлелденсе, орнымнан кетемін» деп елді елең еткізген. Министрдің мұнысы ұжданы мығым кісінің ұстанымдай көрінген. Бірақ М.Өміряев сотталса да, А.Мамытбеков орнынан қозғалмай қойды. Ол аграрлық саладағы «талқаны таусылғанда» ғана креслосын А.Мырзахметовке босатып бергені есте. Сөйтіп, қарамағындағы қызметкерінің қылмысы үшін өзін жазалау, өзін де айыпты санау іс жүзінде былай тұрсын, сөз жүзінде де айтылмай кетті.

«Ой, сендерде қызық екенсіңдер, Б.Сағынтаевқа кешірім сұратқалы жүрген» деп әлдекімдердің бізге күле қарайтынын да ішіміз сезеді. Бірақ мұның себебі бар. Үкімет басшысының әр шенеуніктің саусағын аңдып, қойын-қонышын ақтарып отырмайтыны рас. Алайда Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік құзыретінің бір парасын  парламент пен үкіметке үлестіруі Б.Сағынтаевтың заманымен тұспа-тұс келді. Мұндай мүмкіндік кешегі премьер К.Мәсімовте де, оған дейінгілерде де болмаған. Жобада үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін күшейтуге қатысты тармақтар бар. Ендігі жерде ішкі және сыртқы қауіпсіздікке жауапты министрліктердің басшыларынан басқасын тағайындауға келгенде премьер-министр президенттің аузына қарап отырмайды. Әрине, жаңа министр парламенттің таразысынан өтіп барып қана іске кіріседі. Бірақ онымен тікелей жұмыс істеу, қылтың-сылтың қылығы болса, жынын қағып алу – Б. Сағынтаевтың шаруасы.

Дегенмен құзыреті күшейген немесе алдағы уақытта күшейе түсетін бүгінгі үкімет дербес тірлік жасауға дайын ба? Халықпен етене жұмыс істеуі тиіс билік тармағының ел алдындағы абырой-беделі қаншалық? Жұрдай десек, әлдекімдердің «өті жарылып» кетуі мүмкін. Бірақ соған жақын екені анық. Мәселен ойлап қараңызшы, неге біздің елімізде полицейден қысым көргендер, жалақысын ала алмағандар, жазықсыз жапа шеккендер тек президенттен ғана араша сұрайды. Неге президенттен ғана әділдік іздейді? Айталық, полицияның заңсыз әрекетіне күйінгендер Ішкі істер министрі Қ.Қасымовқа немесе Қ.Қасымовты қыр желкесінен бақылап отырған Б.Сағынтаевқа неге жүгінбейді? Өйткені жұрт сенбейді. Үкімет пен оған бағынышты министрлік басшыларының, әкімдердің қаңбақ құрлы салмағы жоқ деп ойлайды. Күні кеше Арыстанбекпен алысқан Тұңғышбайдың табан тірер жер таппай, президентке мұң шағуы да соның дәлелі. Әйтпесе, Мәдениет министрінің тікелей басшысы Б.Сағынтаев емес пе еді?!

Бұл нені білдіреді? Жұрттың үкіметке және оның басшыларына үміт арта алмайтынын білдіреді. Үміт деген дүниенің өзі көкейдегі сенімнен балаласа керек. Ал сенім болуы үшін не керек? Әрине, ашықтық, тазалық керек. Тазалыққа қылау түскен жерде, оны мойындау, Құдайдан кейінгі орында тұрған халықтан кешірім сұрау – сол сенімді қайтарудың бір шарты.

Әңгімемізді өзгеге емес, үкімет басшысына арнауымыздың тағы бір мәні бар. Б.Сағынтаев өзге шонжарларға қарағанда, жұртқа біршама сүйкімді тұлға. Әсіресе ілгеріде айтқан бір сөзі әлі күнге жұрттың құлағында жүр. Ол кезде Б.Сағынтаевтың К.Мәсімовке орынбасар болып жүрген кезі. Жұмыс сапарымен Оңтүстікке келген шенді журналистерге сұхбат береді. «Енді осы айтқаныңызды орыс тілінде қайталап берсеңіз» дейді ғой тілшілердің бірі сонда. Ал Сағынтаев не дейді? Бүй дейді: «Мақтааралға, қалың қазақтың ортасына келiп орысша сұхбат бермеймiн, қазақша айттым, содан аударып алыңдар!». Осыны естіген қалың қазақ «Ойпыр-ай, Сағынтаевтың сондағы сөзі-ай!» деп күні кешеге дейін «көпіріп» жүрді. Бірақ қашанға дейін айта берсін, ол сөз де солғын тартты қазір.

Иә, сонымен не айтқымыз келді? Сізді қайдам, қарамағындағы қызметкерінің пара алғаны үшін жоғарыдағы басшысының халықтан кешірім сұрауы жемқорлықпен күрестегі тың әрі ең нәтижелі тәсіл секілді көрінеді бізге. Себебі еш кінәсі болмаса да, басшыларының халықтан кешу тілеп, екі беті оттай лаулап тұрғаны өзге қызметкерлерге неге сабақ болмасын?! Кешірім сұраған кісінің өзі де кезекті мәрте ұятқа қалмас үшін бақылауды күшейтпей ме. «Бұлақ басынан тұнады» деген, мұндай әдістің өзге жерден емес, үкіметтен басталғанынан жақсы не бар?!

Әрине, премьер-министр түс көрген адам құсап 2017 жылғы былықтарға 2018 жылы кешірім сұрап тұрмайтыны анық. Бірақ құлқынын құрт жегендер бишімбаевтармен бітпейді ғой. Демек бірдеме дегісі келетін адамға мүмкіндік талай туады әлі. Мәселе – Сағынтаевтың соны қалай пайдаланатынында ғана. 

Сансызбай Нұрбаба

Sansyzbai Nurbaba

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір